Үздік мектеп музейі

Маңғыстау облыстық білім басқармасының «Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмінің орталығы» МКК ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін «Үздік мектеп музейі» байқауының аудандық кезеңі А.Өтепбергенов атындағы мектепте ұйымдастырылды. Халықаралық музей күніне орай өткізіліп отырған сайысқа музей жетекшілері белсенді қатысты.

Мектеп музейі педагогикасы құралдары арқылы өскелең ұрпақты әлеуметтендіруде және бірегейлігін қалыптастыру процесінде жаңа тәсілде іздеу және өскелең ұрпақты шығармашылық, отансүйгіштік сезімін тәрбиелеуде басты рөл атқарады.

Мектеп жанынан ашылған музей – мектептің жай ғана ерекше оқу бөлмесі емес. Ол өз Отанын, мектебін, жанұясын мақтаныш ететін, өз өлкесінің мәдениеті мен табиғи байлықтарын сақтау алдындағы жауапкершілікті ұғындыратын ашық білім беру кеңістігі болып табылады. Сайыс барысында «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» ғылыми-жобасы, «Музейдің жұмысын сипаттайтын  бейнеролик», «Музей кабинеті» номинациясы бойынша музей жетекшілері өзара сынға түсті. Мамандар бір-бірімен іс-тәжірибе алмасып, музей жұмысы туралы ой бөлісті. 14 мамырда өтетін облыстық кезеңге Маңғыстау ауданындағы Ә.Кекілбайұлы, А.Өтепбергенов, С.Жаңғабылов атындағы мектептің музей жетекшілері жолдама алып, диплом мен қаржылай сыйлыққа ие болады.

«Алдағы уақытта мектеп жанындағы музей жұмысын жандандыру бағытында қаражат жағы қарастырылып, аудан, облыс мектептерінің жанынан ашылған музейлердің көрмесі ұйымдастырылуына қолдау мақсатында жұмыстар жүргізілсе» деген ұсыныстар айтылды. Ә.Кекілбайұлы «Тарихи мұраға қамқорлық жасау — тек өткенге ізет емес, ол, ең алдымен болашақтың қамын ойлау. Қай кезде, қай ғасырда болсын, жүзеге асырылған жақсы істің ұмытылмай, ұрпақтар жадында қалатынын бір сәт естен шығармасақ, кім-кімнің де өткінші тіршіліктің қам-қарекеті мен талпыныстары саналы арна тауып, салиқалана түседі. Сондықтан да мұраларымызға ұқыптылық, бүгінгі эсте- тикалық, этикалық, интернационалдық, патриоттық тәрбиеміздің тіні ажырамас, құрамдас бөлігіне айналуы керек» десе, атадан-балаға мұра болып қалатын құнды деректер мен жәдігерлерімізді сақтайтын, өскелең ұрпаққа насихаттайтын музей жұмыстары өз нәтижесін берері анық.

К.САРЖАНОВА