Ел шетіне жау тиген қысылтаяң уақыт нағыз ерлердің мойындалар шағы болып есептеледі.  Ежелден –ақ тарих қойнауында  халқымыздың ержүректілігі мен батырлығы турасында көп айтылды. Сол үрдіс қай заманда болмасын өз жалғасын тауып келеді. Қазаққа тән қайсар мінездің қадірін түсірмей, тектіден туған тентектердің бірі ретінде талай асыл азаматтарымыз мойындалды. Сол есіл ерлеріміздің бірі – Исамбаев Жұмағали Сәдуұлы.

Исамбаев Жұмағали Сәдуұлы 1923 жылы қазіргі Түркіменстан Республикасының Краснаводск қаласында туған. Сондай-ақ сол қаладағы Луначарский интернатында тәрбиеленіп, білім алған. Ес білер шақта әскер қатарына алынып, 1942-1945 жылдар аралығында майдан даласында болады. Ат ауыздықпен су ішіп, азамат етігімен су кешкен сұрапыл соғыста жау оғынан қазіргі Волгоград (бұрынғы Сталинград) қаласын қорғауға атсалысып, ерен еңбегімен көзге түсті. Сонымен бірге, соғыс жылдарында артиллерия полкының звод командирі болып, ерлігі үшін 3 орден, 8 медальмен марапатталған. Соғыстан кейнгі жылдарда елге оралып, 40 жыл бойына ұстаздық етіп, жас ұрпаққа білім берумен айналысты.1995 жылы Волгоград (бұрынғы Сталинград) қаласының неміс басқыншыларынан азат етілуінің 50 жылдық мерейтойына құрметтң қонақ ретінде шақырлып, «Құрмет» грамотасымен марапатталады. Сонымен қатар, 1998 жылы Волгоград облысының әскери комиссариятының генерал-майоры В.Киселевтің құттықтау қағазын алды. Саналы ғұмырын Отан қорғап, білім беру ісіне арнаған Жұмағали Сәдуұлы Түркіменстан Республикасының «Аға әдіскер», «Құрметті ұстаз» атты атақтарына ие болған. Жұбайы әжеміз Бибат Қалданбайқызымен 50 жыл бірге отасып, 7 ұл,2 қыз тәрбиелеп өсірді. Жұмағали Сәдуұлы 1999 жылы ауырып, өмірден өтті. Артына өшпес із қалдырып, ұрпақтары айтып жүрер ерліктің үлгісін танытқан Жұмағали Сәдуұлының ардақты есімі тарих жадында сақталып,болашақ ұрпаққа жетуі тиіс.

 Койчукулов Жанұзақ
Исамбаев Бақдәулет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз