Маңғыстаулық самбошы Нүркен Домбаев әлем чемпионатынан күміс жүлдені иеленді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Қазақстан құрама сапында 52 келі салмақта бақ сынаған «Жас батыр» спорт мектебінің түлегі Нүркен Домбаев алғашқы кездесуін аргентиналық палуанмен өткізді. Ол қарсыласын 12 секундта накаутқа жіберген. Ал екінші белдесуде Өзбекстан балуанын ауырту әдісі арқылы 11:2 есеппен жартылай финалға жолдам алған.

Маңғыстаулық самбошы Кореядан күміспен оралды

Нүркен жартылай финалда Моңғолиядан келген палуанмен күш сынасса, финалдық белдесуде ресейлік палуанмен күресті. Финалда маңғыстаулық самбошы аяғының жарақаты салдарынан Ресей палуанына есе жіберіп, күміс медальға қол жеткізді.

Маңғыстаулық самбошы Кореядан күміспен оралды

Самбодан ерлер, қыздар және жауынгерлік самбодан әлем чемпионаты 8-10 қараша күндері Корея елінің Чхонджу қаласында өтті. Үш күнге созылған дүбірлі додаға 80 елден 500-ден аса спортшы қатысты.

Айта кетейік, Қазақстан құрама командасы 4 күміс, 5 қола медальді қоржынға салды. Жалпы командалық есепте 3-орынды қанжығасына байлады.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді «Жас батыр» спорт мектебі ұсынды