Президент кабинеті

Жаңа жылды, жаңа оқу тоқсанын жақсы жаңалықтармен бастаған №1 орта мектеп сәрсенбі күні Тұңғыш Президент кабинетінің ашылу салтанатын өткізді. Айтулы шараға ауданымыздың белсенді тұрғыны Азанғали ағай мен Алуаш  әжей және аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлзада Мурадалиева мен білім үйлестіру орталығының директоры Рахат Жасақова, аталмыш мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Мерекеге келген қонақтарды үлкен салтанатпен қарсы алуды әдетке айналдырған мектеп ұжымы осы шараға аянып қалмаған. Мектеп оқушылары жыр шумағын арнап, ән­-күйін орындап, той­-думанмен бастады.

Алғашқы сөз тізгіні аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлзада Мурадалиеваға берілді. Ол алдымен мектеп ұжымын салтанатты шарамен құттықтап, ауданымызда төртінші болып ашылғалы отырған Тұңғыш Президент кабинетінің еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеуде үлкен орын алатындығын да атап өтті.

Салтанатты лента қию рәсімі Азанғали ағай мен Алуаш әжейге беріліп, ұлттық дәстүрмен шашу шашылды.

Ашылған кабинеттің іші талапқа сай безендірілген. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы, тәуелсіз еліміздің іргесін бекітудегі еңбектері, қазақ елінің Президенті туралы, оның ұшан-­теңіз еңбектері туралы жазылған кітап­тар қойылған. Қабырғада отбасы туралы, ел басқарған жылдардағы тарихи суреттері, еңбек жолы, қорыта айтқанда Президенттің өмірінен сыр шертетін суреттер орын алған. Сонымен қатар әлем елдері көшбасшыларының пікірлері көрсетілген. Жиналған қауым кабинетті тамашалап, осы мектеп қабырғасынан Президентіміз сияқты болашақ ел азаматтары мен білікті, білімді жастардың көптеп шығуына тілек білдірді.

Гүлнара ТАСБОЛАТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз