Токиода 25 тамыз күні дзюдодан Әлем чемпионаты өтеді. Оған маңғыстаулық дзюдошы Руслан Мұсаев пен Анна Казюлина қатысады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Қазіргі таңда әлемдік додаға Қазақстан командасынан 13 спортшы қызу дайындық жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде бас бапкер Айдын Смағұлов айтты.

«Әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын спортшылар қатарында екі маңғыстаулық бар. Олар 81 келі салмақтағы Руслан Мұсаев пен Анна Казюлина. Сонымен қатар Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Ерлан Серікжанов, Елдос Жұмақанов, Жансай Смағұлов, Дидар Хамза, Ислам Бозбаев, Айбек Серікбаев бақ сынайды», — дейді ол.

Бас бапкердің айтуынша, аралас командалық сында 73 келі салмақта Серік Ақылбек, 90 келі салмақта Ислам Бозбаев және +100 келі Ерасыл Қажыбаев өнер көрсетеді.

Маңғыстаулық Руслан Мұсаев оқу-жаттығу жұмыстарын бастап кеткен. Ол қазір Барабойда өз біліктілігін шындауда.

«Әлем чемпионаты алдында Барабойда дайындық жұмыстарын өткізіп жүрмін. Бапкерлерім Әділ Бейсенқұлов пен Айбек Имашев. Токиода өтетін жарыста бар мүмкіндігімді көрсетіп, жеңіске жетемін деген үміттемін», — дейді Руслан Мұсаев.

Бұған дейін ол 2018 жылы Астанада өткен ел чемпионатында 1-орын алған.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА