үздік мәдениет үйі uzdik madeniet ui

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы, облыстық ғылыми әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы өңірдегі мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру мен дамыту мақсатында облыс көлемінде «Үздік мәдениет үйі» байқауын жариялаған болатын. Аталмыш байқауға қатысқан қаламыздағы «Өнер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны үздік деп танылып, жеңімпаз атанды.

Байқау үш шарт бойынша жүзеге асты. Бірінші мәдениет үйі жайында толық ақпарат қамтылған портфолио әзірленіп, мәдениет үйінің директоры презентациялық жоба қорғайды, екінші модернизациялау жұмыстары бойынша «Болашақ мәдениет үйі» жобасы таныстырылады, үшінші «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары негізінде клуб жұмысына қатысты ерекше, тың жобалар тыңдалады.

Бұл ретте байқаудың үш шарты бойынша «Өнер» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Мұнайшы» мәдениет үйінің қызметі мен жасалып жатырған жұмыстар толыққанды қамтылды.

«Мұнайшы» мәдениет үйінде 26 өнер ұжымы мен 36 үйірме жұмыс жасайды. «Халықтық» атағы бар 11 ұжым,  яғни «Гүлдәурен», «Аяла», «Шұғыла» би ансамблдері, «Асыл-Мұра», «Домбыра сазы» фольклорлық ансамбльдері мен «Мерей» вокалды аспапты ансамблі, «Керуен», «Ай-Ару», «Әжелер» ансамблі және «Алтын шаңырақ» драма ұжымы бар. Мәдениет үйінің өнерпаздары кез-келген деңгейдегі шараларға белсенді араласып, халықтың рухани және эстетикалық өсуіне қызмет етеді. Мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырып, концерттер, поэзия кештерін, кәсіби мерекелерді атап өту, мейрам күндеріне мерекелік іс-шаралар, ақындар айтысы, мүшайра, сурет салу, көркем сөз оқу, қолөнер, шығармашылық кештер, түрлі байқаулар т.б. өткізу тікелей міндеттері. Өткен жылы ауқымды шараларды Амал мерекесін тойлаудан бастап, жыл соңына дейінгі қаламыздың 50 жылдық мерейтойы аясындағы барлық шараларға белсене атсалысты. «Береке басы – бірлікте» аймақтық ақындар айтысы, «ART FASHION-2018» көрмесі, «Жаңаөзен кеше, бүгін» фотографтар байқауы, «Жаңаөзен – жастығымның куәсі» ретро фестивалі, «Әкем, анам және мен» отбасылар сайысы, «Елу жылда – ел жаңа» республикалық Жайдарман ойыны, қаламыздың 50 жылдық мерейтойына арналған гала-концерт те жергілікті өнерпаздардың, аталмыш мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Ұйымның осы уақытқа дейін жеткен жетістігі, шыққан белесі мен алған асулары ауыз толтырып айтарлықтай. Мәдениет үйінің атына берілген марапаттардан бөлек, мамандардың, үйірме жетекшілерінің еңбегі бағаланып, бағындырған белестері үшін әртүрлі дәрежедегі сыйлықтар саны толассыз. Бұл ордада тәрбиленген шәкірттер де жүлделі орындардан көрініп, қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары атанған.

— Жаңаөзендіктер мен қаламызға келген қонақтардың мәдени демалысын ұйымдастырып, ұлттық салт-дәстүрімізді дамыту, халықтың рухани мәдениетін көтеру және жергілікті өнерлі азаматтардың шығармашылықпен айналысуына жағдай туғызып, көпшілік алдында ерекше қабілетін паш етуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ, қала деңгейіндегі кез-келген шараны ұйымдастырып, жоғары деңгейде өтуіне атсалысатын біздің ұжымның еңбегі орасан зор. Осы еңбегімізді облыс бойынша байқауда дәлелдеп шықтық. Алдағы уақытта, мәдениет үйінің қызметін дамыту мақсатында өнер, мәдениет галереясын жасау, ұлттық қолөнер үйірмелерін – ұмытылған шеберлерді дайындау, жастарға өсиет-өнеге беретін «Аталар клубын» құру, мәдениет үйі тұрғындар үшін демалыс және даму орталығы болуы үшін жағдай жасау және мәдениет үйін заман талабына сай жабдықтау қажет деп білемін, — дейді «Өнер» МКК директоры Дина Өтебаева.

Облыс бойынша мәдениет саласында үздік танылған өнер ордасына шығармашылық табыс, ерекше ойлар мен тың жобалары көбейе берсін деймін. Өнерпаздарымыздың жетер жетістіктері көп болғай.

Жанайым ЖАРЫЛҚАП

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз