Бекіре балықтың
Көрнекі сурет сайт архивінен

«Бекіре балықтың бес кеспесі» далада жатпайтыны айдан анық, яғни оның заңсыз жолмен ауланатыны да белгілі жайт. Ал сол қылмыстық жолмен заңсыз ауланған балықтың сатып алу немесе тауып алып, тасымалдап жүрудің қылмыс екенін көп жағдайда азаматтар біле бермейді немесе қасақана осындай әрекеттерге барады. Осындай қылмыстық құқық бұзушылыққа барған азаматтарға ҚР-ның Қылмыстық кодексінің арнайы бабында қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бүгінгі айтпағымыз, аудандық соттың ашық сот отырысында қаралған осындайын қылмыстық іске қатысты.

«Балық ресурстары мен басқа да су жануарлардың, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 наурыздағы №303 қаулысының 25-тармағына сай өсімін молайту кәсіпорындарын (мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде), ғылыми-зерттеу үшін аулауды жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарын, бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға квотасы болған жағдайда мемлекеттік монополия субъектісін қоспағанда жеке және заңды тұлғаларға бекіре тұқымдас балық түрлерін аулауға тыйым салу енгізілген.

Азамат Р.З. 2018 жылдың 13 тамызында сағат 22:30 шамасында Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы маңынан «Каспий» теңізі жағалауынан барлық салмағы 20 келі болатын 8 дана бекіре тұқымдас балықтарын тауып алу арқылы заңсыз иемденіп, өзінің басқаруындағы мемлекеттік тіркеу белгісі kz 333 КMA 12 «Ford Explorer» маркалі автокөлігінің жүк салғышына салып алып, заңсыз сақтап, тасымалдап, 14 тамызда сағат 01:25 шамасында Ақтау қаласындағы үйіне жеткізу үшін алып келе жатқан кезінде Сайын Шапағатов селолық округінде орналасқан «Исатай-Махамбет» азық-түлік дүкенінің қасында полиция қызметкерлеріне ұсталған.

Сот отырысында Р.З. өзіне тағылған айыпты толық мойындап, жасаған іс-әрекетіне өкінетінін айтып, жеңіл жаза қолдануды сұрап айғақ берді.

Азамат Р.З-дан алынған 8 дана бекіре тұқымдас балықтарының жалпы салмағы 20 келі екені анықталды. Маңғыстау облысы бойынша балық шаруашылығы бөлімінің балықты қарау туралы 17 тамыздағы шығын есебіне сай сотталушыдан алынған 20 келі бекіре тұқымдас балығы арқылы мемлекетке келтірілген шығын 4 810 000 теңгені құрайтыны анықталды.

Сот Р.З-ның іс-әрекетін ҚК-нің 339-бабына сай пайдаланылуына тыйым салынған жануарларды сатып алу, тасымалдау деп таныды.

Түпқараған аудандық сотының үкімімен Р.З. ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабымен кінәлі деп танылып, оған бап бойынша 4 810 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалды.

Үкім күшіне енгесін іс бойынша дәлелді заттар 8 дана жалпы салмағы 20 келі бекіре тұқымдас балықтардан түскен қаражат мемлекетке өткізілді. Қылмыс құралы ретінде мемлекеттік тіркеу белгісі kz 333 КMA 12 «Ford Explorer» маркалі автокөлігі мемлекет пайдасына тәркіленді.

Үкім заңды күшіне еніп, орындалды.

Бұл бір ғана істің мысалы, 2018 жылы қаралған қылмыстық істердің 20,1 пайызы осы істердің үлес еншісінде.

Бекіре заңсыз бизнеске айналған заманда қарт Каспийге келер экологиялық ахуалды ойлап жатырғандар некен-саяқ. Ну орман аң құсынан айырылса құлазитыны сияқты, қарт Каспийдің жан-жануарының мейлінше азайуы қауіпті экологиялық факторларға алып келмесіне кім кепіл?

Болашақ ұрпақ еншісі — Каспий теңізінің баға жетпес байлығы бекіре балығының қорын көбейтуге әр азамат өз үлесін қосуы тиіс.

К. БӨЛЕЕВ,
Түпқараған аудандық сотының бас маманы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз