janaozen ozen Жаңаөзен
Көрнекі сурет сайттың архивінен

Елу жылдан аса тарихы бар Жаңаөзен қаласының өзіндік қаз басу, кемелдену тарихы бар. Ол – еліміздегі алып мұнай кенорындарының біріне иелік етіп отырған «Өзенмұнайгаз» АҚ ұйымдасуына, қарыштап дамуына негіз болған қала. Қалада қоғамға қарасты он алты бөлімшеден өзге мұнайға қызмет көрсететін бірнеше өндіріс орындары бар. Әлеуметтік әлеуеті жыл санап жақсарып, жайнап келе жатқан қалада тұрғындар мен мұнайшы балаларына білім беретін 23 мектеп пен жекеменшікті қоспағанда 10-нан астам емдеу-сауықтыру орындары мен 40-тан астам балабақша, сауда және түрлі тұрмыстық қызмет көрсету орындары тұрғындар иелігіне қызмет етуде. Әртүрлі деңгейдегі мәдениет орындары, спорт сарайлары мен кітапханалар, дамып келе жатқан кәсіпкерлік құрылымдар күн санап көбеюде. Мұнайшылар өндірген қара алтын­ның қайтарымы арқасында қала да­муда.

Жаңаөзен қаласының қазіргі тыныс-тіршілігі журналистер қауымын қызықтырады. Сондықтан Жаңаөзендегі жергілікті және республикалық басылымдардың, телеарналар мен электронды бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін пресс-тур ұйымдастырылды. Екі күн бойы БАҚ өкілдері өндірістік орындарды, әлеуметтік нысандарды, мектептер мен балабақшаларды аралап, мекемелер мен қала және  ауылда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен журналисттер «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өндірістік ғимаратына барды. Онда мұнай және газ өндіру департаменті басшысының орынбасары Әлібек Данабаев тілшілерді қарсы алып, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның жұмыстары жөнінде мәліметтер айтты. Тілшілерге қауіпсіздік ережесін сақтау жөнінде нұстқаулық көрсетілді. Содан кейін арнайы киімді киіп, журналистер өндіріс орындарына аттанды.

Өндіріс орнындағы алғашқы аялдама «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамынна қарасты  Мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының жұмысымен танысудан басталды. Мұнда сораптардың жабдықтарын жөндеу цех басшының орынбасары Абдулла Пиржаров өндірістік базаны аралатып, жұмысшылардың жасап жатқан жұмысын түсіндіріп өтті. Абдулла ағаның айтуынша, басқармада 327 адам еңбек етеді. Басқармада 5 цех және 2 учаске бар. Атап айтар болсақ, №1 Мұнай өндірісі құрылғыларын жөндеу, №2 механикалық, №3 мехаканикалық-жөндеу, №4,5 мұнай өндірісі құрылғыларына қызмет көрсету цехтарымен қоса механикалық- энергетикалық, құрылыс және тұрмыстық жөндеу жұмыстарына қызмет көрсету учаскелері. Басқарманың бұрынғы базасы 60-70 жылдары салынған, апаттық жағдайдағы ғимарат еді. 2014 жылы күрделі құрылыс жұмыстары басталып, нәтижесінде 2018 жылы аяқталып, жаңа ғимарат пайдалануға берілген болатын. Жаңа нысан заманауи станоктармен, киім ауыстыру бөлмелерімен, әкімшілік ғимаратымен қамтылған. Құрылғылар мен жабдықтардың барлығы жаңа.

Жонас Нұрлыбаева, №2 цех, бесінші дәрежелі токарь:

— Үш баланың анасымын. Жұмысымыз қиын. Жауапкершілікті, ыждатахаттылықты қажет етеді. 1984 жылдан бастап токарь болып еңбек етемін. Механикамен жұмыс жасау оңай емес. Бірақ барлығына шүкір деймін. Біздің ұжымымыз өте тату.

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамынна қарасты  Мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасынан шыққан соң БАҚ өкілдері Жерасты жабдығын жөндеу және диагностикалау цехына барды. 2013 жылы Жерасты жабдығын жөндеу және диагностикалау цехы іске салынып, іске қосылғаннан кейін ұңғымаларды жер асты жөндеу цехының жұмысы жеңілдеді. Айтар болсақ, біріншіден жаңа цех қолданыстағы жабдықтарды жөндеу есебі­нен оларды өндірісте көп пайдалануға, ком­панияның жерасты жабдықтарын са­тып алуға шығыстарын үнемдеуге және сол арқылы мұнай өнімін игеруді ұлғайтуға мүм­кіндік береді. Ал екіншіден, бұрын мұ­най­шылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан ашық аспан астында қысы-жазы ыстық-суыққа қарамай қолмен ат­қара­тын жұмысты  автоматты түрде іске асырып, жұмыстары әлдеқайда көп жеңіл­деді. Сондықтан да мұндай заманауи жаңа цехтың ашылуы мұнайшылар үшін ерекше қуаныш  сыйлады. Бір цехтың қуаттылығы жылына 400 мың дана сораптық-компрессорлық құбырды, 300 мың дана сораптық штанганы және 10 мың дана тереңдік сорапты жөндеуге мүмкіндік береді.

Бақтыгерей  ШОПАНОВ, Жерасты жабдықтарын диагностикалық және жөндеу цехы басшысының орынбасары:

— ТМД бойынша баламасы теңдессіз цех алты жылдан бері өз жұмысын үзіліссіз атқарып келеді. 300-ден аса қызметкеріміз бар. Оның 80-і әйел адамдар. Олар ер адамдармен тең еңбек етеді. Жұмыс барысына келер болсақ, басты міндетіміз №1 МГӨБ және №3 МГӨБ мекемелерінен келетін ұңғылардан шыққан сораптық компрессорлық құбыр, сораптық шыбық және терең сораптарды тазалап, жөндеу және сұрыптау. Олардың барлығын арнайы көліктермен әкеледі, апарады. Бір тәулікте 1000-нан аса сораптық комперссорлық құбырларды жөндейміз. Оларды жарамдылығына қарай бөліп, жарамдысын өндіріске қайта жіберіп, жарамсызын бөлек жинаймыз. Жарамсыз сораптық компрессорлық құбырларды қолдануға мүлдем болмайды. Ал сораптарға келсек, оларды ашып, жөндеп, қажет болса қақпақшаларын ауыстырамыз. Бұрандаларын кесіп, жаңасын орнатамыз. Құбыр жуатын 4 ваннамыз бар. Бір жуғанда 60-70 дана компрессорлық құбыр жуады. Сораптық шыбықпен терең сораптарды да жууға арналған 4 ваннамыз бар. Барлығы 8 ваннамыз бар. Оларды 100 градуст қайнаған суға арнайы ертінділер салып жуамыз. Бұл жұмыстар мекемелермен тығыз байланыс орнату барысында жүргізіліп отырады. Бұрын арнайы цех болмаған кезде осындай жұмыстарды мұнайшыларымыз  өндіріс алаңында жауын-шашын, боранды күндерге қарамай ашық алаңда істейтін. Арнайы ванналар болмады. Қолдан жасалған ашық қазандықтарда жуды. Ол мұнайшылардың өміріне қауіп тудыратын. Ал қазір бәрі басқаша. Бәрі бір жерге біріктірілген. Қызметкерлеріміз де арнайы оқыған білікті мамандар. Барлық жағдай жасалған. Мұнайлы өлке болған соң, мұндай цехмыздың болуы мақтан тұтарлық жағдай.

Содан соң журналистер жақында жаңадан іске қосылған көлемі 20 мың текше метр су тұндыру қазандықтың жұмысымен танысты. Қазандық мұнай-су эмульсиясын термохимиялық өңдеуден өткізуге арналған. Ол мұнайды судан ажыратады. Содан барып шикі мұнай терең тазалауға жөнелтіледі. Су жер қабатындағы қысымды сақтау үшін қайтадан жер астына жіберіледі. Жоба жер қабатына сапасы жоғары суды айдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде су сорғы қондырғыларының жөндеуаралық кезеңін ұзартады. Өйткені, су неғұрлым лас болса, құрал-жабдық соғұрлым тез тозады.

Бұл қазандық «Өзенмұнайгаз» тарихында ең үлкен қазандық болып есептеледі. 5, 10 мыңдық қазандықтарымыз да бар. Кен орнынан өндірілген сұйықтықтар осы қазандыққа да келіп түседі. Суға және таза мұнайға айырылып, судың құрамындағы барлық қоспа он екі сағат тұрып тұндырылған соң насоспен қосылып жердің астына айдалады. Биылғы мұнай өндіру жоспары —  5,5 млн тонна. Келесі жылы мұнай өндіру жоспарымыз 5 млн 660 мың тонна мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз, — дейді Мұнай және газ өңдеу департаменті басшысының орынбасары Әлібек Данабаев.

Осылайша, өндіріс орындарының  жұмысымен танысқан журналисттер қара алтын игеруде аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген мұнайшыларға сәттілік тілеп, ары қарай басқа да нысандарды аралауға кетті.

Журналисттердің келесі бағыты Жаңаөзен сүт зауытында жалғасты. Аталған зауытта  қазіргі 80 адам еңбек етеді. Бүгінде зауыт сүт өнімінің 18 түрлерін шығарады, сүт, айран, қаймақ, сүзбе, йогурт, шалап және ұлттық өнімдер түйенің сүтінен шұбат, құрт, балқаймақ, ірімшік өнімдерін өндіреді. Маңғыстау облысына қарасты Шетпе, Шебір, Қызан, Жармыш аудандарындағы жеке шаруа қожалықтарынан түйе сүтін қабылдайды.2018 жылы «Даму» қорының қолдауымен «Даму өндіріс» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген 6 пайызбен қаражат алынып, Ресей мемлекетінен жаңадан құрал жабдықтар сатып алынды. Жылдан жылға сүт өнімдеріне халықтың сұранысы артып келеді.

Жаңаөзенде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті

— Мен осыдан бес жыл бұрын Аграрлық университетті бітірген соң,  сүт зауытына жұмысқа жас маман болып орналастым. Басында жұмысшы болып, кейін тәжірибелі аға мамандардан көп нәрсені  үйрендім. Үш цехымыз бар. Өткен жылы жалақымызды он пайызға көтерді. Тәулігіне 10 тонна сүт өнімдерін өндіреміз. Негізгі келісім-шарт бойынша  «KMG EP-Catering» ЖШС мекемелерін, мектеп, бала-бақшаларды сүт өнімдеріне қамтамасыз етіп отырмыз. Өндірілетін өнімдеріміздің барлығы сертификатталған, — дейді бас механик  Мақсат Шағымбаев.

Сүт зауытынан соң тілшілер Рахат ауылында тұратын тігінші Ақмайра Үбінованың үйіне  барып,тігіп отырған өнімдерін көрді. Ақмайра жылдың басында бастау алған «Бизнес үш күнде» жобасына қатысып, тігін машинасын сыйға алып, қазіргі таңда кәсібін дөңгелетіп отырған тігінші. Ақмайраның  құраған көрпе мен жастықтарына қарап, сүйсіндік. Барлығы да көздің жауын алады, әдемі, әсем. «Жалпы 10 жылдан бері тігумен айналысып келемін. Көбінесе қыздың жасауын тігемін. Әртүрлі көрпе мен жастықтар, ұлттық нақыштағы киімдер. Үш балам бар. Арасында мастер класс өткіземін. Ағамның үйін жалдап отырмын. Болашақта кәсібімді үлкейтіп, дамытқым келеді,» — дейді Ақмайра.

Пресс–турдың келесі аялдамасы Рахат ауылында төселіп жатқан ауылішілік жолдардың құрылысымен танысуға арналды.

«Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» басшысы Жүсіп Көккозов:

— Биылғы жылы Жаңаөзен қаласы және оған іргелес ауылдарға 18, 3 шақырымнан астам асфальт жолдарын құру жоспарланған. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айында  басталды. Бүгінгі күнге дейін 10 км-ден астам асфальтталды. Зауытта асфальт жетіспеушілікке байланысты кішкене кешігіп жатырмыз. Бірақ барлық жұмысты қараша айының сонына дейін бітіруіміз керек. Қазіргі таңда Рахат ауылында, Астана, Бостандық, Ақбұлақ, Мамыр шағынаудандарында автомобиль жолдарының құрылысы жоспарланып, салынып жатыр. Жолдың құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 80 млн теңге бөлінсе, ал жалпы 18, 3 шақырым асфальт жолға республика мен жергілікті бюджетті қосқанда 899 млн теңге қаражат бөлінді. Келесі жылы қалаішілік жолдарды жөндеуді жоспарлап отырмыз.

Жаңаөзенде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті

Пресс турдың соңғы аялдамасы қаламыздағы іргелі мекеменің бірі «Бұрғылау» ЖШС-де аяқталды. Онда БАҚ өкілдері мекеменің өндірістік базасын аралап, жұмысшылардың жұмысымен танысты.

Мустахим Беркалиев, «Бұрғылау» ЖШС бас директоры:

— Қазіргі таңда «Бұрғылау» ЖШС–не 2077 адам жұмыс жасайды. Он айлық тапсырманы орындадық. Біздің негізгі  тапсырыс берушіміз – «Өзенмұнайгаз» АҚ. Сол компанияның ұңғыларын қазамыз. Биылғы жоспарымыз бойынша 212 скважина қазу. 53 скважина жөндеуден өтіп жатыр. Барлық жұмысты қараша айына дейін бітіреміз. 2020 жылға жоспарымыз 216 скважинаны қазуды жоспарлап отырмыз. 33 бригада, 6 цехымыз бар. Барлығы қажетті материалмен қамтылған. Жұмысшыларымыздың әлеуметтік жағдайы жақсы. Келесі жылы мекемеміздің құрылғанына 55 толады. Мерейтойға орай дайындықты бастап кеттік.

Әлеуметтік сала, әкіммен сұхбат

Пресс-турдың екінші күні БАҚ өкілдері қаладағы білім беру, медицина, және спорт орталықтарында болып, қала әкімі Мақсат Ибағаровпен сұхбаттасты.

Журналистер алдымен Жаңаөзен мектеп-гимназиясына ат басын тіреді. Мұндағы қуыршақ театры, домбыра үйірмесі, қоңырау уақытында балалардың тынығып қана қоймай, ой-өрісін дамытуына арналған дәліздегі үлкен шахмат фигуралары, робототехника үйірмесі көңілден шықты. Зина Ноғаева өзі басқарып отырған білім ордасының оқушылары тек Жаңаөзен ғана емес, бүкіл республика, қала берді халықаралық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп жүргенін зор мақтанышпен жеткізді. Мектепке сапар барасында осындай кезекті жеңістің үстінен түсіп, оқушылар мен ұстаздарды құттықтадық. 24 оқушы таяуда ғана Түрік елінің Анталия қаласында ұйымдастырылған халықаралық пәндік олимпиадасына қатысып, қанжығаларын майлап қайтқан екен.

Жаңаөзенде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті

Каспий зияткерлік мектебі, балабақшасы және колледжінің құрылтайшысы жеке кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Исенбай Қалдаманов. Бір білім базасында құрылған оқу ордаларының жұмыс барысымен журналистерді И.Қалдаманов өзі таныстырды.

— Аталған оқу ордаларын құрудағы мақсатымыз – балаға заманауи бағытта, жаңа форматта балабақшадан бастап білім беру. Бізде тәрбиеленген балалар зияткерлік мектепте білімін жалғап, республиканың озық білім беру ұйымдарында оқу алмасу арқылы машықтарын жетілдіруге мүмкіндік алады. «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжін бітірген жас мамандарымызды ең бірінші орындарында өзіміздің білім ордаларына жұмысқа қабылдаймыз. Сондай-ақ, қазір дуалды оқыту жүйесін тұрақты түрде оқу процесіне енгіздік. Бұл дегеніміз – студент оқып жүріп-ақ, жұмыс істей береді деген сөз. Яғни, болашақ маман осы бастан өзінің кәсіби білігін шыңдап қана қоймай, еңбекақы алады және ертеңгі күні тұрақты жұмысқа орналасады, — дейді Исенбай Әбиұлы.

Жаңаөзен «Каспий» жекеменшік зияткерлік мектебінің директоры Гүлнар Меретқызы өз шәкірттерінің өте білімді екендігін, республикалық, халықаралық сайыстардан үнемі жүлделі орындар иеленіп жүргенін айтады. – Бұл жердің басқа білім орындарынан ерекшелігі бала таңертеңнен кешке дейін мектеп қаммқорлығында болады. Осында сабағын оқып, тамақтанып, қосымша үйірмелерге қатысады. Оқу құны – 60 мың теңге. Бірақ жеке жағдайларда жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, мектеп қызметкерлерінің балаларына, мүжәлсіз отбасылардың балаларына арнайы пайыздық жеңілдіктер бар, — дейді мектеп директоры.

«Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжі мұнайлы қалада гуманитарлық бағытта білім беретін жалғыз оқу ордасы. Колледжде бүгінде 600-ден астам студент білім алады. Олардың 278-і дуалды түрде оқиды. Колледж 9 мамандық, 15 біліктілік бойынша маман даярлайды.

БАҚ өкілдері баспасөз туры барысында сондай-ақ, «Жалымбетов» ЖШС медицина орталығында және көпбейінді ауруханада болып, жаңа медициналық құрылғылармен танысты.

Түстен кейін Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров БАҚ өкілдерін қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Мақсат Оңғарбайұлына қойылған ең бірінші сұрақ қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы және көрсеткіштері жайында болды.

— Қала дамуының 2019-2024 жылғы кешенді жоспары бар. Жоспарда Жаңаөзен қаласына қатысты 59 шара бекітілген. Қазіргі таңда біз осы жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде қалаға және оған іргелес ауылдарға жол салу, инфрақұрылымды жаңалау, 3000-нан астам тұрақты жұмыс көздерін ашу секілді ірі бағыттар бар. Кешенді жоспар жыл басында басталып кетті. Оның аясында «Өзенинвест» МКК-ге 350 адам, «Таза су» мекемесіне 90 адам тұрақты жұмысқа қабылданды. Осы жылы республикалық бюджеттен қалаға 18,5 км жол салуға қаржы бөлінді. Қала ішіндегі «Бостандық», «Арай» шағын аудандарына, Теңге және Рахат ауылдарына жолдар салынып жатыр. Сонымен қатар, ертеде салынған тозығы жеткен апатты үйлерді жөндеу үшін «Самұрық-Қазына» ҰҚ-нан 257 млн. алғанбыз. Қазір бұл орайда сметалық жұмыстар жүргізілуде. Келер жылдың басында 25 үйдің күрделі жөндеуін жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Мұндай жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.

— Қаладағы ең өзекті мәселе жұмыссыздық. Бұл орайда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Жаңаөзенде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті

— Қазіргі таңда 8 мыңнан астам жұмыссыз тұрғынымыз бар. Мәселе жіті бақылауымызда. Қазір бұл азаматтарды мердігер мекемелерге тұрақты қызметке орналастыруға жұмыстанып жатырмыз. Соңғы айда 50 адам «Өзенинвест» мекемесіне, 51 адам «BN group» мекемесіне тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге арналған технопаркте жұмыс жасауға барлық қолайлы жағдай жасалған. Таяуда ғана Рахат ауылынан САК базары ашылған болатын. Бүгінде автобазарды сонда көшірдік. Бұл жерде жұмыс істеймін деуші кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, кәсіпкер алғашқы 6 айда жалға алу құнын төлемей кәсібін жүргізе беруіне болады. Мұның барлығы да өңірдегі орта және шағын бизнесті дамытып, азаматтарды жұмыспен қамту бағытында жасалып жатқан жұмыстар легі.

— Жаңадан ашылмақ 3000 жұмыс орны қай саладан болмақ?

— Жаңа жұмыс орындары «Өзенмұнайгаз» АҚ сервистік қызмет көрсететін мекемелерден, сондай-ақ, шағын және орта бизнес салаларынан болады деп күтілуде.

— Қаладағы білім және медицина ордаларын аралағанда кадр тапшылығы бар екенін көрдік. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

— Ия, қалада дәрігер мен мұғалім тапшылығы бары рас. Бұл орайда жұмыстанып жатырмыз. Кешенді жоспар аясында биыл медицина саласының қызметкерлеріне арналған 180 орындық жатақхана салынбақ. Басқа қалалардан келіп жұмыс жасаймын дейтін білікті мамандарға бар жағдайды жасауға дайынбыз. Медицина саласында тағы бір айт кетерлік жаңалық — 50 орындық аурухананың салынып жатқандығы. Құрылыс келер жылдың 1 қарашасында бітеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қалалық орталық ауруханада жеке кәсіпкердің қолдауымен жүрек ақауларына күрделі оталар жасайтын орталық ашылып жатыр. Мұнда елордадан дәрігерлер келіп жарты жыл біздің мамандарды оқытады.

— Қаланың демографиялық жағдайы өте жақсы екенін білеміз.

— Иә, қалада қазір 153 мыңдай халық бар. Жыл сайын көрсеткіш 3-3,5 мыңға тұрақты түрде өсіп отыр.

— Әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Парақшаңызды өзіңіз жүргізесіз бе әлде арнайы мамандар ма?

— Әлеуметтік желідегі парақшамды баспасөз хатшысы жүргізеді. Бірақ барлығы өзімнің жеке бақылауымда. Өте көп сұрақтар келіп түседі. Көпшілігін сала бойынша тиісті мамандармен ақылдасып, жауап береміз.

— Ерікті қоныс аудару бағдарламасы қалада жүзеге асырылып жатыр ма? Жаңаөзеннен басқа өңірлерге көшіп, қазір орнығып кеткен отбасылар бар ма?

— Ерікті қоныс аудару бағдарламасы республикалық, жергілікті бюджеттен және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның демеушілік көмек қаржысы арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда 126 отбасы Ақтау қаласына көшеді деп жоспарланған. Оларға 70 пәтер алынды. Жалпы жыл соңына дейін 394 отбасы қоныс аударуы тиіс.

— Мақсат Оңғарбайұлы, бүгінгі күннің жастарына қандай баға берер едіңіз?

— Жастар қазір өте сауатты және белсенді. Бірнеше күн бұрын ғана қала жастарымен кездесу өтті. Жиын еркін форматта болды. Жастар қаланың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне қатысты өзекті тақырыптарды қозғап, сауалдарын жолдады. «Бүгінгі күннің жасы қандай? Қазақ жастары қандай?» деген сұрақты мен көбінесе өзге елдерден келетін әріптестерімнен сұраймын. Олардың ең бір таңқалатын тұсы — қазақ жастарының тілге деген икемділігі екен. «Қазақтар әлемнің кез келген тілін еркін меңгеріп кете алады, олардың потенциалы мықты» деп сүйсінеді. Және қазақ жастарын өте білімді деп мақтайды. Осындай сөздерді естігенде әрине риза боламын.

— Сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңізге табыстар тілейміз!

Гүлсім МҰРЫНОВА

Айжан НАСЫРОВА