«Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінде облыстық әкімдігінің және  Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының құрметті азаматы, дәулескер күйші Сержан Шакраттың 80 жас мерейтойына арналған «Саңлақ күйші Сержан» атты кеші өтті.

Мерейлі кешке ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Жалғасбек Бегендіков, Айгүл Үлкенбаева, өнер зерттеуші Карима Сахарбаева, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Темірхан Медетбек, домбырашы, өнерзерттеуші Әбділхамит Райымбергенов, күйші Қаршыға Ахмедияровтың жары Нұрбике Ахмедиярова, республикалық байқаулардың лауреаты Салтанат Құдайбергеновалар атсалысты.

Сонымен қатар өнертойына Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген құрметті қонақтар — ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған, сықақшы Көпен Әмірбек, Шымкент қаласынан — Өтеш Ғұбайдуллин, Оралдан — Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев, Ақтөбеден – Жайлаубай Асылханов, Атыраудан – Әзидолла Есқалиевтің қызы, Самиғолла Андарбаевтың келіні, өнертанушы Алма Андарбаева қатысты.

Кеш аясында белгілі өнерпаздың мерейтойына арналған «Саңлақ күйші Сержан» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев облыс әкімінің құттықтау хаты мен сыйлығын тапсырды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН