kalbaev Арғынбек Қалбаев

Дәл бүгін емес шығар ұлы ақырет,
Арғынбек шындықты айтар шын ақын ед.
Алдымнан күтіп алып ауылдастар,
Көңілімді көтеріп қуантып ед.
Сыйласып ғұмыр кешкен қандай бақыт,
Бұл өмір берілмей ме бір-ақ рет?!
Ақынын алақанға салып жатқан,
Жаңаөзенім сіздерге рахмет!…

Иә, «Ақынға қара сөзден өлең оңай».
Бұл – «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа қарасты №1 МГӨБ Жерасты жабдықтарын жөндеу және диогностика цехының жабдықтарды жөндеу механигі, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты, кәдімгі жорық ақыны, от тілді, орақ ауызды Қалнияз Шопықұлының ұрпағы, елге белгілі ақын, халық шежіресінің зергері, марқұм Өмірзақ Қалбаевтың немересі Арғынбектің Жаңаөзеннің топырағына табаны тиюден ауылдастарына риза болып арнаған арнауынан үзінді. Себебі Арғынбек Қалбаевтың Оралға барып, батыс аймағындағы 4 облыстың 13 ақынын жеңіп, олжалы оралған беті еді.

Орда бұзар отызға келген шағында өздері үкілеп бәйгеге қосқан алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы, шашасына шаң жұқтырмай оза шауып, бас бәйгені қанжығаға бөктеріп оралған жүйрігін қала белсенділері мен БАҚ өкілдері қуана қарсы алды. Олардың ішінде Жаңаөзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, «Өнер» МКҚК басшылары мен өнерпаздары, қалалық мәслихаттың депутаттары және тағы басқалар болды. Киелі мекен Маңғыстаудың намысын қорғаған қыранын құшақ жая қарсы алып, қуанышына ортақтасып, құтты қадамдарының молая беруіне тілек білдіріп жатты.

— Ақындар айтысы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының тұрғыны, облыстың құрметті азаматы, айтыс ақындарының көшін бастаған, қоғам қайраткері Шолпан Батырқызы Қыдырниязованың туылғанына 70 жылдығы қарсаңында өткізілді, — дейді Арғынбек Қалбаев. – Шараға халық өте көп жиналды. Айтыс ақындарының өнерін тамашалауға жазба ақындар да, жазушылар мен журналистер де, жалпы зиялы қауым өкілдері қатысты. Айтысқа шөліркеген қаратөбелік қарапайым көрерменнің ықылас-пейілдері еріксіз шабытыңды шалқытып, сахнадағы шабысыңа қанат бітіріп отырды. 4 облыстан жиналған ақындардың бәрі де кілең «Сен тұр, мен атайындар». Қай-қайсысы да оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Сондықтан шаппа-шап басталған айтыс әп дегеннен өте тартысты өтті. Қазылар алқасының ұйғарымымен бірінші орынды батыс қазақстандық Талғат Мықи алды. Екінші орынды Ақтөбе өңірінен келген Жәнібек Бейбітов деген ақын иеленді. Үшінші орынға белгіленген жүлденің біреуін атыраулық Алшынбек деген ақын еншілесе, екінші ақшалай сыйлық пен жүлде сол Батыс Қазақстан облысының ақыны Берман деген азаматқа несіп етті. Әуелден әруақты да батыр ата-бабаларымның арманы мен аманатын  аялап, ардақтауды мақсат еткен мені бәлкім солардың рухы желеп-жебеп қолдаған болар. Әрі үлкен жауапкершілік жүгін арқалап, қара домбыраны қолға алып, қазақтың өрелі өнерін серік етіп, өрге өрлеуге ұмтылған менің 360 әулие қолтығымнан демеп, қорғаған шығар. Әйтеуір, бас жүлде маған бұйырды. Бұл – менің Өзен мұнайшыларының биылғы 55 жылдық торқалы тойына арнаған тартуымның алғашқыларының бірі болып есептеледі.

kalbaev Арғынбек Қалбаев

Сондай-ақ Арғынбек Толыбекұлы қазақ өнеріне жанашырлық танытып, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, ұлттық  таңбаларымыз бен болмысымызды биіктетіп, халықтық істерден қашпай, белсенділік танытып жүрген әріптес ағалары, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаттары Ісенбай Қалдаманов пен Темір Мусаевтың үнемі өзіне қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп, демеушілік жасап отыратындықтары үшін шексіз алғысын да жеткізді.

Мұратбай ҰЛЫҚПАН

Сурет сайттың архивінен. Түсірген Талант ҚҰСАЙЫН