Бүгінгі таңда әрбір ата-ана баласын жан–жақты, білімді, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сондықтан жастайынан бастап әртүрлі қосымша үйірмелерге береді. Өйткені үйірмелерге қатысу арқылы балалар белгілі бір өнерді үйренеді. Қоғамға бейімделіп, қатарластарымен араласады. Бүгінде мұнайлы Жаңаөзен қаласында балалардың білімін жетілдіретін, өнер мен спортқа баулитын қосымша үйірмелер көп. Олардың арасында жекеменшік  ақылы үйірмелер де жетерлік. Дегенмен, 40 жыл бойы үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан, талай шәкіртке өнер мен білімді үйретіп, болашаққа қанат қақтырған «Оқушылар шығармашылық үйінің» орны қашан да ерекше.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында қосымша білім беру — оқушыларды жан-жақты жетілдіру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту жүйесі ретінде көрсетілді. Жас жеткіншектердің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына мектептен тыс білім беру жүйесі мен тәрбиенің тигізер үлесі ерекше. Жаңаөзен қаласындағы «Оқушылар шығармашылық үйінің» педагогикалық ұжымы да балалардың шығармашылық дамуына көп қызмет етіп келеді. Тәрбиеленушілерінің дарынды болып өсіп, өмірлік қабілеттілігін дамыту үшін түрлі заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану кез келген ұстаздың басты мақсаты. Шығармашылық үйдің үйірме жетекшілері де осы мақсатпен қызмет етуде. «Оқушылар үйін» «балдырғандар әлемі» деп атауға да болады. Бүгінде оқу орталығында 7 аула клубы, 3 бағыттағы, техникалық, спорттық, көркем-гимнастикалық бөлімдер қызмет етеді. Балдырғандар әлемінде 67 білім беру педагогы жұмыс істесе, үйірмелер саны — 88, үйірме мүшелерінің жалпы саны 5360 баланы құрайды.

«Оқушылар шығармашылық үйі» МКҚК қосымша білім беру Қазақстан Республикасының үздіксіз білім жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы негізінде жұмыс жасайды. 1979 жылы іске қосылған Пионерлер үйі, 1999 жылдан бастап қалалық білім бөліміне қарасты «Оқушылар шығармашылық үйі» мемлекеттік коммунальдық қазыналық кәсіпорыны қаламыздағы балалар мен жасөспірімдерге мектептен тыс қосымша білім беретін бірден-бір мекеме.

Қазіргі таңда мекеме жанынан 7 аула клубтары: «Шаңырақ» шағынауданынан «Мұрагер», «Шұғыла» шағынауданынан «Жас ұлан», «Самал» шағынауданынан «Жас талап», «Көктем» шағынауданынан «Жігер», «Өркен» шағынауданынан «Жеткіншек», Рахат ауылынан «Алау», Теңге ауылынан «Жұлдыз» аула клубтары жұмыс жасайды.

Мекеме басшысы Асқар Молдабеков, оқу ісі меңгерушісі Тамара Битимова, мекеме әдіскері Қамарсұлу Жаңатілеуова, ұйымдастырушы Әлия Изтұрғанова, сондай-ақ оқушыларды халықаралық, республикалық, облыстық конкурс, спорттық сайыстарға дайындап жүлделі орын иелеп, биіктен көрініп жүрген қосымша білім беру педагогтерінен Гүлжахан Нұржанова, Гаухар Маденова, Гүлбақыт Кулшыкова, Жәмилә Байгулова, Арман Сұлтанбаев, Ералы Абдыров, Асылбек Исмағамбетовты атап өту орынды. Осындай ұстаздардың  елеулі еңбегінің нәтижесінде 2018 жылы «Оқушылар шығармашылық үйі» «Үздік білім беру» мекемесі атағын жеңіп алды.

«Оқушылар шығармашылық үйі» негізігі оқу-тәрбие принциптерін бағдарға ала отырып дербес, кемелді, шығармашыл, өз ойын жүзеге асыра алатын тұлға тәрбиелеу, оның бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін төмендегідей мақсаттар мен міндеттерді алға қояды. «Көркем сөз» үйірмесінің жетекшісі Әлия Изтұрғанова «Үздік маман-2019», Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» шығармашылық орталығының Алтын медалі иегері атанды. Әлияның шәкірттері бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарға қатысып, бас жүлде, І, ІІ орын иегерлері болып жүр. Оқушыларынан Нұртас Бауадин, Перизат Рахманбериеват, Гүлжанат Айсаларды ерекше атап өтуге болады.

«Кудо» үйірмесінің  педагогтері А.Сұлтанбаев Арман, Е.Абдыров Ералы О.Бекмағамбетов оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануға өз үлестерін қосып, бірнеше дүркін чемпион дайындаған мамандар.

Өнер мен білім ордасы

«Джиу-джитсу» үйірмесінің қосымша білім беру педагогі Исмағамбетов Асылбек Рахманбердиевич өзінің шәкірттерінің спортқа деген қызығушылығын арттырып, оларды чемпион дәрежесіне дейін жеткізуге еңбектеніп жүрген  жетекшілердің бірі. Шәкірттері: Орынбасар Мухаммадраян «Панкратионнан» Азия чемпионатының қола жүлдегері, Жолтаев Аманжол Азия чемпионы, Меңдігерей  Мұхаммад Ұлттық спорт жекпе-жек түрінен Қазақстан чемпионы, Жарылғапов   Шалабай Грэпплингтен Қазақстан чемпиоы, Тлеппай Жарас-НФС турнирінің жеңімпазы, Кужбаев Алибек Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы.

«Ұлттық би» үйірмесінің жетекшісі Гаухар Маденова — «Інжу» би ансамблін басқарып, «Күншуақ» республикалық фестивалі мен «Нұрлы жастар» республикалық байқауының Гран при иегері, Облыстық «Каспий жұлдыздары» конкурсының Гран при, І орын, Республикалық Мега фестивальден бас жүлде, «Бала дауысы» Республикалық байқауының І орындарын алып, биіктен өз еңбегімен көрініп жүр.

«Эстетикалық би» үйірмесінің педагогі Гүлбақыт Кулшыкова «Айназ» би ансамблінің жетекшісі. Аталған би ансамблі «Ақкөгершін» республикалық би байқауы, сондай-ақ Халықаралық фестивальдерге қатысып Гран при, бас жүлде, І орындарды қанжығасына байлап жүр.

Осындай үйірмелер қатарынан «Көркем гимнастика» үйірмесінің жетекшісі Жамила Байгулованы атамай кетуге болмас. Жамила кішкентай бүлдіршіндерді әртүрлі сайыстарға дайындап, облыстық, қалалық конкурстардан жүлделі орындарға ие болуда.

Өнер мен білім ордасы

Сондай-ақ ОШҮ-нің «Робототехника» үйірмесінің де жетістіктері өте көп. Үйірме жетекшілері Гүлсім Жылгелдиева, Амангүл Түгелбайқызы, Сәуле Бисултанова, Гүлзада  Есенғалиева облыстық «Робототехника» бойынша Қаз Робототикс, BRO аймақтық робот, РОБО Маңғыстау-2019 сайыстарында оқушылары жүлделі орындарға ие болып жүр.

Биылғы оқу жылында жаңалықтың бірі мекемеде цифрлық-электрондық IT кабинеті іске қосылып, балаларға шығармашылықпен жұмыс жасауға мүмкіндігін туғызады.

Әрине, бір мақалаға оқушылардың жетістіктері мен ұстаздарың атқарып жүрген еңбегін сыйғызу мүмкін емес. Ең бастысы мұнайлы қаланың намысын қорғап, атын шығарып жүрген шәкірттер-еліміздің ертеңгі тізгігін ұстайтын азаматтар. Осы бағытта аянбай тер төгіп келе жатқан «Оқушылар шығармашылық үйінің» ұжымына толағай табыс тілейміз.

Гүлсім МҰРЫНОВА