Мусабаев

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, меценат Самат Мусабаев туған ауылы Шайыр орта мектебінің мұғалімдерін кәсіби мерекесімен құттықтау үшін бір топ білім, ғылым және өнер саласының өкілдерімен бірге ауылына арнайы барды. Өмір бойы ұстаздық еткен ата-анасы Базарбай, Ажар Мусабаевтардың кәсіби және қоғамдық қызметтерін көріп өскен перзенті мұғалімдерге деген құрмет пен қошеметтің үлгісін көрсетті. Жүрекжарды лебізін білдіріп, ақ тілегін айтып, мектеп мұғалімдеріне сыйақы табыстады. Ajar Foundation руханиятты қолдау қорының атынан 2,5 000 000 (екі жарым млн) теңге сыйақыны әрбір мұғалімге 30 000 теңгеден, одан бөлек зейнеттегі жеті ардагер ұстазға 50 000 теңгеден үлестіріп берді. Сондай-ақ осы қор тарапынан облыстық, республикалық, халықаралық ғылым-білім байқауларында жүлде алған мектеп оқушылары мен олардың жетекшілеріне 300 000 теңгеден бастап 1 000 000 теңге аралығында арнайы стипендиялар тағайындағанын хабарлап, жетістікке жетуге үздіксіз ұмтылуға шақырды.

Алдыңғы буын ардагер ұстаздар С.Мусабаевтың ата-анасы Базарбай, Ажар Мусабаевтармен әріптес болған жылдарын еске алып, шәкіртінің ықыласына алғыстарын жаудырып, батасын берді.

Абай атындағы мәдениет үйі мен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония әншілері Жасұлан Таласбаев, Марат Сафаров ауыл өнерпаздары ұйымдастырған мерекелік концертте қонақкәде ретінде өнер көрсетті. Облыс орталығынан арнайы барған топ құрамында Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева да болды. Ол Т.Жалғасбайұлы атындағы Шайыр орта мектебімен, «Қызғалдақ» балабақшасымен және ауылдың спорт кешенімен танысып, ел азаматының атқарған істеріне ризашылық білдірді.

Былтыр ауылына дзюдо спорт кешенін ашып берген меценат келер жылы бокс залын да салып беретін болды. Балаларды боксқа баулитын жаттықтырушыны тұрғын үймен де қамтамасыз етіп қойған. Оларға: «Мен сіздерге олимпиада чемпиондарын шығарыңдар деп талап қоймаймын. Спортшыларымыз жеңіске жетіп жатса, әрине, қуанамыз. Бірақ ең алдымен ауыл балалары бос уақытында спортпен айналысып, тәртіп пен тазалыққа бейімделсін. Бұқаралық спорт қолжетімді болсын», – дейді.

Әдетте мұндай игі істерді мектеп жанынан құрылған Қамқоршылық Кеңесі ұйымдастырады. Бір өзі бір кеңестің қызметін атқарып келе жатқан азамат болашақта да ауыл халқына тұрақты қолдау көрсетіп тұратынын айтты. Дамыған елдерде мектептер мен университеттерге жүйелі түрде қамқоршылық көрсету – қалыптасқан үлгі, ал Қамқоршылық Кеңестің мүшесі болу – меценаттар үшін мәртебе саналады. Олар мемлекеттік және автономды, жекеменшік мекемелер жанынан кеңестер құрып, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт және денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік бағыттарды дамытуға белсенді араласады. Біздің елімізде де енді қолға алынып, жолға қойылып келе жатқан бұл бағытты дамыту – осындай бастамашыл азаматтардың жұмыла жұмыстануымен жүзеге асар еді. Самат Мусабаев бизнестің барлық саласындағы әріптестерін осынау игі іске атсаласуға шақырады. Бұл Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға да негіз болмақ.

Бақтыбай ЖАЙЛАУ,

«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің менеджері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз