Назарбаев зияткерлік мектебінде Қазақстанның халық жазушысы, еңбек ері, мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик жазушы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына айналған жас ақындар мүшәйрасының және дәстүрлі аталымдар бойынша шығармалар конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жас ақындар мүшәйрасының марапаттау кешіне облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, «Нұр Отан» партиясы, облыстық ішкі саясат, білім басқармасы, жастар ұйымының өкілдері, ұстаз қауымы және оқушылар қатысты. Алғашқы құттықтау сөзді алған облыстық «Қазақ тілі» ҚБ төрағасы Бектұр Төлеуғалиев жеңімпаздарға жылы лебізін білдірді:

«Бүгінгі марапаттау кеші – Әбіш Кекілбаевқа арналған тойдың беташары іспеттес. «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі 1995 жылдан бастап Әбішке арнап байқаулар ұйымдастырып келеді. Әбіш Кекілбаев — менің балалық шағымнан бірге өскен досым, бірге дидарласып, ой бөлісетін жолдасым еді. Ол көзі тірі кезінде оның атынан байқаулар өткізгеніме қарсы болды. Бірақ мен: «Жұрт бірдеңе десе, маған айтар»,- деп, ісімді жалғастыра бердім. Талай жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқаудың басты мақсаты – өлкеміздің өнерлі өрендерін тауып, жұлдызын жарқырату, дарынын ашуға септесу. Расымен де, арамызда тамаша ақындар, керемет сөз зергерлері бар. Олар — болашағы жарқын жастар. Мүшәйрада дарынымен ерекше көзге түскен жеңімпаздарды жеңісімен құттықтап, оларға шығармашылық табыс, абырой, сәттілік тілеймін», — деді ол.

Заманның заңғары, таланттың тарланы, шоқтығы биік тұлға Әбіш Кекілбаевтың туындыларына тәнті болмау мүмкін емес. Қаламгердің жүрегінен жарып шыққан дүниелері көңіл тоймас әсерлігімен, күрделілігімен еліктіреді, қызықтырады, ал кейіпкерлері шынайылығымен, көркемдігімен жүректі жылуға бөлейді, көңіл марқайтады. Осыны түсінген, сезінген жас ақындар абыз ағаны ардақтап, мөлтек сезімдерін білдіріп, өлеңдер арнады. 20-ға жуық жас дарындардың өлеңдерін Ш.Есенов атындағы университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Әділет Қабылов бастаған ақын, жазушы, журналист, филологтардан құралған қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде, ынталандыру сыйлығы Ақтау қаласындағы №20 мектептің 8-сынып оқушысы Гүлбақыт Жайлауға, 3-орын Маңғыстау ауданы, Шетпе лицейінің 11-сынып оқушысы Ұлдай Дауыловаға бұйырды. «Білім инновация лицейінің» 10-сынып оқушысы Рамазан Тезекбаев 2-орынды, Шайыр орта мектебінің 10-сынып оқушысы Амандық Орынбаев 1-орынды жеңіп алды. Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен қымбат сыйлықтар берілді.

Облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев жас ақындар сайысында үздік атанған оқушыларды құттықтады.

— Әбіш Кекілбаев – ақындығы, жазушылығы, ғалымдығы, энциклопедиялық ілім-білімі бар үлкен абыз тұлға. 1975 жылы Германияда жарық көрген бір журналда ХХ ғасырдың 100 ұлы есімінің қатарында біздің Әбіш Кекілбаев енді. Оның шығармашылығы арқылы қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан үлесі ұлан-ғайыр, зор. Ұлы тұлғаның 80 жылдығына арналған шаралар республикалық көлемде өткізілуде. 20 қыркүйекте Алматы қаласының үлкен көшесіне Әбіш Кекілбаевтің есімі беріліп, өмір сүрген үйіне ескерткіш тақтасы орнатылды. Алматы қаласындағы көшелерге Маңғыстаудан шыққан екі адамның ғана есімдері берілген. Бірі – Жалау Мыңбаев болса, екіншісі – Әбіш Кекілбаев болды. 11,12 қазанда облыста үлкен той болып, аңыз тұлғаға арналған ескерткіш, музей ашылып, шаралар өтпекші. Той баршамызға құтты болсын! Әбіш ағаның өзі өмірден өтсе де, оның жазған дүниелері жүректерімізде мәңгілік жаңғырып тұрады, — деп ақ тілегін арнады ол.

«Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі бірқатар аталымдар бойынша өткен байқаудың да қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды марапаттады. «Елбасы еңбектерінен шығарма» аталымы бойынша ынталандыру сыйлығын ІТ лицейінің 10-сынып оқушысы Шұғыла Жоламанова, 3-орынды Бейнеу ауданының Күйкен орта мектебінің оқушысы Айдана Жадигерова ұтып алды. «Әбіш Кекілбаевтің еңбектерінен шығарма» аталымынан 1-орын Қарақия ауданының №1 мектептің 9-сынып оқушысы Арайлым Сабыроваға бұйырса, «Абай Құнанбаевтың еңбектерінен шығарма» аталымынан Түпқараған ауданының М.Әбдіхалықов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ұлмира Жиделі жеңісті қанжығасына байлады. Ал «Қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер туралы шығарма» аталымы бойынша Түпқараған ауданының Ж.Мыңбаев атындағы мектеп гимназияның 10-сынып оқушысы Гүлдана Нұрғабылова жеңімпаз атанды. Барлық аталым бойынша ынталандыру сыйлығына ие болғандарға, 2,3-орындар алған жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар және қымбат сыйлықтар табысталды.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН