АСТАНА. ҚазАқпарат — «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі Қазақстанның елордасы Астана қаласында өтетін ЭКСПО көрмесінің ашылу салтанатының тікелей трансляциясын қамтамасыз етеді.

Көрменің ашылу салтанатының ресми бөлігі 9 маусымда Астана уақытымен сағат 20:17-де басталады.

2012 жылдың 22 қарашасында Францияның астанасы Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында Қазақстан ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Астана үшін ХКБ-ның 103 мүше-мемлекеті қолдау білдірген, ал бельгиялық Льеж қаласы 44 дауыс жинады.

«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу Қазақстан үшін халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі.

Көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ. 

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне 17 мемлекет пен үкімет басшысы қатысады.

Ұйымдастырушылардың мәліметтері бойынша, көрмеге 2,4 миллион адам келеді. Олардың 15 проценті шетелдік турист болмақ.

ЭКСПО көрмесі кешенінің аумағы 25 гектарды құрайды. Көрмеге 115 мемлекеттің өкілдері қатысады.

ҚАЗАҚПАРАТ 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз