Сурет сайт архивінен

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізіледі. Бүгінде оның қоры жинақталып, Ұлттық банкте сақталады. Қазақстанның бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген. Бұл қаржы болашақта МӘМС пакеті аясындағы қызметтер ақысын төлеуге жұмсалатын болады.

Биылғы қазан айында Медициналық сақтандыру қорына, Маңғыстау облысындағы жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлерден қазан айында 478 миллион 343 мың теңге шамасында жарна түсті. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалы хабарлады.

— Нақтырақ айтқанда, қорға 265 мың теңгедей қаржыны жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар аударса, 478 миллион 78 мың теңге–жұмыс берушілердің аударымдары, — дейді «ӘМСҚ» филиалы директорының орынбасары Жанетта Керимбаева. — Біздің өңіріміз жарна төлеу бойынша аймақтар арасында 6-орында. Бұл көрсеткіш жөнінен Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары көш бастап тұрса, Қарағанды облысы үшінші орыннан көрінді. Маңғыстау бойынша 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 тамызына дейінгі аралықта жинақталған жарнаның жалпы сомасы 11 миллиард 336 мың теңге, ал бүкіл республика бойынша қорда 224 миллиард теңгеге жуық қаражат жинақталған.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА