Бүгін Ақтауға «Жаңғыру жолы» жобасы аясында ақпараттық керуен келді. Негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жастардың белсенділігін арттырып, мәдениетін қалыптастыру. Бұл туралы Ұлттық дельфий комитетінің атқарушы директоры Құралай Түспекова баяндады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Ұлттық дельфий комитеті Маңғыстауға әлеуметтік жарнама мектебінде оқитын жастарды іріктеу үшін келді. Оған 18–30 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады. Маңғыстау, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтитын жобаға 20 жас іріктеліп алынады. Әрине, ең бастысы әлеуметтік желіде белсенді болуы шарт, сонымен қатар түрлі бейнероликтерді түсіріп, өзінің қабілетін жан жақты көрсете алуы керек. Егер осы шарттарға сай болса, іріктеуден өткен 20 адам Нұр-Сұлтан қаласында өтетін сабаққа қатысады», — дейді Құралай Түспекова.

Жоба барысында қатысушылар режиссерлік, операторлық қабілеттерін жетілдіріп, монтаж жасауды үйренеді. Сонымен қатар түрлі әлеуметтік роликтерді түсіреді. Әлеуметтік мектепті аяқтаған қатысушыларға сертификат беріледі.

Жиынға 50-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жас қатысып жатыр. Комитет белсенділері жастармен жеке сөйлесіп, арнайы сұхбат құрады. Содан кейін топтық жұмыс жүргізеді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет автордан