Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасы ангиограф аппаратымен толықты. Енді жаңаөзендік дәрігерлер жаңа медициналық аппарат арқылы жүрек-қан тамыры ауруларын емдемек, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Орталық аурухана директоры Мұрат Жарылғапұлының айтуынша, жаңа медициналық қондырғыны пайдалану үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

«Желтоқсан айының соңына дейін ангиограф аппаратын халық игілігі үшін пайдаланамыз. Мұндай медициналық аппарат тек Ақтау қаласында ғана болған. Осы уақытқа дейін науқастарды аурудан айықтыру үшін Ақтауға жіберетін едік. Енді көп ұзамай өз қаламызда жүрек талмасымен ауыратын тұрғындарды емдейтін боламыз», — дейді ол.

Заманауи медициналық құрылғының қыр-сырымен таныстыру үшін Нұр-Сұлтан қаласынан мамандар келеді. Олар аталған қондырғымен қалай жұмыс жасау керек екендігін жергілікті дәрігерлерге түсіндіріп, арнайы тәжірибесімен бөліспек.

Сондай-ақ Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасында анестезиолог, дерматолог, акушер, гинеколог, окулист, лор сынды мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Осы ретте аурухана басшылығы 2022 жылы кадр мәселесі реттеледі деп отыр.

«Бүгінгі таңда жоспар бойынша әкім квотасы арқылы 70-ге жуық маман білім алуда. 2022 жылы кадр мәселесі өз шешімін табады», — дейді Жаңаөзен қалалық орталық аурухананың директоры Мұрат Жарылғапұлы.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Сурет автордан