Ақтау қаласында жер кезегінде тұрған азаматтарға типтік үйлер салынуы мүмкін. Салынатын тұрғын үйдің шаршы метрі 120 мың теңгеге бағаланбақ. Бұл жөнінде ӨКҚ өткен брифингте Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ақтауда жер кезегінде тұрғандар үшін типтік үйлер салынуы мүмкін

Ақтау қаласында жер кезегінде тұрған азаматтарға арнап типтік жобадағы тұрғын үйлер салынуы мүмкін.

Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының айтуынша,  Ақтау қаласында жер кезегінде тұрған 70 мыңнан астам тұрғынға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ақшұқыр, Сайын ауылдарының шығыс бетінен типтік жобадағы үйлер салыну жоспарда бар.

«Ақтаудың бас жоспарында жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесі қаралмағандықтан бұл мәселе осылай шешілмекші. Cалынатын тұрғын үйдің шаршы метрі 120 мың  теңгеге бағаланады. Бірақ тұрғын үйді алу немесе алмау жөнінде адамдардың өздері шешеді», — дейді Есемұрат Дүзмағамбетов.

Айта кетелік, Маңғыстау облыстық жердің көлемі-16564,2 мың гектар. Ал ауыл шаруашылық жер 5228,0 мың гектар болса, елді-мекен жер 1098,0 мың гектар екен.

«Өндірістік жер 245,4 мың гектар. Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен емдеу-сауықтыру мақсатындағы жер 223,4 мың гектар. Ал орман қоры жерлері 253,2 мың гектар болса, босалқы жер 9501,9 мың гектар болып тұр», — деді ол.

Ақкенже БЕРКЕНОВА

Көрнекі сурет Фергана news сайтынан алынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз