жазушы Әбіш Кекілбайұлы
Сурет сайт архивінен

Бұл күндері еліміздің барлық өңірлерінде Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, әлемге әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтің 80 жылдығы мәнді мәдени шаралармен кең көлемде аталып өтуде. Бұл бағытта біздің Бейнеу ауданынымызда да заңғар жазушының шығармашылығы мен Отан алдында атқарған қызметтеріне қатысты мәдени-көпшілік, тарихи-танымдық, әдеби-сазды кештер ұйымдастырылып жатыр.

Солардың бір қатарында жақында Абыл мәдениет үйінде «Абыздан аңызға айналған тұлға» атты салтанатты шара болды.

Ел-жұрты ардақтап, құрмет көрсетіп, рухын асқақтатып жатқан заманымыздың абызы атанған Әбіштің өмірі мен шығармашылығына арналған бұл шараға аудан әкімі Б.Әбілов бастаған мемлекеттік қызметкерлер мен мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, ұстаздар қауымы, өнер өкілдері, жалынды жастар қатысты. Салтанатты шара Ә.Кекілбаевтың өмір жолы мен шығармашылығын паш етіп, оның Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдарда мемлекеттің қаз басып, қатарға қосылып кетуіне қосқан қайраткерлігі жайлы бейнебаян көрсетіліп, аудан әкімі Б.Әбіловтің құттықтау сөзімен ашылды. Аудан басшысы құттықтау сөзінде Әбіштің ел үшін жасаған еңбегін атап, оның жастық шағындағы замандас, сыныптастарымен адамгершілік қарым-қатынасына қатысты өзінің кездесуінде түйген түйсіктерін әңгімелей келе, Әбекеңнің құнды шығармаларын насихаттап, өмір жолынан өнеге алу қажеттігін баса айтты.

Содан соң Ә.Кекілбаевпен бір мектепте қатар оқыған ардагер ұстаз Б.Балов Әбекеңнің балалық шағы мен даналық шағынан әсерлі әңгіме өрбітті. Жас ұрпақты отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, оларға туған жердің тарихын ұғындыруға оң ықпал ететін ұлағаты мол шығармалары баға жетпес қазына екенін айтты. Ұстаздардың іс-тәжірибесін арттыруға бағытталған өзінің шыңдалу мектебінің тарапынан мектеп бағдарламасына ұсынылған «Әбіш тану» сабақтарын өткізудің маңызына да тоқталып өтті.

Сөз кезегінде ақындар А.Есет пен С.Қадір дана Әбіштің сан қырлы таланты мен адамгершілік, мейірімділік қасиеттеріне тәнті болып, Әбекеңмен кездесулері өздерінің шығармашылығына ерекше әсер еткендіктерін айтып, естеліктерімен бөлісті. Әбіш жайлы көрген-білгенін айтқандар тоқтаусыз толғады.

Жалпы Әбіш жайлы естелік айтып, оның әлеміне бойлап, шешендігі мен көсемдігін, жан-жақты білімдарлығын бірі әсерлі әңгіме айтып жеткізсе, бірі ішкі сезімін өлең шумақтарымен өріп жеткізді. Жиналған жұртшылық Әбіштің шығармашылығына арналып, Бейнеу кітапханасы ұйымдастырған кітап көрмесін тамашалап, сөз зергерінің шығармаларын зерделеп, қаныға түсті.

Айта келгенде осылайша өткен салтанатты жиынның соңы аудан өнерпаздарының тартымды концерттік бағдарламасына жалғасып, көптің көкейіне ұялайтындай тағылымы мен танымы мол мәнді мәдени шара болды.

Кәрісбай ӘДІЛ