Нұржау Жалғабаев

Бейнеу ауылында тұратын спортшы Нұржау Жалғабаевты сырттай білетін едім. Бірақ жақын таныстығым жоқ, әр жерде көріп жүргенім болмаса. Дегенмен оның күресіп, талай мәрте қарсыластарын шаршы алаңда шаң қаптырғанын елден еститінмін. Міне, спортшымен спорттағы жолы жайлы әңгімелесудің жақында сәті түсті. Онымен телефон арқылы алдын ала сөйлесіп, мән-жайды түсіндіріп, баратын уақытымды ескертіп қойғанмын.

Қалай дегенмен текті атадан тараған, Пір Бекеттің ұрпағы ғой, мені қонақжайлық танытып, жылы жүзбен қарсы алды. Артық ауыз сөзі жоқ, «Ауызын ашса, көмейі көрініп тұрған» дегендей, пейілі кең азамат екен. Есіктен кіргеннен-ақ кең залына жайғастырып, емін-еркін әңгімеге көштік. Оған «биссімілләдан» қойған сұрағым: «Нұржау, сен қай жылдардан бастап спортпен айналыса бастадың?» деген болды.

— Мен кезінде Абай орта мектебінде оқып, білім алдым. Мектепте оқып жүргенімде спортқа қызықтым. Білмеймін, менің спортқа деген қызығушылығымды сырттай байқады ма, бір күні Аманқос ағай: «Нұржау, сенің күреспен шұғылданғың келе ме?» деп сұрады. Мен «Иә» дедім қысқа ғана қызығушылығымды жасырмай. Содан сол ағай маған күн сайын күрестің әдістерін үйретіп, бағыт берді. Одан соң дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп, спортқа үйреткен Сәуле Аманғалиева деген апай. Осы аталған кісілерден спорттың бірнеше түрінің қыр-сырын үйреніп, жарыстарға қатысып, жүлде алып жүрдім. Мектеп бітірген соң жұмыс жасап жүрсем де спортпен айналысуды тастағаным жоқ. Жаныма серік болған спорт өнерінен қол үзбей, әр түрімен айналысып, жарыстарға қатыстым. Кейбірінен жеңдім, кейбірінен жеңілдім дегендей. Ескі Бейнеуде ұлутас карьерінде, одан кейін Саратовқа қарайтын ПМК-2 деген құрылыс мекемесінде жұмыс жасадым. Осы мекемеде жүргенде сол кезде мекеменің кәсіподақ комитетінің төрағасы болған Базарбай Нұржанов бір топ спортшыларды Саратов қаласында өткен жарыстарға апарып жүрді. Ол жерден де құр алақан қайтқанымыз жоқ. Сонда мен жеңіл атлетика түрінен алтын медаль алып келдім — деп жарқылдап тұрған медальды көрсетіп, әңгімесін жалғастыра берді.

Мен осы арада мына мақаланы оқығандар «Мына кісіні босқа мақтаған екен» демесін деген оймен оның сөзін бөліп: «Нұржау, сенің әлгі айтқан жетістіктеріңді дәлелдейтін дипломдар мен мақтау қағаздары бар ма?» дегенім сол-ақ еді, Нұржау бала-шағасына дауыстап: «Менің алған қағаздарым қайда екен, алып келіп, көрсетіңдер» деді. Сол кезде алдымызға бір құшақ дипломдар мен мақтау қағаздары үйіліп қалды. Және немерелері нарға жүк болатындай сылдырлаған көп медальді бір дорба ғып төге салды. Ішінде ірілі-уақты жарқылдаған алтыны мен күмісі және қоласы бар, әртүрлі деңгейдегі жарыстардан алған бүкіл отбасының олжасы екен бұл.

— Мен 1982 жылы облыста өткен дзю-додан 1 орынды алдым. Сол жарыста спорт шебері нормасын орындап, атақ алған едім. Сол кезде тренерім Тимур Бисенқұлов болды. Ол да Бейнеудің жігіті. Қазір облыста. Әңгімені әрі қарай жалғастырған ол қазір спортпен шұғылданбай жүргенін айтты.

– Жасым да 60-қа жақындап қалды. Енді балаларым мен немерелерімді спорт өнеріне баулып, өнерлерін қызықтап жүрген жайым бар. Балаларым шетінен спортшы десем, жаңылмаймын. Баламның біреуі Қуаныш Жалғабаев қазақша күрестен спорт шебері атанған спортшы. 1984 жылы туған Асылбек Жалғабаев «Қазақстан барысы» жарысына қатысып, облыстан жүлде алып жүрді. Түркістан қаласында өткен жарыста 3-орын алып, түйе палуан атанған. Одан кейінгі Мейрамбек Жалғабаев та қазақша күреспен айналысып жүр. 1998 жылы туған Айдарбек Жалғабаев жеңіл атлетикамен айналысады. Жүгіруден ешкімге есе жібермейді. Ал мына жиенім Жанахмет дзюдомен шұғылданып жүрген спортшымыз. Барған жарыстарынан жүлдесіз оралып көрген жоқ. Жалпы айтқанда біз әулетімізбен спортшымыз. Спорт бізге жат емес. Биыл осы жақында спорт мектебінде өткен «Бір атаның балалары» деген отбасылық спорттық ойында 3-орынды алдық, — деді әңгімені аяқтаған ардагер спортшы Нұржау Жалғабаев.

Иә, шынында да байқап қараған адамға спортшы Нұржау Жалғабаев бастап жол салған бұл әулеттің осындай өнері — көпке үлгі болатын игі дәстүр деуге толық негіз бар екен.

Біздің бұл мақаланы дайындағандағы мақсатымыз да әулеттің осындай дәстүрін дәріптеп, жұртшылықты спорт өнеріне қызықтыру еді. Сөз соңында айтарымыз, «Спорттық өнерлеріңіз өрістей берсін, Жалғабаевтар әулеті !» дейміз.

К.ШЕРУБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз