Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров Мұнайлы ауданы бойынша әлем чемпиондарымен кездесті.

Әлем чемпиондары туралы айтатын болсақ, Алия Тлепова ─ Маңғыстау ауылының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде джиу-джитсудан жаттықтырушы-бапкер. Ол 1997 жылы Түрікменстан Республикасы, Балқан облысында дүниеге келген. Қазір Маңғыстау ауылының тұрғыны. Джиу-джитсудан Қазақстан Республикасының спорт шебері, бірнеше дүркін республикалық жарыстардың жеңімпазы.

2019 жылдың қазан айының 18-20 күндері аралығында Украина елінің Киев қаласында ерлер мен әйелдер арасында джиу-джитсудан «Комбат систем» бойынша әлем чемпионаты өтті. 24 мемлекет қатысқан әлем чемпионатына Қазақстан бойынша 26 спортшының ішінен Алия қара белбеу иегері атанып, 62 кг салмақта чемпион атанып, алтын медаль иеленді.

Темірлан Әбішев 1983 жылы 18 ақпанда Түрікменстан Республикасы, Ашхабад қаласында дүниеге келген. Қазір Басқұдық ауылдық округінің тұрғыны. 2014-2015 жылдар аралығында Мұнайлы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болып, 2015-2017 жылдар аралығында Басқұдық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күресінен жаттықтырушы-бапкері болды. Грек-рим күресі бойынша Түрікменстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері болған. Халықаралық турнирлердің және бірнеше рет Қазақстан Республикасы Чемпионатының жеңімпазы.

Темірлан Әбішев 2019 жылы қазан айының 8-13-і күндері аралығында Грузия мемлекетінің Тбилиси қаласында грек-рим күресінен ардагерлер арасында әлем чемпионатына қатысып, күміс жүлденің иесі атанды.

Айдос Мұқат ─ Дәулет ауылдық округінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің каратэ бөлімінің спортшысы. Ол 2004 жылы 17 мамырда Маңғыстау облысында дүниеге келген. Қазір Дәулет ауылдық округінің тұрғыны. Каратэ-додан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Бірнеше дүркін халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы. 2019 жылдың қазан айының 24-27-і күндері аралығында Оңтүстік Америка, Чили мемлекеті, Сантьяго қаласында өткен каратэ-додан әлем чемпионатында қола жүлде иегері атанды.

Жиын барысында Рахат Тезекбайұлы жас спортшыларды спорттағы жеңістерімен құттықтап, оларға ақшалай сертификаттар табыстады.

Талшын ҚОШГЕЛДЫЕВА,
Мұнайлы аудандық әкімдігінің баспасөз хатшысы