жедел жардем

Жедел жәрдем станциясы — науқасқа дер кезінде алғашқы көмекті көрсететін жауапты орталық. Жедел жәрдемде жұмыс сағат 8-де басталып, 24 сағатқа жалғасады. Мерекеге орай жедел жәрдем станциясындағы қыз-келіншектерді арнайы барып құттықтадық. Қолымыздағы басты қаруымыз қаламды ақ халатқа айырбастап, «жеделшілердің» жұмысы жайында біліп қайтқан едік. Табалдырықты аттағаннан адам жаны үшін алып ұшып жүргендер тым асығыс.

1992 жылы жұмысын бастаған орталықта қазірде 344 адам қызмет жасайды. Бір тәулікте 16, 17 бригада жұмысқа аттанады. Оның 2-уі — арнайы бригада. Олар аяқ астынан көлік апаты немесе оқыс оқиға болған жерге шұғыл жетеді. Бригаданың басқа да құрамдарында педиатр, 2 дәрігер және фельдшерлер бар. Жедел жәрдем станциясында 17 көлік қызмет көрсетеді. 1 көлік — 1 бригада болып есептеледі. Бригада жаңа гаджеттер және GPS- навигаторлар мен жабдықталған.

Біз аяқ басқан бөлмеде тәулігіне 5 диспетчер қоңырауға жауап беріп, науқастың мекен-жайын анықтайды. Иә, үйге жедел жәрдем шақырып 103-ке қоңырау шалғанда аты-жөніңізбен мекенжаймен қоса мән-жайды сұрайтын осы қыздар. Қоңырау шалынады. Қоңырау қабылданғаннан кейін келген өтініштің деңгейі анықталады. Кейін белгі бас диспетчерлікке түседі. Медперсонал карта бойынша жақын маңдағы жедел жәрдем көлігін қарайды. Бұл GPS навигациялық аппарат бойынша жасалады, әрбір «жеделшілерде» орналасқан. Осы бөлмеде белгіленген орынға баратын бригадаларға келіп түскен қоңырауларды үлестіреді. 4 ауысымда жұмыс жасайтын қоңырауға жауап беріп отыратын қыздар саны — 20.

Біздің кейіпкеріміз Әйгерім Өтесбайқызы — дәрігер. Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде 7 жыл оқып білім алған. Өзі — Маңғыстаудың тумасы. Сүйіп таңдаған мамандығын ол өте жауапкершілікпен атқарып жүрген ақ халатты абзал жан. Кішкентайынан дәрігер болуды армандаған Әйгерім бала кезінде басқа құрбылары қуыршақ ойнап жүргенде, ол медицинаға қатысы бар ине, ақ халат, ұстағаны шприц болды. Оның ойыншығының дерлігі осындай. Өсе келе ойыншықты, шын мәнінде, жұмыс бабында қолданып жүр. Ол оқуды тәмамдап жедел жәрдем станциясына жұмысқа келеді. Жас маман жұмысқа келгеніне аз уақыт болса да біліктілігімен көзге түсіп үлгерген.

Оның ойынша медицина саласын «жедел жәрдемнен» бастаған жөн. «Себебі мұнда бәрін көресің, тәжірибе жинайсың»,- дейді жас маман.

— Бастапқыда жұмыс оңай болған жоқ. Өзі аты айтып тұрғандай «жедел» болғасын науқас ауырып қалғанда ең бірінші біз барамыз. Жаны ауырып, көмекке мұқтаж жанды көріп, алғашқы көмекті көрсетіп көз алдыңда адам тіріліп, есін жиғанда бүкіл қиындық есіңнен шығып кетеді, — дейді Әйгерім.

Күніне қала тұрғындарының әрқайсысы әр түрлі себеппен қоңырау шалады. Тәулігіне кемінде 400 қоңырау түсіп, кейде демалыс күндері бұл сан күрт өсіп жатады. Қыстың күні мұзда құлау немесе тұмау көп болса, жаздыгүні әлі пісе қоймаған жеміс-жидекті жеп іш өту науқаны басталады. Оған күнделікті температура, инфаркт, инсульт қосылғанда өзіңіз пайымдай беріңіз. Мұнда тіпті уақтылы тамақ ішу жоқ. Себебі адам жанының қиналған сәтінде жету керексің. Қателесуге немесе кешігуге хақың жоқ. Мұндағы қыз-келіншектер — қызметтерін жақсы меңгерген жандар. Осы орайда диспетчер Зина 8 жылдан бері қызмет жасап келеді. Өте жауаптылықты қажет ететін диспетчер қызметіндегі қыз әбден өз міндетінің «жілігін шағып» жүрген нағыз маман.

жедел жардем

— Келіп түскен қоңырауды категориясына қарап, бригадаларды жібереміз. Өңір үлкейіп, шағынаудандар салынып жатқандықтан мереке күндері үлгермей жатамыз, — дейді диспетчер қыз. — Кейде жоғары қабаттан құлайын деп жатыр деп хабарласады. Біз полицияға, өрт сөндіру орталығына хабарласып, бірге жетіп барамыз. Барған мекенжайда ештеңе болып жатпағандығына да куә болдық. Осындай қоңыраулар уақытты алады, — дейді Зина.

Байқағанымыздай орталықтағы қызметкерлердің басым көпшілігі — қыз-келіншектер. Әйел адам тұрмыста ана болса, жұмыста қызметкер. Дегенмен мұндағы әйелдер қауымы бір уақытта бірнеше жұмысты атқаруға дағдыланған.

— Біз жұмыста жүргенде балаларды «телефон арқылы тәрбиелейміз», — дейді жымиып бас фельдшер Гүлдариға Ботагалина.

— Алғаш жұмысқа келгенде тәжірибе жинау үшін бізді дәрігермен бірге жібереді. Орталықта қатып қалған заң жоқ. Дәрігер жетіспей жатса, сені бұйрықпен жібереді. Ауырып қалса, әріптестеріміздің орнына шығып, оның жұмысын атқаратын уақыт та болады, — дейді кейіпкер.

Таңертең станцияда жұмыс басталмастан бұрын жабдықтау бөлмесінде жұмыс басталып кетеді. Онда барлық бригадаларды дәрі-дәрмекпен, аппараттармен жабдықтайды. Ол жерде де жұмыс өте жауапты. Себебі әрбір ампула, әрбір дәрі, қолғап тағысын тағы саналады. Жұмыс атқарып келген бригада, қанша дәрі немесе ине, қолғап, маска пайдаланғандығы жөнінде есеп береді.

Бұл жердегі қызметкерлер дәрігерлердің жиынтығы іспетті. Себебі олар бір жағынан гинеколог, бір жағынан терапевт, бір жағынан травмотолог. Бастысы ең алғашқы көмекті көрсетіп, дәрігерге дейінгі амалдарды жасайды.

Жедел-жәрдемнің тынысымен танысып, кейіпкеріміз Әйгеріммен әдемі сұхбаттасып отырғанымыз сол еді. Дабыл соғылып, дауыстап айту құрылғысымен бригадаға белгі берілді. Біз де алып-ұшып «жеделшілермен» көлікке жайғастық. Көлік заманауи аппараттармен жабдықталған.

Бағытталған шағынауданға да келіп жеттік. Орынға жету онша оңай болмады. Бірнеше жылдық стажы бар жүргізушінің айтуы бойынша жолда өзге автокөліктер көбіне түсіне бермейді. Айқанындай солай екен. Дабыл соғылып келе жатса да, кейбір көліктер жол берер емес.

Тырыспасы (судороги) ұстады деп шақыртқан болатын. Дәрігер жүректі түсіретін аппаратын, фельдшер ауыр шабадандарын алып, 5-ші қабатқа тездетіп көтерілді. Бұл жұмыста тек біліктілік ғана емес, шапшаңдық та қажет екен. Алып-ұшып келе жатқан дәрігерлермен мен де ілесіп келемін.

Біз бәріне дайынбыз кейде арсылдаған ит, мас кісілер кездесіп, жұмысымызға кедергі жасап жатады. Дегенмен біздің міндет науқасқа көмек көрсету, — дейді Әйгерім.

Пәтерде бізді науқастың жары күтіп алды. Бригада қызметкерлері тездетіп температура, қан қысымын, тамыр соғысын өлшеп тексеріп жатыр. Әйгерім — қазақтың биязы қызы. Ол науқаспен сыпайы сөйлесіп, қай жерінің ауырып жатқандығын сұрап, өз ісіне кірісіп кетті. Бірақ «тырыспа» емес, тамақ қызарып температура көтеріңкі екен. Одан соң КТГ-ға жүректі түсірді. Жүрек соғысы қалыпты. Учаскелік дәрігерге баруына кеңес берді.

— Кейде ақпаратты дұрыс бермейді, асығып келеміз. Қарт кісілер шақыртып алады да, тереземді ашып беріңіз деп өтінеді. Бізді әңгімеге тартып сөйлескісі келеді. Оларда қарым-қатынас аз болғандықтан деп түсінемін, — дейді кейіпкер.

— Сонымен қатар кейде нөмірленбеген және көшелердің аттары көрсетілмей сәл уақытты ұттырып аламыз дейді,- жүргізуші.

Міне «жеделшілердің» жұмысы осындай. Олар бір шақырудан соң мүмкіндік болса станцияға оралып, шприцтерін, қолғаптарын ауыстырып алады. Одан соң келесі шақыртуға барады.

Жедел жәрдемдегі қыз-келіншектер міне осындай. Үйдегі тіршілікке де, жұмыстағы қиындықтармен қызықтарға етене араласып, қызмет атқарып жүрген бүгінгінің батырлары.

Көктем келді. Демек қыз-келіншектер құлпырып, айнала көркейе түседі. Көктемнің алғашқы күндерінде келетін 8-наурыз халықаралық әйелдер күнімен жедел-жәрдем станциясының бас дәрігері Болат Сәрсенов барша нәзік жандыларды мерекемен құттықтады. Біз де өз тарапымыздан қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, отбасыларына амандық, жұмыстарына сәттілік тіледік. Мереке құтты болсын, аналар!

Зухра ӘБДІЛ-САТТАР

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН