Мұнайлы ауданының №1 мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сымбат Кемалованың ұйымдастыруымен «Қазақтың ұлттық ойындары» атты ашық сабақ өтті. Сабақтың басты мақсаты – жас ұрпақ өкілдерін ұлттық ойын түрлеріне баулу, тарихи тағылымы мен мән-мазмұнын жете ұғындыру. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр туралы мол мағлұмат беру арқылы жастардың ой-өрісі мен  көзқарас көкжиегін кеңейтіп, сана-сезімін серпілтуді мақсат тұтқан ұстаз сабақ барысына тоқталды.

«Ашық сабақ үш түрлі бағытты ұстанады. Ең алдымен, шәкірттерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, салауатты өмір салтын ұстануға еліте түседі. Спортқа деген зор қызығушылықты оятады. Бұдан өзге ширақ қимыл, ептілік пен жылдамдыққа үйретеді. Шеберлігін шыңдай түседі. Әрбір топта өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнап, шәкірт бойына жеңіске жетуге жетелейтін үміт ұялайды.  Арнайы сабақ олардың  қабілет-қарымын арттырып, ой-өрісін дамытады»,-дейді мұғалім.

Сабақ барысында арқан, асық, алтын сақа, ысқырғыш сынды ойын аспаптары қолданылады. Ең алдымен алғыр, зерек те зерделі шәкірттер бірнеше топқа біріктіріледі. Өзара келісім, пікір алмасу нәтижесінде топбасы тағайындалады. Сабақ барысында «Асық ату», «Алтын сақа», «Дастархан ойыны», «Арқан тартыс» ойындары ойналады.

«Ұлттық ойындардың бір ерекшелігі әркез өлеңмен өрнектеліп, көркем сөзбен  кестеленген. Өлең-жыр, ойлы сөз арқылы ата-бабаларымыз ойынның эстафеталық әсерін арттырып қана қоймай, балдырғандарды әдебиет әлеміне баулыған. Ұлтық ойындар балаларды  үлкен мақсаттарға жетелеп, алға ұмтыла түсуіне зор ықпал еткен. Қазіргі таңда  балалар мен жасөспірімдер бос уақытын ғаламтор желісіне арнайды. Уақыт алға зымырып, заман жүйіткіген сайын  ұлттық ойындарымыз  көмескілене түсуде.  Сондықтан қазақ ұлттық ойындарын жас ұрпақ жадында жаңғырту, қоғамда мән-маңызын арттыру өзекті мәселе деп ұғамын»,-дейді білікті ұстаз.

1 (1)

«Асық ату» ойынында шеңбердің дәл ортасына асықтар қаз-қатар тігіледі. Он қадам жерден балалар кезек-кезек асықты атып түсіреді. Дөп тигізіп, шеңбер сызығынан асқан асықты алады. Асықтар жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді. Екінші кезеңде, «Алтын сақа» ойыны ойналады. Ойын барысында барлық оқушы шеңберді айнала отырады. Алтын сақаны белгісіз бір оқушы қолына ұстатады. Өзге шәкірттер сақаның кімде екендігін тауып алуы тиіс. Егер таба алмаса ойын жалғаса түседі. Үшінші кезеңде «Дастархан» ойынына кезек беріледі.  Ойын ережесіне сәйкес ту шетке шеңбер қойылып, бір жапырақ қағазға жазылған қонақтар есімдері шеңбер ішіне тасталады. Әрбір топ шеңберді айналдыра қонақтар есімін рет-ретімен дұрыс қойып шығуы тиіс. Бұл ойын жылдамдық пен шапшаңдықты сынға салады. Қонақтар ретін дәл тапқан топ жеңімпаз атанады. Ашық сабақ соңында «Арқан тартыс» ойыны ойналады. Ұзын әрі мығым арқанның қақ ортасына қызыл лента байланып, белгіленеді. Күш-қайраты басым топ арқанды  белгіленген тұстан өз тарапына  асыра тартып, басымдығын көрсетеді.

Ашық сабақ соңында барлық топ дипломдар мен мақтау қағаздарға ие болады. Әрине осы секілді білім беру жүйесінде қызықты әрі танымдық сабақ беру әдіс-тәсілдерін қолдану шәкірттердің оқуға деген қабілетін жетілдіріп қана қоймай, күш-жігерін арттырады. Бойы мен ойына сергектік сезім ұялатады.

Голрох Жеменей