шетелдік байқаушы

Бүгін — Қазақстанда президенттік сайлау алдындағы «тыныштық күні». Сайлаудың өту барысын қадағалау үшін Маңғыстауға шетелдік бақылаушылар келіп жатыр. Бүгін Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов Ресейдің Ростов, Астрахань облыстары мен Татарстаннан келген байқаушыларға аккредитациялық куәлік табыстады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, ертең 9 маусым сайлау күні 23 шетелдік байқаушы облыста ҚР Президенті сайлауының әділ өтуіне бақылау жүргізеді. Олардың арасында ЕҚЫҰ өкілдері мен ТМД елдерінің азаматтары бар.

шетелдік байқаушы

«Бүгінде Маңғыстау облысында 390 мың сайлаушы бар. Өңірде 223 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Олардың 15-і — ерекше сайлау учаскелері. Өңірдің өз ерекшелігі бар, мұндағы мұнайшылардың көбі вахталық әдіспен жұмыс істейді. Сондай-ақ Маңғыстау облысы теңіз арқылы да, құрғақта да өзге мемлекетпен шектеседі. Сондықтан ауруханалар, әскери бөлімдер мен кен орындарында сайлау учаскелері ашылды», — деді А. Рзаханов.

Аккредитациялық куәлік тапсырылған соң шетелдік байқаушылар сайлау комиссиясының төрағасына өз сұрақтарын қойды.

Басқосудан соң шетелдік байқаушылар Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен кездесті.

шетелдік байқаушы

«Қазақстан халқының саяси белсенділігі, сайлауға қатысу деңгейі жоғары. Шетелде өмір сүретін қазақстандықтардың дауыс беруі үшін сайлау учаскелерінің жасақталғанын білемін. Мәселен, Астрахань облысында Қазақстанның Консулдығы орналасқан. Екі аптадан бері консулмен бірлесе отырып, Астрахань облысындағы ҚР азаматтарының сайлауға қатысуы үшін мүмкіндіктер жасап жатырмыз», — деп атап өтті Астрахань облысы халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрінің орынбасары Алексей Айдин.

шетелдік байқаушы

«Халықаралық байқаушылардың және өзге мемлекет өкілдерінің қатысуы сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етеді. Өйткені бақылаушылар қандай да бір бұзушылықтарды байқаса, оны жоюға ықпал етеді. Біз Татарстаннан 6 адам келдік, олардың үшеуі — түрлі партиядан сайланған Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің депутаттары. Қазақстанның сайлау туралы заңымен толық танысып шықтық. Бүгін сайлау учаскелерінің дайындығын, «тыныштық күнінің» қалай өтетінін, ертең Президент сайлауының заңға сәйкес өтуін қадағалаймыз», — деді Татарстан Республикасы орталық сайлау комиссиясының хатшысы Надежда Борисова.

Журналистермен кездесуде шетелдік байқаушылар тек Ақтау қаласындағы сайлау учаскелерімен, алыс аудандардағы, кенорындар мен әскери бөлімшелердегі сайлау учаскелерін де аралауға ниетті екенін айтты.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН