Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Алдағы екі жылда Қазақстандағы жолдардың 6 мың шақырымы ақылы болады. Жалпылай алғанда, 2024 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдардың 11 мың шақырымы ақылы болмақ. Бүгінгі таңда жол учаскелерінде төлем алу жүйесін енгізу және оған қызмет көрсету жобасына инвестициялық конкурс жарияланған.

Жолдарды ақылы етуге бағытталған жоба 2 кезеңде енгізіледі деп жоспарлануда. Алғашқы кезеңде, яғни 2020 және 2021 жылдардың аралығында автомобиль жолдарының 6 мыңға жуық шақырымы ақылы болады. Бұл – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің, Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасы, Щучинск – Петропавл, Нұр-Сұлтан – Павлодар, Қалбатау – Павлодар – РФ шекарасы (Омбыға), Таскескен – Бақты, Қапшағай – Талдықорған, Атырау – Орал, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт  — Өзбекстан Республикасының шекарасы және Ақтау – Бейнеу жолдарының учаскелері. 2022 және 2023 жылдар аралығында автомобиль жолдарының қалған 5 мың шақырымын ақылы етудің екінші кезеңін жүзеге асыру көзделген.

Айта кету керек, бүгінгі таңда ақылы «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау, «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай» жолдарынан түскен қаражаттың жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асады. Жиналған қаражат аталмыш жол учаскелері мен төлем қабылдау жүйесін күтіп ұстауға жұмсалады.