Жуырда облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында «ЭКСПО – 2017» көрмесіне дайындық жұмыстары пысықталды. Жиналысқа облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық мәслихат депутаттары, қала мен аудан әкімдері, облыстық басқарма мен мекеме, кәсіпорындардың басшылары, туристік операторлардың өкілдері қатысты.

IMG_5740

– Құрметті әріптестер! Екі айдан кейін еліміздің бас қаласында халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесі өтеді. Бұл –Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ірі жобасы. Көрмені өткізу арқылы елімізде «жасыл экономиканы» дамытуға, балама қуат көздерін, инновацияны игеруге мүкіндік туады. Осынау маңызды шарада Маңғыстау өңірі өзіндік ерекшеліктерін, құндылықтарын, сақталған әдет- ғұрыптарын паш етуі тиіс. Мемлекетіміздің мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатын көрмеге Тәуелсіздіктің қалыптасу жолында тер төккен еңбек адамдары, мемлекеттік мекемелер, партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, кәсіпорындар, жоғары оқу орындары, мектептер тартылуы керек, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Жиында облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауынова көрмеге дайындық жұмыстарынан хабардар етті.

– «Болашақтың энергиясы» деп аталатын көрмеге Маңғыстау облысынан 65 мың тұрғын қатысады деп жоспарланып отыр. Оның 13 700-і – оқушылар мен колледж студенттері. Жергілікті бюджет есебінен жағдайы төмен отбасылардан 1750 балаға, 378 мәдениет қызметкеріне және 50 еріктіге билет алып беру қарастырылды. Сондай- ақ көрмеге баратын өңірімізден зейнеткерлер, мүгедектерді, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан 1000 адамды жұмыспен қаму және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруды сұраймын, – деді Гүлжан Маңғыстауқызы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл айтулы шараға өңіріміздегі 14 кәсіпорын өз қаржысы есебінен қатысатындығын хабарлаған. Бұл көрсеткіш деңгейі төмен екендігін айтқан аталған басқарма басшысы Гүлжан Байжауынова жиынға қатысып отырған компания өкілдерін көрмеге қатысуға шақырды. Осы сәтте облыс әкімі Ералы Тоғжанов барлық кәсіпорындарға көрмеге қатысуды міндеттеді.

– Көрмеге келетін қонақтарға бағыт- бағдар беруге жұмыс жасау мақсатында облыстан 50 ерікті іріктелді. Жергілікті туристік фирмалар 12 мың билет сатып алды. «Ақтау» сауда, ойын-сауық кешенінде «ЭКСПО» билеттерін сататын кассалар орнатылған. Маңғыстау облысының тұрғындарын көрмеге тарту бойынша Маңғыстау облысының әкімдігі мен «SKY WAY» турисітік операторының арасында меморандум жасалды. Баршаңызды көрмеге қатысуға және қолдауға шақырамын,– деді облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлжан Маңғыстауқызы.

Жиын барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілі Асылхан Сәбитбекұлы маңғыстаулықтардың көрмеге барып- келуін қамтамасыз ету мақсатында және жазда билет тапшылығы, вагондардың жетіспеушілігі болмас үшін 1 маусымнан бастап қосымша жолаушылар пойызы қатынайтынын хабарлады. Бұл пойыздар арқылы күніне өңірімізден 600 адам еліміздің астанасына жолға шығады.

IMG_5800

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыстық туризм басқармасының басшысына күніне кететін 600 адамның аты-жөні бойынша кесте құруды тапсырды. Ең бастысы балалардың қауіпсіздігіне баса мән беруді, қала, аудан әкімдеріне алдағы бір апта ішінде көрмеге қатысатын тұрғындардың тізімін жасақтауды тапсырды.

«Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ өкілі Айжан Өркенқызы көрме кезінде өтетін мәдени- көпшілік шаралармен таныстырды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев тамыздың 15-18-і күндері Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері аясында өтетін шараларды хабарлады.

– Облыс тұрғындарының барлығы көрмеге қатыса алмайды. Сондықтан «ЭКСПО» басталғанға дейін мәдени шаралар ұйымдастыру қажет. Мәселен, елімізді әлемге танытып, Қытайда өтіп жатқан халықаралық конкурста «Адай» күйін орындаған Димаш Құдайбергеновті өлкемізге шақырып, концертін өткізейік. Сонымен қатар халықаралық көрмеге қатысатын туристерді өлкемізге саяхаттауға шақыруды қарастыруды тапсырамын. Орынбасарым Бану Нұрғазиева мен ішкі саясат басқармасының басшысы Звира Есбергенова халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыруы қажет. Барлық облыстық басқарма басшылары өз салаларынан көрмеге баратын адамдардың тізімін құруы тиіс. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы көрме кезінде медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік жасау үшін дәрігерлерді жіберуі керек. Барлығымыз біркісідей шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысуымыз қажет, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

IMG_5871

IMG_5938

IMG_5978

IMG_5987