Жұмыссыздық –  жұмыс жасағысы келетін еңбекке жарамды халықтың өндірісте жұмыспен қамтылмауы. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі осы күндері ең өткір проблемаға айналып отыр. Қазіргі кезде  осы  мәселені шешу үшін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылып жатыр.  Бағдарлама сұранысқа ие мамандықты меңгеруге және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бұл бағдарламаны іске асыруға 2017 жылы 8,5 млрд. теңге қарастырылған.

       Бағдарламаның бірінші бағыты «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету»  шеңберінде. Осы бағыт бойынша 5360 адамды кәсіптік оқытуға 1,5 млрд. теңге бөлінген. Бағдарлама аясында еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға дуалды оқытуды қолдана отырып, қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуге мүмкіндік беріледі. Тегін кәсіптік оқытумен мектеп түлектері ҰБТ тапсыра алмаған, оқу орнына түспегендер, орта жастағы адамдар қамтылады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың қатысушылары: 29 жасқа дейінгі жастар, жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Қалалық Жұмыспен қамту орталығының маманы Хайриева Гүлнар:

   −    Осы бағыт бойынша Ақтау қаласында 313 жұмыссызды оқыту  көзделіп отыр. Компьютерлік білім беру үшін 163 адам, тігінші  мамандығы бойынша 10 адам, азпазшы – 4, электромонтер – 4, бос орындар бойынша 70 адам оқыту жоспарланып отыр. Ал кәсіпкерліктің негізіне оқыту үшін 30 адам жоспарланды. Топ дайын. Оқуды «Атамекен» ҮЕҰ жүргізеді.  Бұл мобильдік топ  25 тамызға дейін  осы бағдарлама бойынша қалалық комиссияға тізім жолдайды. Қаржыландыру Маңғыстау облыстық білім басқармасы арқылы жүзеге асады, − деп мәлімдеді.

    Екінші бағыты  «Жаппай кәсіпкерлікке» арналған. Осы бағыт бойынша 2017 жылы 1700 адамды қамту жоспарланып, 5,3 млрд. теңге қарастырылған. Кәсіпкерлік бағдарламаларды қолдау – республикалық қаржыдан және кәсіпкерлікті дамыту картасына сәйкес кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің қаржысынан өтеледі.

    −  Жұмыссыздар мен өз-өзін жұмыспен  қамтылғандарға салық органдарына тіркелуі, кеңес және орталық арқылы кәсіпкерліктің негізіне оқуы немесе      «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқуы міндетті. Сертификат алғаннан соң шағын несие ұйымдарына жолдама беріледі. Бүгінгі күнге екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары анықталған жоқ және Ақтау қаласының кәсіпкерлікті дамыту картасы әзірленген жоқ. Қалаларда және ауылда шағын несиені кепілдеу үшін Ақтау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне хабарласып толық ақпаратты ала алады, − деді  қалалық Жұмыспен қамту орталығының маманы Құсайынова Қытай.

       Үшінші бағыты – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының арқылы еңбек нарығын дамыту». Ақтау қаласы бойынша жыл басынан жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасуға 3064 адам хабарласқан. Оның ішінде 2097 адам жұмыссыз ретінде танылды. Тұрақты жұмысқа жыл басында 381 адам, уақытша жұмыстарға 748 адам орналастырылған. Бюджеттен 85321,1 мың теңге жұмсалды. 2017 жылдың басынан уақытша жұмыс орындарын ұйымдастыруға жұмыс берушілер 1179 жұмыс орындарын ұсынды. Жұмыс берушілермен барлығы 253 шарт жасалды.

Жұмыссыз жүрсіз бе?

        Сонымен қатар, жыл басталғалы Маңғыстауда 5 бос орын жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде 55 адам, оның ішінде  19 адам қоғамдық жұмыстармен, 9 адам жастар тәжірибесімен, 15 адам әлеуметтік жұмыспен, 10 адам тұрақты жұмыспен жұмыспен қамтылды:. Сондай-ақ, 26 мамырда ерікті қоныс аударудың өңіраралық жәрмеңкесі өткізілді. Онда Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының өкілдері қатысты. 2000-ға жуық бос орындар ұсынылды және 300 адам қатысты. Маңғыстаудан әзірге 43 отбасы көшуге тілек білдірді. Қазіргі кезде 10 отбасы механик, күзетші, эколог, қаржыгер, аспазшы мамандықтары бойынша жұмыс жасауға қажетті құжаттарын ұсынып, өтініш берді.

Жансая ОРАЗБАЙ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз