Теңге ауылының 55 жылдық тойы болып өтті. Той ауылдағы екінші спорт алаңшасының ашылуымен басталды. Бұған дейін де ауылда спорт алаңшасы бар болатын. Екінші спорт алаңшасының ашылу салтанатында қала әкімі Мақсат Ибағаров пен қалалық мәслихаттың хатшысы Сақи Мыңбай құттықтау сөз сөйледі.

Жалпы  ауылға жан-жақтан кіреберістерге, яғни үш жерге арнаулы стеллалар жасалды. Жасалған құрылыстар мен шаралардың бәрі мемлекеттің бір тиін да қаржысын қажет етпей жасалып жатыр. «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайсервис», «ҚазГӨЗ», «Жанарыс» «ККС», «Кезби» ЖШС-лардың көмегімен көптеген игілікті істер жүзеге асырылды. Мұнда ауыл азаматтары мен қалталы кәсіпкерлердің де көмегі көп тиді.

Алаңша алдындағы дәстүрлі лентаны қала әкімі Мақсат Оңғарбайұлы, Сақи Еңсепұлы және ауыл ақсақалы Түгел Жайылханов кесіп, ақ баталарын берді. Жас футболшы спортшылармен алаңша ішіне бірге кіріп, доп тебу рәсімін жасады.

Мұнан кейін ауылдың құбыла жағындағы «Анаға тағзым» атты саябақ  ашылды. Саябаққа  ұршық иіріп отырған ананың ескерткіші қойылған. Ескерткіштің бүркеуі алынып, шашулар шашылып, жиналған жұрт ескерткіш маңында естелік суреттерге түсіп, анаға тағзым етіп жатты.

Түбекте түлеген Теңге ауылы

Ауылдағы «Атамұра» мәдениет үйінде болған салтанатты жиынға ауыл ардагерлері, ауыл мекемелерінің қызметкерлері, 55 жылдық мерекенің ұйымдастырушылары мен кәсіпкерлер қатысты. Салтанатты жиын Теңге атты ананың бұл топыраққа қалай келуінен бастап, Өзен теміржол желісінің тартылуы, мұнайлы ауыл Теңгенің қалай құрылғандығынан дерек беретін композицияны көрсетумен басталды.

— Теңге ауылы — қасиетті елдімекен. Жаңағы композициялық көріністен бәріміз байқап отырмыз, — деп құттықтау сөзін бастаған облыс әкімі Серікбай Трұмов сөзін одан әрі жалғастырып. – Сол жылдары қала іргесінен орын тепкен шағып поселке қазір ірі елдімекенге айналды. Бүгінгі таңда бұл ауылда 16 мыңнан астам адам тұрып, ғұмыр кешіп жатыр. Ауылдың барлық инфрақұрылымдары, әлеуметтік нысандары жасақталған. Осы инфрақұрылымдардың салынуына үлес қосқан ардагерлеріміз қатысып отыр. Бүгінгі мереке, бүгінгі қуанышты күнде сол ағаларымызға ерекше құтты болсын айтамын. Ауылда мектептер, балабақшалар, газ, су бар. Осының бәрі мемлекетіміздің дамуының арқасында деп есептеймін. Қазір үкіметіміз «Ауыл – ел бесігі» деген мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Бүгінгі таңда облысымызда 59 елдімекен бар. Соның ішінде барлық инфрақұрылымдары жеткізілген тірек ауылдарымыз бар. Теңге ауылы да – солардың бірі. Қуанышты нәрсе – қазір ауылда ұйымдастырушы азаматтардың арқасында спорт алаңшалары, саябақ, оның ішінен ананың көрнекті ескерткіші жасалып, оған «Анаға тағзым» атауын беріп, ауыл тұрғындары демалатын орын жасағаны үшін оларға өзімнің, облыстық әкімдіктің атынан ризашылығымды білдіріп, рахметімді айтамын. Елге еңбек ету, елмен бірге тыныстау, оның дамуы мен өсіп-өркендеуіне үлес қосу бұл – үлкен азаматтық іс, — дей келіп аймақ басшысы Әбіш Кекілбаевтың туылғанына 80 жыл толу мерекесі мен көршілес Қызылсай ауылының да 60 жылдық торқалы тойларын үлгілі өткізуге белсене қатысуға теңгеліктерді шақырды.

Сондай-ақ аймақ басшысы Жаңаөзен қаласы «Мұнайөзен сервис КАН» ЖШС директоры, меценат, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты, Теңге ауылының 55 жылдық мерейтойын ұйымдастыру алқасының төрағасы Темір Мұсаевты, «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжінің директоры, меценат, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Ісенбай Қалдамановты, «Өзенмұнайгаз» АҚ күрделі құрылыс департаментінің инженер жобалаушысы, ауыл мерейтойы ұйымдастыру алқасының мүшесі Мұфтолла Керимовті және жеке кәсіпкер, ауыл мерейтойы ұйымдастыру алқасының мүшесі Ерлан Сәбиевті Алғыс хатымен марапаттады.

Жиналғандарды құттықтауға сахнаға көтерілген қала әкімі Мақсат Оңғарбайұлы мен Темір Мұсаұлы жаңаөзендік 6 адамға мерекелік төс белгілер тапсырды. Ал қала әкімінің Алғыс хатымен 21 адам марапатталды.

№17 орта мектеп пен ауылдық «Атамұра» мәдениет үйінің алдындағы алаңда болып жатқан түрлі спорттық шаралар мен концерттік бағдарламаларды ауыл және қала халқы түн ауғанша тамашалады. Алаңға тігілген темір үйлерде жиналған жұртшылыққа ас тартылды.

Осылайша түбекті түлеткен, соның арқасында өзі де түлеген Теңге ауылының 55 жылдық торқалы тойы өз мәресіне жетті.

Мұратбай ҰЛЫҚПАН