Сурет stroika.in.ua алынған

Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында адам өміріне қолайлы жағдай туғызып, халықтың талап-тілектерінің жүзеге асуын, әл-ауқатының жақсаруын өздерінің алтын қолдарымен жасап келе жатқан қоғамдағы үлкен, әлеуетті жұмыс күші – құрылысшылар. Құрылысшылардың еңбек ізі мыңдаған тұрғын үй мен түрлі қызмет көрсету ғимаратында, мыңдаған мектеп пен балабақша, аурухана мен емханада, мыңдаған шақырым жол мен су құбырында сайрап жатыр. Құрылысшы мамандығы елімізде ең қажетті де құрметті мамандық. Олардың қажырлы еңбектері әрқашанда құрметтеуге лайық.

Бүгінгі замандас айдарының кейіпкері — Маңғыстау ауданының гүлденуі мен көркеюіне жас та болса өз үлесін қосып келе жатқан Абзал Сисенбайұлы болмақ.

Сисенбайұлы Абзал

Абзал 2009 жылы Б.Жұмалиев атындағы орта мектепті бітіріп, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне құрылыс мамандығы бойынша оқуға түседі. Қара жұмысқа ысылған ауыл баласының кішкентайынан бұл салаға деген қызығушылығы басым. Оқуды бітірісімен алғаш еңбек жолын аудандық құрылыс бөлімінде инспектор қызметіне орналасады. Міне, осы тұстан бастап жігерлі жас маманның жұмысы қыза түседі. Мамандығына келгенде үйренуден еш жалықпаған ол, ертелі-кеш нысанының басынан табылып, қатардағы қарапайым жұмысшы ретінде өзін жақсы жағынан көрсете біледі. Тұщыбек ауылына, 15-бекетке ток тарту жұмыстарының басы-қасында болып, ауданның құрылыс саласының өркендеуіне зор ықпалын тигізеді. Өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін тиянақты атқарып, басшылықтың сенім үдесінен шыға білген ол — биыл маусым айынан бастап құрылыс бөлімінің бас маманы. Қазір де ол ауданымызда күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектеп, мекеме ғимараттары, сондай-ақ басқа да нысандардың жүргізілу барысын қадағалап отырады.

Еңбек еткеніне ұзақ уақыт болмаса да әр жылдары аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Н.Жаңбуршиевтың Алғыс хатымен, 2017 жылы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Яғни еткен еңбегі ескерусіз қалған жоқ.

Иә, негізі мамандық атаулының барлығы да құрметті.

Себебі адам баласы қай салада қызмет етпесін оның абырой, беделін сол еткен еңбегі арттырады. Осы тұрғыда абыройлы еңбек етіп жүрген замандасымыз Абзал Сисенбайұлына тек биік шыңдардан көріне бер демекпіз.

Айгүл РАХМЕТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз