мемлекеттік қызмет

Маңғыстауда мемлекеттік қызметте 1658 әйел жұмыс істейді. Ол облыстағы жалпы мемлекеттік қызметшілердің 58,6%-ын көрсетіп отыр, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова айтты. Департамент басшысының мәлімдеуінше, өңірде 265 мемлекеттік органның бар, ондағы қызметшілердің штаттық саны – 3058. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарда 67 бос орын бар. Бүгінде штаттық бірліктің 95%-ы қамтылған. Орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі бос орындар саны — 180. Ал жалпы аймақта барлығы 247 бос орын бар.

Маңғыстау әкімдігінде біліктілігі жоғары мамандар қатары көбейген, қызметке жаңадан келген жас мамандардың жұмыстан өз еркімен кетуі 2 есеге азайған. Мемлекеттік қызметтің кадрлық жағдайы мен еңбекақы төлемінің жаңа жүйесінің басты оң әсерін жеткізе отырып, аумақтық департамент басшысы мемлекеттік қызметтің кадрлық сапасын жақсарту бойынша жұмыс одан әрі жалғасатынын айтты.

Ұлт жоспарының 5 және 6 қадамдарын жүзеге асыруда 2018 жылы бірнеше  органдармен қатар Маңғыстау облысы әкімдігінде де әкімшілік мемлекеттік қызметшілер үшін факторлық-баллдық шкала негізінде пилоттық режимде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгендігі белгілі.

Маңғыстау облысы бойынша пилоттық режимнің енгізілуі кадрлық құрам бойынша  өзінің оң нәтижелерін беріп отыр. Атап айтқанда, Маңғыстаудың еңбек нарығында мемлекеттік қызметтің бәсекелестік қабілеті артты. Маңғыстау әкімдігінде бос орындар саны 5%-ға дейін азайды, облыста мемлекеттік қызметтен кеткендер саны 4,2%-дан 2,7%-ға дейін азайған. Маңғыстауда ауыл әкімдіктерінде кадр тапшылығы жойылып, Мемлекеттік қызметке маңғыстаулықтардың қызығушылығы артып отыр.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ