Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылының дәрігерлері жүрек пен өкпе тұсына оқ тиіп жараланған азаматты аман алып қалды. Науқас ауруханаға ауыр хәлде түскенімен, ота сәтті жасалды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Бүгін 9 қаңтарда сағат 11.30 шамасында түскен науқасқа шұғыл операция Маңғыстау аудандық орталық ауруханасында жасалған. Операцияны дәрігер, хирург-реаниматолог Берікқали Қазбаев пен хирургия бөлімінің меңгерушісі Ербол Енсепбергенов жасады. Сондай-ақ ассистенттің міндетін емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары Орынгүл Мұқанова атқарды және отаға анестезиолог Жанайдар Абуов қатысты.

Қазір жағдайы бірқалыпты ауыр екендігін айтады мамандар.

Алдын ала болжам бойынша азамат абайсызда көкірек тұсына оқ атқан екен. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын әлі анықтап жатыр.

Айта кетелік, Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау департаменті аудандық дәрігерлердің де осындай оталарды шұғыл түрде жасай алатынын мәлімдеп отыр.

Ақкенже БЕРКЕНОВА

Сурет Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан алынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз