ескерткіш
Көрнекі сурет сайт архивінен

Ұлан-байтақ ұлы даланы иемденген еліміздің қай өңірі де ертедегі ата-бабамыздың тарихынан сыр шертетін мәдени-тарихи ескерткіштерден кенде емес. Соның ішінде Маңғыстау өңірінде де көп шоғырланған. Сөзіміз дәлелді болу үшін бұл жөнінде осы өңірдің ескерткіштерін арнайы зерттеп, оның құрылыс ерекшеліктерін екшеп, пікірін білдірген ғалым-архитектор Т.К.Бәсенов «Архитектурные памятники в районе Сам» деген 1946 жылғы шыққан кітабында: «В архитектуре Казахстана памятники Сам и Усть-Урте занимают особое места….» деп жазған.

Сол сияқты 1970 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінде геолог Адам Медоевтің «Адайлар графикасы» атты мақаласында: «…1966-69 жылдарда Маңғыстау түбегі мен Үстіртте болған экспедициялар кезінде жинаған материалдар, егер бұл маңды түбегейлі зерттесе, археологиялық құнды жаңалықтар ашуға болатынын дәлелдейді. Бірақ Қазақстанның батыстарының көне мәдениеті аз зерттелген, — дей келе, — орта ғасырдағы мұсылман жазушылары Маңғыстау туралы тарихи деректер қалдырған. Бірақ сол жазбалар үзік-үзік, әрі қысқа болғандықтан қазіргі зерттеушілерге оқиғаның жалпы реті мен өзара байланысын ажыратып, тануға көп қиындық келтіріп жүр. Мұндай жағдайда Маңғыстаудағы бүгінге дейін сақталған ескерткіштердің түбек тарихын зерттеуде аса құнды маңыз атқаратындығы рас. Бұл жайды өткен ғасырдың ортасында өмір сүрген мамандар мен саяхатшылар жақсы түсінді. Мәселен, П.С.Савельев: «Маңғыстауда гүлденіп тұрған дәуірінің қалдықтары-қираған тас қорғандар мен құрылыстар, бейіт басына қойылған ескерткіштер, қашалған таспен көмкерілген өте терең қазылған құдықтар сақталған…» деп жазды. Содан бері 100 жылдан аса уақыт өтті емес пе? (Бұл жерде А.Медоев 1970 жылға дейінгі кезеңді айтып отыр. К.Ә.).

Одан әрі мақалада: «…Маңғыстаудың өткен тарихын зерттеудегі табыстар, ең алдымен археологиялық және эфиграфиялық материалдарға тікелей байланысты. Мұндағы нақты материалдар–жартастар бетіне қашап салынған бейнелер. Бұлар академик А.П.Окладниковтың сөзімен айтқанда «Белгісіз өмірге сәуле түсіретін терезе». Жартастағы бейнелердің алғашқы нұсқаларын 1966 жылдан бастап зерттей бастадық. Бейнелердің беті тегіс, жылтыр тастарға ойып салынған. Осы өзінше сыр-сипаты бар өнер туындысы монументальдық графика сияқты әсер қалдырады. Белгілі бір шекара сақтамай, жазықтық бетіне еркін салынған бейнелер едәуір қашықтық жерден шолып қарау үшін жасалғандай. Кейбір композициялардың өлшемі екі шаршы метрге дейін жетеді. Символикалық бейнелер әр қилы. Оның көп бөлігі — эмблемалар. Олардың ішінде ең көп кездесетіні — Адайлардың таңбасы. Және бір көңіл бөлетін нәрсе басқа рулардың таңбасы кездеспейді» депті мақалада. А.Медоев осылай деп жаза келе, Айрақтыдағы бейнелі ескерткіштер галереясына тоқталыпты. Онда былай деп жазады: «..Африкадағы осы тектес бейнелер арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Айрақты бейнелерін Маңғыстаудағы бейіт басына қойылған ескерткіштерді безендірген графикалармен салыстырып қарағанымызда бұлардың көп жағдайда бір әдіспен, бір «мектеп», бір үлгідегі шеберлер болғанына көз жетті. Олардың екеуінде де көркемді тәсіл, әртүрлі детальдар үнемі ұқсап жатыр. Міне, осының бәрі ерте ме, кеш пе, әйтеуір тарихи әдебиеттегі Адай руы Маңғыстауға соңғы ғасырларда келді деген пікірді қайта қарауға мәжбүр ететіні сөзсіз…» дейді. Әрі қарай А.Медоев ескерткіштер құпиясы көшпенділер өнерін зерттеушілердің алдына үлкен мәселе қоятынын айта келе «…Бұған жауапты Адайлардың шыққан тегі мен көне тарихынан іздеген жөн. Ал мұның қазақ халқының шығу тегімен тығыз байланысты екені анық…» деп пікір жазған екен.

Иә, қалай десек те Маңғыстау тарихы әлі де кең көлемде терең зерттеуді қажет ететін құпиясы көп ашылмаған әлем десек жаңылмаймыз. Соның ішінде берекелі Бейнеу өңіріндегі мәдени-тарихи ескерткіштердің де алар орыны ерекше. Осы өңірдегі тарихи ескерткіштерді атағанда ең алдымен Ескі Бейнеудегі Бекет атаның жер асты мешіті тілге оралып, ауызға түсетіні белгілі. Бұл ескерткіштің құрылысы мен ерекшелігі, қадір-қасиеті, киесі мен иесінің құпия сыры әлі толық ашылған жоқ. Кезінде Европа саяхатшылары мен тарихшылары Бекет ата жайлы, оның мешіттерінің құрылысының ерекшелігі жөнінде натуралист Э.Эверсман, топограф Алексеев жалпы сипаттама жазып қалдарған. Бұлардың жазбалары Бекет ата өмір сүрген кезеңге бір табан жақын жылдарда жазылған. Сол үшін қазіргі жазбаларға қарағанда біршама шындыққа жақын, аңыздан гөрі ақиқатты басым болумен құндырақ. Себебі олар Бекет атаны көзі көріп қалған үлкен кісілерден немесе Бекет атаны көрген атасынан, әкесінен естігенін айтып бергеніне қарап жазып алған. Рас, соңғы кездері де Бекет ата жайлы, оның өмір жолы мен білімі, жан-жақты таланты мен қабілеті, таным-түсінігі мен наным-сенімі жайлы жазылған кітаптар көп. Бірақ олардың айтары — аңыздың желісіндегі ел ішінде бұрыннан айтылып жүрген әңгімелердің өңін өзгертіп баяндаудан аса алмайды. Естуімізше Бекет ата жан-жақты өнер мен қасиетке ие болған танымал тарихи тұлға. Көрнекті дін өкілі. Қасиет иесі — әулие кісі. Ер жүрек батыр адам. Торыққанды жебеп, зарыққанды демеп, айналасына мейірім шуағын төккен жанашыр жан. Күні бұрын алдын болжай білген көріпкел кісі. Мешіттерін кез-келген жерден салмаған, жерін таңдап, өзі өмір сүрген өңірдің төрт бұрышынан салған шебер сәулетші… Жыл мезгіліне қарай салған мешіттерінің орналасуында да (координаттары) бір мән бар емес пе?! Ал осы Бекет атаның осындай қасиеттері толық зерттелді ме?.. Жоқ!.. Бекет ата неге ақбор тасты жарқабақ биік жерлерді таңдаған?.. Неге мешіттерді тегіс жерге тастан қалап салмаған? Бекет ата Хорезмдегі Хиуа шаһарында медреседе оқып, небір ғажайып тастан салынған ғимараттарды көрді емес пе?!. Ол өзі көрген құрылыстардай етіп неге тастан салмаған?.. Неге мешіт бөлмелерінің ішін дөңгелек етіп (киіз үй формасында) үңгіп, төбесіне тесік қойған?.. Неге мешіттердің есігін үнемі шығыс бетке қаратып қойған? Бөлмелердің төбесіне тесік қойып, қапталынан терезелер неге қалдырмаған?….

Міне, осындай сансыз сұрақтардың біздің ақыл-ойымыз жете бермейтін жауабын әлі ешкім де дөп басып айта алмай келеді.

Сол секілді өңірімізде кездесетін күмбез тамдар мен төрт құлақты сағана тамдардың құрылысын шаршылап, төрт бұрышты етіп салған. Бейіт басындағы құлпытастарды адам формасында тастан қашап жасап қойған болса, кейбір қорымдарда қабір үстіне қойтас немесе сандықтас, бесіктас белгі қойылған. Яғни аңдардың мүсіндерін тастан қашап қою дәстүрі де болған. Осының да бір құпиясы бар шығар, бәлкім. Тектен-текке қоя салмаған болуы керек. Сол замандағы өмір сүрген адамдардың таным-түсінігі мен наным-сеніміне байланысты қойылған болуы да мүмкін. Сонымен қатар осындай тамдардың ішкі қабырғаларына түрлі-түсті бояумен қабір, егер ер адамдікі болса, қару-жарақ, сауыт-сайман, ат әбзелдерінің сурет-бейнелерін ойып салған. Ал әйел адамдарға шәйнек-кесе, қазан-ошақ немесе аяқ киім суреттерін салып, белгі қалдырған. Осындай белгілердің де айтар ойы болуы керек, меніңше. Бір таңғаларлығы, тамдардың (сыртқы және ішкі) қабырғаларындағы салынған сурет-кескіндемелердің бояуы арадан ғасырдан астам уақыт өтсе де өңін өзгертпей тұр. Өздеріңіз көріп жүргендей, қазіргі заманда үйді ақтап-бояу жұмыстарын жыл сайын жүргізіп келеміз. Күнделікті күтіп, ұстап отырған үйіміздің қабырғаларына жағылған бояулар мен пигменттер бір жылдан асса болды, түсін өзгертіп шыға келеді. Осы орайда кім-кімді де айдаладағы желдің өтінде, қысы-жазы табиғаттың әрқилы құбылыстарына төтеп беріп тұрған әлгі тамдардың бояулары неге оңып кетпейді?» деген сұрақ мазалайтыны шындық.

Иен даламыздағы өшпес өнермен өрнектеліп, тасқа жазылған тарих іспеттес тамдардың құрылысын көргенімізде «Неге төрт бұрыш етіп, шаршылап салған?», «Неге олар төрт құлақты болып келеді?», «Дөңгелек етіп неге салмаған?» деген секілді сұрақтар туындай береді. Қасиетті жеріміздегі орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді зер салып қарағанымызда жоғарыда айтып өткеніміздей, біз біле бермейтін тылсым құпиялары көп. Оны өлкетанушылар мен танымал тарихшыларымыз зерттеп, ғылыми тұрғыдан тұжырым жасап, көпшілікке ұғындырғаны абзал деп ойлаймын. Өйткені, ескерткіштер біздің ұлы даламызда көшпенді өмір сүрген ата-бабамыздың өткен өмірінен сыр шертіп, мәдениеті мен салт-дәстүрінен, әдеп-ғұрпынан, дәстүрлі дінінен хабар беретін, зерттелмеген құпия сыры көп, тарихи-тағылымы мол, баға жетпес құндылықтарымыз. Сондықтан олардың құпиясына қанығып, терең ұғынуымыз керек.

Бұл біздің әрбіріміздің ұлы даламыздың жеті қырын жете түсініп, рухани тұрғыдан жаңғыруымызға сеп болары сөзсіз.

Кәрісбай ӘДІЛ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз