Роза Тайманқызы Айдарбаева

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұлттық өнерді ұлықтау мақсатында танымал күйші, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», «Құрмет» орденінің иегері, ұстаз-профессор Роза Тайманқызының күй өнерін ұлықтаудағы даралығымен танысу мақсатында «Ұлттық өнерді ұлықтаған Роза қыз» атты мәдени-танымдық кеш өтті.

Роза Тайманқызының жеке заттарынан көрме жасақталып, сахналық костюмі, әкесі Тайман Айдарбаевтың домбырасы, «Маңғыстау маржандары» кітабы, «Коммунизм таңы» газетінде жарық көрген мақала қиындысы қатысушылар назарына ұсынылды.

Таушық елді мекенінде дүниеге келген Роза күй тартуды әкесі Тайманнан үйренді. Өмірін өнер жолына арнаған қыз Гурьев музыка училищесін, Құрманғазы атындағы Ал- маты консерваториясын тәмамдап, осы өнер ордасының киелі қабырғасында жас талапкер күйшілерге дәріс берген. Ұстаздық міндетті туған өлкеге оралған соң да жалғастырып, өлке музыкалық училищесінде оқытушылық қызмет атқарған.

Маңғыстау домбырашылары арасында орны биік Роза өнерінің өзіндік ерекшелігі бар. Ол – осы түбекте өткен Абыл, Есбай, Құлшар, Есір, Қоңыр сияқты атақты халық композиторларының күйлерімен ауызданып, әке өнегесін көрген консерватория тү­легі. Кейінірек білімді маман, домбырашы – белгісіз күйлерді жинап, нотаға түсірумен айналысқан зерттеуші. Әрине, ең алдымен «Маңғыстау маржандары» және «Ақжарма» фольклорлық ансамблінде бірнеше жылдар қызмет атқарған шебер орындаушы.

Кештің алғы сөзінде музей директоры Тамара Қалмырзақызы: – Көмескі тартқан көне тарихқа қарап отырсақ, күй құдіреті – көшпелі қазақ халқының мәдениетін дамытуға дем беріп, өнерде дүмпу тудырған дара құбылыс. Күй – бұл күнде жүздеген жылдар бойында жетілген, талай тәжірибеден өткен саз­сана мен рухани талғам биігінің көрінісі, кіршіксіз сұлулықты жалықпай іздеудің пісуі жеткен мәуелі жемісі, – деген пікірін білдірді.

Кездесу үстінде оның шәкірттері «Өнер» колледжінен Берік Сатов Құрманғазының «Төремұратын», Дидар Пердебекова ұста­зының «Балдырған» күйін, Аягөз Төремұ­ратова «Гүлқайнар» әнін, ұстаздың өзі әке­сінің «Сағыныш» күйін орындады. Кеш соңында Роза Тайманқызы шәкірттерімен «Адай» күйін қосыла тартып, көп көңілінен шықты.

Кештен соң күйшінің күй өнері туралы лебізін тыңдау бұйырды.

– Мен күйшілер әулетіненмін. Әкем­нің маған шығарған «Сағыныш» күйі, тағы 15-­тей күйі бар. «Нарату-­2» деген кітапқа шығармаларының нотасы енді. Менің де 5-­6 күйім, оның ішінде Әбіш Кекілбаевқа арнаған «Абыз аға» атты күйім бар.

Күйшілік – адамға қанмен берілетін ерекше қасиет. Ол – жүрекпен, көңіл күйдің әсеріне байланысты өрбіп шығатын шығармашылық өнер. Кез келген домбырашы күй шығара алмайды. Әкемнің әкесі Айдарбайды көрдім. 1986 жылы тұңғыш «Балдырған» деген күйім шықты. Ол өз балама, барлық балаға арналып шықты. Ол – балаға арналғанмен орындау техникасы жағынан керемет шеберлікті талап ететін өте күрделі күй.

Өткен жылдың қазан айында бізде күйші қыз-­келіншектердің республика­лық байқауы болды. Еліміздің түкпір-­түкпірінен күй тартып жүрген қыз­-келіншектер қатысып, қазылар алқасы Астана, Алма­тыдан келді. Бас жүлдені Алматы консерваториясының 2-­курс студенті Назерке Базарбаева, Атырау­дан Айнұр Сақупова 1­-орынды жеңіп алды.

Өз жанынан күй шығаратын өнерлі адам бұрын да, қазір де өте сирек. Домбырашылар көп, күйші аз. Тіпті жоқтың қасы. Атадан балаға берілетін қабілет болғасын, күй шығару қиын. Мысалы, атақты күйші шешеміз Динаның 12­-13 күйі бар. Рахаттың 1-­2 күйі бар. Керемет күйші дерлік талант қай уақытта аз болған, себебі күй оңай дүние емес.

Күй деген – философия. За­манның қалпын, тарихын, характерін суреттейтін, жүректен шығатын үлкен мағыналы туындылар. «Боз інген», Динаның «Қара қасқа ат» секілді сұлу, сырлы шығармалар жоқ.

Күйдің алтын ғасыры – ХІХ ғасыр. Қазіргі адамдардан не күтуге болады? Тойға барсаң, басыңды жарып жіберуге жақын тарсыл­ тұрсыл музыка ойнатып қояды. Эстрадалық музыка тыңдап өскен адамдар бірте­-бірте мәңгүртке айналып барады. Ал ескінің күйін тыңдасаң, тебіреніп жылайсың. Далада жайылып жүрген жылқы, от жағып жүрген ана – бұрынғы қазақы өмірдің шынайы суреті көз алдыңа келеді. Қазіргі адамдардың таным­ түсінігі, талғамы өзгерді. Күй тыңдамайды, кино қарайды, эстрадалық әндерді тыңдай­ды, бірақ жастар арасында ұлттық өнерге қызығушылық жоқ емес, күйді түсініп тыңдайтын, орындайтын шәкірттерді дайындап жатырмыз, – деп бітірді сөзін Роза күйші.

Үміт ЖӘЛЕКЕ