домбыра Күй керуен

Қазақтың ұлы сазгерлерінің бірі Дәулеткерей Шығайұлы (1814-1887) Ахаң – Ахмет Жұбанов айтқандай, «төре күйлерінің атасы». Төре күйлерінің өз алдына дәстүр болып орнығуы – хан, сұлтандардың ортасы. Бірақ Дәулеткерей бұл ортада шектеліп қалмай, барша халықпен үндесіп, күй төккен майталман. Ол өмірдің мән-мағынасын сұлтандық шеннен емес, күйшілік өнерден іздеген тұлға. Аса сезімтал сырбаз сазгердің лирикалық, ойлы шығармалары – қазақтың күй қазынасының бір шоқтығы екені даусыз.

Дәулеткерей өзі өнер сұлтандығын құрған Бөкей ордасында ғана қалмай, басқа аймақтармен де өнер байланысында болып, саз шеңберін кеңейткен шебер. Ол тіпті 1855 жылы Петербургке барып, Александр ІІ патшаның таққа отыру тойына қатысып қайтқан. Ұлы Құрманғазымен де кездесіп, екеуі күймен тілдесіп, домбыраның үнімен сөйлескен. Дәулеткерейдің «Бұлбұл», Құрманғазының «Бұлбұлдың құрғыры» атты күйлерінің шығу тарихы сол кездесуден туған. Дәулескер тек Құрманғазымен ғана емес, батыстың талай дүлдүлдерімен кездескені анық. Соның бірі – Маңғыстау саңлағы Өскінбай Қалмамбетұлы (1860-­1925).

Кейбір күй тарихын айтушылар: «Дәулеткерей түрікпен жеріне барған екен», — деп келтіреді. «Түрікпен мен қазақ — жапсар жатқан елдер» дегенді айтады. Ал ол қазақпен жапсарлас көрші болғанда, нақты қай жерімен?! Әрине, қазақтың Маңғыстауымен. Әлгі тарихшылар түрікпендердің географиялық орналасуына мән бермеген. Дәулеткерей түрікпенге барғанда қалай барады? Арада жатқан байтақ Маңғыстауды аттап өте алмайды. Ол кезде топ етіп асып түсетін самолет жоқ, зырлап өте шығатын пойыз да жоқ. Оның үстіне Дәулеткерей қалай болса солай қыдырып жүріп, бара салатын жәй адам емес. Құдайы қонақ болып, «Ассалаумағалейкум!» деп жетіп бару оған жараспайды. Мұндай әрекет оның шеніне және сәніне үйлеспейді. Ол – сұлтан, ұлық адам. Оны әдейі  ізетпен шақырса, баруы мүмкін. Ал түрікпендер оны шақырып па? Құдай біледі, түрікпендер Дәулеткерейді шақыру түгілі оның кім екенін де білмейтінін аңғару қиын емес. Тіпті ол заман түгілі, бұл ағайындардың қазір де Дәулеткерейді білуі екіталай.

Ал ұлы күйшіні дұрыс жол­жоралғысымен, ізет­ілтипатымен шақырғандар – адайлар. Жоғарыда келтірген тарихшылардың айтып жүргені Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйіне байланысты. Әйтеуір, түрікпендерде де «Көроғлы» бар ғой, содан әсер алған деп, қиыстыра салған негізсіз, әншейін әңгіме.

Міне біздің зерттеу, іздеу, байқауымызша, Дәулеткерей түрікпен жеріне ат ізін де салмаған. Оның жеткен жері, «Көроғлыны» естіген жері – Маңғыстау. Естігенде де Өскінбайдан естіген.

Енді әңгіменің жөні былай болып келеді: Маңғыстауда Жанайұлы Қожаназар деген мыңғырған бай өткен. Оның жылқыларының көптігі сондай, табындарының ең соңғы легі Ойдан Үстіртке көтеріліп бара жатқанда, алды Жемнен су ішіп жатады екен, дейтін сөз бар. Бұл Қожаназар – кемеңгер халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың арғы бабасы. КСРО құлаған заманда кеңес билігі тәркілеген дүние, мал­мүлікті қайтару жөнінде әңгүдік әңгімелер шыққаны есімізде. Сол тұста республиканың Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланатын кандидат ретінде елмен кездесуге Әбіш келгенде бір сөзуар оған осы мәселенің шиін шығарған. Сонда жазушы әзілдеп:

– Қалай, енді мен баяғы Қожаназардың малын даулауым керек пе? – деп жұрттың бәрін күлдіріпті.

Сол Қожаназар оның тумалас, ағайындары және ұрпақтары хан ордасымен, жалпы төре әулетімен біршама байланыста болған. Мәселен Әбілқайыр хан Адайға, оның ішінде осы Қожаназардың тумалас руы Табынайға күйеу. Бұл «Көк найзалы Табынай» атанған белгілі батыр ру. Ханның бір әйелі Бопай осы табынайдан, Табылды деген ердің қызы, Орда сарайының сыйлы ханымы. Өмірге Нұралы, Ералы, Айшуақ сынды ханзадаларды әкелген ардақты ана. Кейін Әбілқайырдың қастандық өлімі үшін апаларының назымен оның кегін алып берген де адайлар екені өз алдына басқа әңгіме. Бұл деректер Маңғыстаудың белгілі абызы Алшын Меңдалыұлының шежіресінде кездеседі.

Қожаназар өзінің Шомақ деген баласына байбақты Шолан батырдың қызын алып беріпті. Шолан дегеніңіз әйгілі Сырым Датұлының атасы. Әлгі Алшекең шежіресіне тағы жүгінсек, кейін Сырымға ас бергенде осы Шомақ ұрпақтары нағашыларының асына мың қой, жүз жылқы айдатыпты деген бар.

Біз бұл тұста Өскінбай өскен ортаның, оның Қожаназар бастаған ата, ағаларының (Өскінбай да сол Жаңай руынан) төрелермен және басқа жалпы жоғары батыс аймақпен аралас­құралас байланыста болғанын, олардың Жаңай әулетімен санасып, сыйласқанын тағы да алға тартып отырмыз.

Бұл сыйлас­-санасудың бүкіл батысқа белгілі бір ерен көрінісі – «Ақ киіз – Тоғай» жерінде өткен Қожаназар асы. Бұл ХVІІІ- ғасырдың аяқ шенінде болған деседі, ұрпақтары ұйымдастырған бұл астың ауқымы өте жоғары болған. Тігілген үйлердің және келген қонақтардың көптігі жөнінен қазақ тарихындағы ең ірі жиындардың бірі екені сөзсіз. Және бұған әдейі шақырумен хан Айшуақ келіпті, міне осыдан Орданың адайларға деген көңілін біле беріңіз. Оның келетінін білгеннен кейін бірнеше мың ақ қойдың күзем жүнін алып, шаңқай ақ киіз бастырған. Онымен үйлерді жаптыруы өз алдына, хан пәуескеден түскенде табаны тиетін жерден, кіретін үйіне шейін ақ киіз төселіпті. Астың хан отырған орталығындағы үйлердің араларына және жан­жағына да ақ киіз салынған. Бұл жер – Жем жағасы, кезінде бұталы тоғайлық болса керек және әлгі киізге байланысты «Ақ киіз – Тоғай» атанып кеткен дейді қариялар.

Әңгімемізге қайта оралайық, содан бір жылы жаз шыға осы Жаңай руының бір топ белгілі адамдары Ордаға қарай жол тартады. Көрісу, сәлемдесу және де жәрмеңке, базарлау шаруалары бар. Келгеннен кейін олар сұлтандармен кездесіп, өздерінің арнап әкелген тарту­-таралғыларын ұсынады. Төрелер де алыстан келген қонақтарға жақсы қонақасы беріпті. Сол жиында Дәулеткерей де бар екен. Нұры төгілген әдемі кісі, оның үстіне киімі көздің жауын алады. Дәулеткерейдің керемет күйші екенін білетін адайлар одан домбыра тартуын қолқалайды. Сөз жоқ, екі­-үш күйді төгіп жібереді. Қандай күйлер екені айтылмайды. Әйтеуір, сырбаз сазды дүниелері адайларды тәнті қылған.

Барған жаңайлардың ішінде Қалмамбет бар еді. Бұл елге белгілі өнерпаздар жанұясының отағасы болатын. Екі ұлы Үлкенбай мен Өскінбай, үш қызы Көркей, Шырай және Ақжан – шетінен домбырашылар. Өзі де қара жаяу емес, күй шертетін. Ертеден ұрпақтан­ұрпаққа мирас болып келе жатқан аңыз, шежіре күйлердің ішінде алты «Науайыны» осы алтауы, әкесі және бес баласы отыра қалып бір­бірден тартады, дейді. Сондықтан да олар ел арасында «Науайылар» атанған көрінеді. Алтауын «алты Науайы» дейтін. Бұл дерек аз ғана өзгешелігімен А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» кітабында айтылған (604­ бет). «Науайыларды» жіктеп көрсетсек: «Қарт Науайы»,  «Бала  Науайы»,  «Шар Науайы», «Қақпалы Науайы», «Тамшы Науайы», «Тел Науайы». Осы алтауының 62 бұтағы болған деп те айтады. Ой шіркін-­ай, сол «бұтақтар» тарихтың қатпарында қалды-­ау!

Міне, енді Қалмамбет Дәулеткерейді көріп, домбырасын тыңдағаннан кейін ағайындарына қолқа салды:

– Пай, мына Дәулеткерейді менің балаларым көрер ме еді?!. Бесеуінің де домбырашы екенін білесіңдер. Әсіресе, Өскінбайымның орны бөлек. Осы Дәулеткерейді қонаққа шақырайық та!..-деді.

Бастап келген ру ағасы айтты:

– Иә, біз тек сенің балаларың үшін емес, еліміздің мерейі үшін көптеген төрелерге сөз салғанбыз. Бірақ, олар сылтау айтып, бара алмайтындарын білдірді. Енді Дәулеткерейді шақырып көреміз, – деді. Сөйтіп олар Дәулеткерейге бұйым айтты.

– Уа аса қадірлі Дәке, Дәулеткерей төре, біз Сізді Адай еліне сыйлы қонақ болуға шақырамыз. Батыстың талай жерін араладыңыз, енді бізге де мойын бұрып, ілтипатымызды көрсеңіз, – десті.

– Менің Маңғыстау жөнінде хабарым бар. Оның атақты күйшісі Абылды да білемін. Қазір сұлтандықты қойып, қолым да бос, тек өнерге берілген жайым бар. Бірақ Маңғыстау тіпті қиян шет қой, жас та біразға келді, алыс жолға жарамаспын, – деді.

Сонда адайлар жабырласып қоя берді:

– Ой, Дәке, ол не дегеніңіз. Біз Сіздерді шалдығып, шаршамасын, деп бір ауылды жақынырақ Жылойға, Бақашы жайлауына қондырдық. Тіпті де шаршамайсыз. Сізге арналған соқпайтын жайлы тайпалған жорғалар бар және осыннан пәуеске де аларамыз. Туһ, мырза, сонау Петерборға да барып келгеніңізді білеміз, біздің дайындаған аулымыз одан алыс емес, – деп күлісіп жатыр.

Айта кетейік, осының алдында бұлар бір ауылды алыс Каспийдің түстік жағалауынан көшіріп, әлгі айтқан Бақашы жеріне орналастырған.

– Кім біледі, біз жоғарыдан қайтқанда, шақыруымызды қабыл алса, сыйлы қонақтар еріп келуі мүмкін. Жәй мал баққан ауылға ұқсамай, жақсы сәнмен, тәтті дәммен отырыңдар, – деп тапсырған жол басшылары.

Бұл Бақашы, қазір Құлсарыдан 25 шақырымдай жерде. Жаңай руының бұрын жаз шығатын орны екен. Бақашы аталуының себебі – мұнда ауруларды бақамен және басқа қасиетімен емдейтін, елге көп жақсылық жасаған, емсек әйел тұрған деген мәлімет бар. Осы Бақашыда Жаңай жерленген. Оған 2010 жылғы 4 маусымда Маңғыстаудан және басқа тараптан ағайындар жиналып, осында үлкен ас берді.

Шақырушылардың әлгі сөздері Дәулеткерейге ұнады.

– Әй, адайлар, пейілдерің жақсы екен, оны қайтаруға болмас, барсам, барайын, – деп келісім берді.

Содан қайтатын шерулі жол басталды. Дәулеткерей өзінің атқосшы, жол көмекшілерін алып жүрді. Қариялардың айтуы бойынша, қонақ күтушілер Дәулеткерейді атсоқты болмасын деп ара­тұра пәуескеге мінгізіп, тынығып демалуына кішігірім хан шатырын құрып отырған дейді.

Алдын ала ат шаптырып, Бақашыдағы ауылға хабар жіберген. «Дайындалсын. Әсіресе, Өскенбай әзір болсын, қазақтың атақты күйшісі келе жатыр», деген.

Жолаушылар келгенде ауыл гулеп жатыр еді. Қаздай тізілген ақ боз үйлер, ортасындағы бір күмбезге Дәулеткерейді кіргізді. Сәлемдесіп жайласқаннан кейін, жолдан шөлдеп келді, деп күбіні піскекпен күмпітіп­күмпітіп жіберіп, зерең­-зерең қымыз ұсынылды, ақ көбігі бұрқыраған шұбатта әкелінді. Әркім қалағанын ішіп жатыр. Сыйлы мейманды жуындырып­-шайындырып, біраз тынықтырғаннан кейін қонақасы басталды. Ас мәзірі ағылып­төгіліп жатты. Дастарқан үсті үйме-­жүйме үйіліп, тағамдардың тәттілігі тілді үйіреді. Ірімшік-­құрт, балқаймақ, қарыннан сығылған сары май, базардан әкелінген өрік­ мейіз, қант пен құрма. Ысылдаған сары самаурын, аққұманның шүмегінен бұрқылдаған күрең шәй. Ту биенің етінен қуырылған майы сорғалаған жұмсақ қуырдақ. Оған қоса бұл заманда «деликатес» деп атауға жарайтын өкпе, жүрек, қарын, ішек қуырдағы.

Біраз тынығып, тоқ басылдағаннан кейін табақ­-табақ ет келді. Сақталған қазы­-қарта және сүр өркеш май қосып асқан марқа бағылан сырбазы, дәмі таңдайға татитын мақпал сорпа. Ал қосымша тартылған үлпершек пен бұжыны қайтерсіз. Пай шіркін, қазақтың қонақасы­ай!..

Тамақтан кейін Дәулеткерей дауыс көтерді.

– Оу, Адай ағайындар, сый­-құрметтеріңе разымын, көп рахмет! Астарыңа тойдық. Ал өнерлеріңнің дәмін қашан татамыз? – деп езу тартты.

– Бәрі дайын, Дәке, тек Сіздің ықыласыңызды күтіп отыр едік. Өскінбай! Қайдасың? – деп дауыстап жіберді үйдің қожайын асабасы.

Есіктен өрімдей жас жігіт кіріп келді.

– Ассалаумағалайкум, төре аға! Үлкендерден ишарат болмайынша, Сіздің үстіңізге кіруге тайсалып тұр едім. Қош келдіңіз! – деді.

– Ой, өркенің өссін, қарағым! Бұл кім? – деп сұрады Дәулеткерей.

Бұл Дәулеткерейден 46 жас кіші, сол шақта он сегіз жасында шалқып жарқырап тұрған жеткіншек еді. Академик Ахмет Жұбановтың Өскінбайдың баласы Мұрат Өскінбаевтан алған мәліметі бойынша әкесі 200-­дей күй білген. Ал қазіргі 18 жасында соның ең болмаса бір ширегіндей меңгерген десек, 50­-дей күйді құйқыл жытады емес пе?!. Және де адайдың «Жеті қайқы» атанған әншілерінің тізіміне кірген әнші.

Содан Өскінбай енді күй мен әнді төксін. Күй дегенде, сонау ықылым заманнан келген тарихи, аңыз күйлерден бастады: «Қазақ­Ноғайдың айырылысуы», «Нар идірген», «Ақсақ құлан – Жошыхан» топтамалары. Содан кейін адайдың жыр-­термелерінен үзінді және өзінің «Жирен жорға» деген әнін шырқады.

Оның тартқан күйлері адай әдісіне тән бұралаң ілме қағыспен, басқа жақта көп кездеспейтін өзгеше қимылдармен түрленіп тұрды. Қолдары домбыра сабында және шанағында ойнақтап, айырықша әсер берді.

Дәулеткерей қатты разы болды.

– Япыр­ай, болып тұрған бала екен. Әлі де өнері өркенді өседі ғой, алқада ардақты болатынына сөз жоқ, тек дені сау болсын! – деді.

Бұл ұлы күйшінің өзінің көңіліне керемет ұнаған ізбасар жүйрікке берген батасы еді. Барлығы «Әумин!» деп қабыл алды.

– Дәулеткерей мырза, біздің елге келіп, осынша ықыласпен төріміздің сәні болып отырғаныңыз үшін Сізге рахметіміз мол! – деді дастарқан жүргізуші, – енді қонақ кәде ретінде сіздің өнеріңізді көруге құмармыз. Мына біздің Өскінбайжанға сабақ, үлгі болсын!

Дәулеткерей бір көмекшісіне иек қақты. Ол әлгінде үйге кіргізілген бір ұзынша қорапты ашып еді, ішіндегісі жұқа ақ киіз бен мақпалға оралған домбыра екен. Жұрт таңданысып қалды. Біреу сыбырлап: «Япыр­ай, төренің домбырасы да төре болады екен­ау!» – деп еді, оны естіп қалған Дәулеткерей күліп:

– Жоқ, тек төренікі емес, бүкіл қазақтың домбырасы – төре! Бұл құдіретті, қасиетті дүние, сондықтан оны қастерлеп ұстау керек. Қалай болса солай қарауға болмайды. Біреулер домбыраны есін білмейтін баланың қолына беріп қояды. Бала қанша тәтті болғанымен, домбыра ойыншық емес, адам жанына ол да тәтті, соны түсіну керек, – деді ол.

Содан домбыраны әлгі қораптан құндақтан шешіп алған баладай емірене құшағына алды да, сипап, ішектерін қағып жіберді. Дың еткен дыбыс домбыра бұрауының бәз қалпында екенін сездірді. Оның домбырасының үні өзгерместен тек бір бұрауда тұрады дейтіні рас екен.

Үлкен толғаныс, тербеліс үстінде бір күйді бастап кетті. Үнде бір терең ой, санаға әуен толқыны құйылып, жанды тербей жөнелді. Бұл Дәулеткерейдің дүние­ғапыл, өмірдің өзегіне арналған пәл-сапалық туындысы – «Жігер» еді. Оған жалғасып, тағы керемет күйлері ақ боз үйдің шаттығын шалқыта берді. Олардың қайсы бірін айтарсыз. Әсіресе, аса тылсым нәзік сезімді әйел сұлулығына арналған «Көркем ханым», «Жеңгем сүйер» күйлері көңіл қылын қытықтап, құмарды қандырғандай.

Егде тартқан ұлы домбырашы мен балбұл жанған Өскінбайдай жас күйшінің өнерлеріне ауыл халқы рақаттана мәз болды.

Біраз тыныстағаннан кейін Дәулеткерей жас өренге сауал қойды.

– Өскенбайжан, сіздер түрікпен деген елмен көршісіңдер. Олар да өнерлі халық деп айтады. Сол түрікпеннен не білесің? – деді.

– Білеміз аға! Олармен көршілес, кейде өнер таластыратын да жайымыз бар. Біраз саздарын үйренгенмін. Соның бірін тартып берейін. «Көроғлы» деп аталады, – деді Өскінбай.

– Иә естуім бар, «Көроғлы» деген тек түрікпен емес, жалпы шығысқа ортақ дүние ғой. Ал, тартшы.

Өскінбай күйді жүйіткіте дөңгелентіп тартып берді. Дәулеткерей мұны естігеннен кейін бір түрлі сезімге беріліп, көз жанары шаттанып, шабыттанып кеткендей болды.

– Ойпыр­ай, күннен кейін күн туатыны рас. Күйден кейін күй де туады­ау! Өскінбайдың «Көроғлысын» тыңдағаннан кейін менің көкірегіме бір саз келді. Тыңдашы! – деп домбырасын төкпектете жөнелді.

Міне қадірлі оқырман, Дәулеткерей шығармашылығының бір сәні – «Көроғлы» күйі осылайша, адайлар арасында, Өскінбайдың қасында дүниеге келген еді.

Дәулеткерейге сый-­жоралғылар жасалынды. Керемет өрнекті мауыт шапан жабылып, алдына арғымақ тартылды. Тағы­тағы нелер сәнді бұйымдар ұсынылды.

– Рахмет ағайындар, құрметтеріңе ризамын! Мынау дүние дегендер уақытша нәрселер, қолдың кірі, бүгін бар да ертең жоқ. Ал мен сіздерден мәңгілік бір сыйлық алып барамын, ол Өскінбайжан себеп болған, «Көроғлы» күйім! – деп, Өскінбайды бауырына қысып, маңдайынан иіс­ кеп, тағы да батасын беріп, аттанды.

Қонақтар кетіп бара жатқанда күйді әлгі сәтте құлағына құйып, қағып алған Өскінбай Дәулеткерейдің «Көроғлысын» қошаметке тартылатын салтанатты әуен секілді екпіндете тартып тұр еді.

Сержан ШӘКІРАТ,

ҚР-нің еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз