Әли Қазиев

«Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспектикалы салаларды дамыту керек. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс»

Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан

Елімізде ІТ саласы күннен-күнге қарқынды дамып келеді. Көптеген білім беру ұйымында арнайы ІТ сыныптары ашылып, мектеп оқушыларына компьютерлік бағдарламаны үйретіліп жатыр. Осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген жастардың бірі, ІТ саласының маманы, жеке кәсіпкер, Бейнеу лицейінің робототехника үйірмесі және информатика пәнінің мұғалімі Әли Қазиевпен сұхбатты ұсынып отырмыз.

ІТ саласының маманы ретінде осы саланың маңызы туралы толығырақ мағлұмат берсеңіз?

– Ақпараттық-коммуникациялық технология электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті құралдарды қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді. Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді. Ақпараттық-коммуникациялық технологияның келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы аса мол. Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы атты Жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі» деп атап көрсетті. ХХІ ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір.

– Жеке кәсібіңізге мемлекет тарапынан қолдау болды ма?

– Мемлекет тарапынан көмек алатындай үлкен жобалар жасап жатырған жоқпын. Алдағы уақытта қолдау көрсетеді деген ойдамын.

– Жалпы үйірмеңізде ІТ саласы мен робототехника бағытына деген оқушылардың қызығушылығы қандай?

 – Қазіргі таңда Бейнеу лицейінде ІТ үйірмесіне деген оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Робототехника баланың логикалық дамуын күшейтеді. Түрлі пәнді қамтиды. Бала ойымен қатар қолының икемділігін дамытады. IT саласына қызығатындар қатарында мектеп оқушылары жетерлік. Болашақ ғалымдар мен өнеркәсіпті дамытатын бала дайындауға мүмкіндік бар. Робототехника үйірмесіне 36 бала қатысады. Бүгінгі таңда олар әр түрлі робот жасап шығарды. Олардың барлығы IT саласында жетекші маман болуды қалайды.

– Жетістікке жетіп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

– Оқушыларым жүлделі орыннан құр емес. 2016 жылы аудандық өнертапқыштар сайысында Батырбек Тинеев, Ғарифолла Икенов сынды шәкірттерім бас жүлдені иеленді. 2017 жылы «ҚазРобоСпорт» жарысында жүлделі 3-орын және ынталандыру сыйлықтарын алды. 2018 жылы «ҚазРобоСпорт» және «РобоМаңғыстау–2019» ұйымдастырған жарыста 3-орын алды. Бұйырса, 2019 жылы «РобоМаңғыстау–2019» жарысы өтеді, сол жарыстан да жүлделі орынмен оралатынымызға сенімдіміз.

– Аталған бағыттар бойынша арнайы курс өткізу жоспарыңызда бар ма?

 – Қазіргі таңда курстан өткісі келетін жастар өте көп. Бұйырса алдағы уақытта осындай курс ашып, оқытсам ба деген жоспарым бар.

– IT саласының болашағы туралы өз пікіріңізді білдірсеңіз?

— Ақпараттық технология саласы – қазіргі уақыттың басты дүниелерінің бірі. Себебі жаңа технология бәрімізге қажет және оған деген сұраныс аса жоғары. Күнделікті қолданатын тоңазытқышымызға дейін IT-ге тәуелді. Әртүрлі мобильді қосымшалар бізге әртүрлі мүмкіндіктер беріп отыр. Мысалы, үйде отырып газ, жарық, судың ақшасын телефон арқылы төлеуге болады. Қазақстан IT саласын көбірек дамыту қажет. Қазақстанда ақпараттық технология саласы дамымаған дей алмаймын. Оған үлес қосып жатқан азаматтар бар, бірақ аз.

Бағдарламалау саласы болсын, робототехника болсын бізде көбірек алға қоюды талап етеді. Қазіргі уақытта осы сала мамандары жетіспейді. «Бұған не себеп?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Басты себептердің бірі – жастардың көзқарасының дұрыс болмауы. Біріншіден, ақпараттық технология саласының мамандарының жетіспейтіні туралы көп айтылмайды, екіншіден, компьютерлік бағдарламалау мектеп бағдарламасында дәл қазіргі уақытта 9-сыныптан ғана басталады. Ал батыс елдерінде балаларды компьютерлік бағдарламалауға 4-5 жасынан бастап үйретеді. Себебі олар бұл саланың болашағын түсініп отыр және бұның балаларға басқа салаға кеткеннің өзінде өте пайдалы. Сондықтан сақал шыққанда емес, мейлінше бала кезінен компьютерлік бағдарламалауға баулыған дұрыс. Көбі заңгер, экономист сияқты мамандықтарды 4-5 жыл оқып алады да, 4-5 жыл бойы жұмыс іздеп кетеді. Одан да сұранысқа ие ақпараттық технология саласына барғаны дұрыс әрі осы сала мамандарының жалақысы жоғары. Кем дегенде 100 000-нан басталады. Егер шындап кіріссек, осы саладағы азулы деген елдерге жетуге болады. Әлемдегі Twitter, Facebook, Google, Microsoft сияқты көптеген ірі компанияларда қандастарымыз жұмыс жасап жүр. Оны талқылаудың да қажеті жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Үміт ҚАЗДАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз