Бауыржан Нарбаев bauyrjan narbaev

Бейнеу өңірінен батыр да, палуан да көп шыққаны өткен тарихтан белгілі. Елі мен жұртын жаудан қорғаған батыр бабалардың жолын жалғастырушылар қазірде де баршылық. Олар бейбіт күннің батырлары деген атаққа ие болып, спорт арқылы елге танылып, шетелдің төрінде еліміздің әнұранын асқақтата шырқатып, көк байрақты желбіретіп келеді. Тек Бейнеудің немесе Маңғыстаудың ғана емес, барша қазақтың, еліміздің намысын қорғап, мерейімізді асқақтатып жүрген бейнеулік батыр ұлдар – мақтанышымыз.

Солардың бірі – дзюдодан ересектер арасында Қазақстан чемпионы, жасөспірімдер арасында Азия чем­пионы, Еуропа кубогының иегері, әлем чем­пионатының қола жүлдегері, спорт шебері Бауыржан Нарбаев. Ол – әкесі Мұратбай мен анасы Гүлмираның тұңғышы. Нарбаевтар от­басында дүниеге келген шекесі торсықтай ұлға қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыр­жан Момышұлының аты текке берілмесе ке­рек. Перзентінің болашағынан үлкен үміт күткен ата-­ананың арманы орындала баста­ды. Тек ата­-ана емес, барша бейнеуліктер жиырма жастан жаңа асқан Бауыржанның жеңісіне қуануда.

Бейнеудің атын әлемге танытқан спортшылар
Бауыржан боз кілем төрінде

Бауыржан Бейнеудегі Абай атындағы орта мектептің бастауыш сыныбында оқып жүрген кезінен, дәлірек айтсақ, он жасынан бастап спорттың дзюдо түрімен айналысқан. Алғашқы жаттықтырушысы – Талғат Есекенов. Дзюдодан Грузияда жастар арасында өткен турнирде 1­-орын, Польшада өткен халықаралық турнирде 3­-орын алып, өз мүмкіндігін көрсеткен. Туған ауылындағы орта мектепте 9­-сыныптың жартысына дейін білім алып, кейін Алматы қаласындағы К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп­-интернат колледжінде білімін жалғастыр­ған. Үнемі уақытпен санаспай дайындықпен жүрген Бауыржан Нарбаев өткен жылдар ішінде Литваның Каунас қаласында дзюдодан жастар арасында өткен Еуропа кубогы сарапқа салынған додаға қатысты. Әлемнің 20 мемлекетінің «мен мықтымын» деген білекті де жүректі сайыпқыран спортшылары сайысқа шыққан дүбірлі жарыста бейнеулік жас өрен Бауыржан Мұратбайұлы алтын медальды жеңіп алып, Еуропа кубогының иегері атанды. Бұл жеңіс, әрине, оңайлықпен келген жоқ.

Бауыржан әп дегеннен­-ақ татами төрінде жасындай жарқылдап қарсыластарына қар­сы атойлап шабуылға шықты. Алғашқы қарсыласы тығыншықтай тас түйін неміс спортшысы болды. Әдісі мен айласы жетік, алдырмайтын, ұстатпайтын бұлтарғыш қар­сыласын белдесуде алып жығып, 2 вазари ұпаймен жеңген Бауыржанның мәреге жету үшін әлі де көп күш жұмсап, көп тер төгуіне тура келген. Сөйтіп, Бауыржан екінші сайыста боз кілемге белгиялық палуанмен айқасуға шықты. Бұл қарсыласы бұрынғыдан да бетер шыр айналған шымыр, бабы келіскен бірегей, тау копарардай екпінді спортшы екен. Әйтсе де қазақтың Бауыржаны есе жібермеді. Аңдысып жүріп, қарсыласын шалып жығып, иппон әдісімен ұтқан. Үшінші жартылай финалға жолдама алар жекпе­жекте Бауыржан бұған дейін қарсыластарын шақ келтірмеген Украинаның еңгезердей еңсегей спортшысымен белдесті. Жүлденің ауылы жақын қалғандықтан екі спортшы да өліспей беріспейтін, бір­-біріне, шын мәніндегі мықты қарсылас бола білді. Әйтсе де «Күш атасын танымас» деген біздің Бауыржан украина­лық балуаннан 2 вазари ұпаймен алға шығып, соңынан шалып құлатып, иппон ұпайымен таза жеңіске жетті. Финалға шыққан Бауыржан өзіміздің қазақстандық дзюдошы Дамир Болатбековпен күш сынасып, оны да айқын басымдылықпен жеңді. Сөйтіп, алтын ме­дальға қол жеткізіп, Еуропа кубогының иегері атанды.

– Төрт қарсыласым да осал болған жоқ. Намысты қолдан бермеуге тырыстым, барымды салып күрестім. Бапкерлерім Манарбек Бисекенов, Жомарт Қобыланов ағайларымның сенімін, ата-­анамның үмітін ақтап, алтынды еншіледім. Ендігі ең үлкен мақсат – олимпиа­ да шыңын бағындырып, тәуелсіз қазақ елінің әнұранын асқақтатып, көк туын олимпиада төрінде желбірету, – деп сұхбат берген еді Еу­ропа кубогының иегері Бауыржан Нарбаев.

Айта кетерлігі, сол жолы жастар арасында­ғы дзюдодан Еуропа кубогында ел құрамасы командалық есепте үздік үштіктен көрінді. Қазақстандық жастар еліміздің қоржынына 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальды салды. Осы дүбірлі додадан кейін жақында тағы да жай отындай жарқылдаған Бейнеудің батыр ұлы Бауыржан Нарбаев республика чемпионы болып мерейімізді асқақтатты.

Бейнеудің атын әлемге танытқан спортшылар

Бауыржан қазір Бейнеуде жүр. Күні кеше Бейнеу гуманитарлық-­экономикалық колле­джінің студенттерімен кездесті. Кездесуге Бауыржанды спортқа баулыған алғашқы жат­тықтырушысы Талғат Есекенов қатысты. Кол­ледж директоры Қ.Жаманбаев та – өзінің жас­тық шағын спортқа арнаған ұстаз. Кездесуде Бауыржанның спорттағы жеңісті жолынан дайындалған ролик көрсетілді. Чемпионның бастауышта дәріс берген ұстазы Б.Дәулето­ва бала Бауыржанның қызықтарын айтса, студенттер көкейіндегі сұрақтарына жауаптар алды. Қонақтардың құрметіне жергілікті ақындардың өлеңдері оқылып, әсем әндер шырқалды. Қарсыласының жауырынын жерге тигізген чемпионның ептілігін сынамаққа қызықты ойын ойналды. Сұхбаттасу кезінде жаттықтырушысының жеңіс жолында­ғы сенімі мен көрсеткен бағдары, колледж оқытушысы А.Сарбалаеваның аналық ақ ті­лек-­батасы тыңдалды. Кездесу барысында айтылған әңгімелер мен тағылымды сөздер, еліміздің мақтаны Бауыржанның бойындағы адами асыл қасиеттер, елжандылығы мен ең­бекқорлығы жастарға үлгі болғаны сөзсіз. Кездесу соңында студенттер чемпионнан естелік қолтаңба алды.

Жастарға тәрбие берерлік, тұлғаны та­нытарлық шаралар ауданның көптеген мектептерінде жалғасын табуда. Мысалы, Сам орта мектебінде болған кездесуде Бейнеудің тағы бір қаһарман аршыланы, женіл атлетикадан Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, елімізде алғаш өткізілген паратаэквондодан (61 кг) чемпионы, халыкаралык дәрежедегі спорт шебері Асхат Юсупов, самбодан әлем біріншілігінің қола жүлдегері, кәсіпқой жекпе-­жектен жеті кездесу өткізіп жетеуінде де жеңіске жеткен Руслан Сариев, 2018 жылдың Бейнеу ауданының үздік спортшысы, панкратионнан спорт шебері Жеңіс Қайранов жас шәкірттермен кездесу өткізді. Бауыржандай батыр ұлдармен кездесу Бейнеу лицейінде жә­не өзі оқыған Абай орта мектебінде де өтті.

Шыңғыс пен Жеңіс

Бейнеудің батыр ұлдары, қаһарман ұлдары деп ағалы-­інілі Шыңғыс пен Жеңісті, яғни Қайрановтарды атар едік. Ата­-анасы Исламғали мен Нұрсәуленің отбасында дүниеге келген бұл екеуінің де есімдері өздеріне лайықты қойылыпты.

shyngys Шыңғыс Қайранов

Ағалы-­інілі Шыңғыс пен Жеңіс – желдің өтінде, елдің шетінде орналасқан ең шалғай аудан Бейнеуде тұрып, өз ауылындағы спорт саласының қалай дамығанын дәлелдеп, ауыл­дағы жастардың болашағы үшін тер төгіп жүрген нағыз азаматтар. Ауылдағы жас жігіттерді, соңынан ерген інілерінің барлығын спортқа тәрбиелеп жүр. Шыңғыс – атына сай қайсар, ештеңеден қорықпайтын, темірдей төзім мен шарболаттай шыдамның иесі. Ал Жеңіс болса – атына заты сай жеңістің желбегей желеңін жамылған ақ көңіл, арманшыл, биік мақсатқа ұмтылған жас арыс азаматтың нақ үлгісі. Бұл екеуінің ауылдағы спортты дамытуға арналған мақсаттарының жүзеге асуына, әрине, аудан басшылары, ауылдың бірегей азаматтары үлкен қолдау жасап келеді. «Іздегенге сұраған» демекші, Бейнеу ауданының қазіргі әкімі Бейнеубек Әбілов жастарды қолдауда, жастардың спортпен айналысуына жағдай туғызып, біте қайнасып бірге келеді. Берекелі Бейнеуде орныққан ауызбірліктің үлгісі, міне, осы.

Шыңғыс Бейнеудегі Ы.Алтынсарин атын­дағы орта мектепті оқып жүрген кезінде бокстан облыстық жарыстарда жеңімпаз бол­ды, 2003­-2004 жылдары жастар арасындағы Маңғыстау құрама командасының мүшесі болды. Бейнеудің төл перзенттері Шыңғыс пен Жеңістің жекпе­жек спортына (джиу­-джитсу, панкратион, ММА, греплинг) ерек­ше мән беріп, айналысып, жарысқа шыға бастағанына және спорттың осы түрлеріне шәкірт тәрбиелей бастағанына жеті жылдың жүзі болыпты. Бұл уақытта Қазақстанда бейнеулік жас батырлар спорттың осы түрінен бірнеше рет алтын медаль алды. Олардың бәрін тізбелеп көрсету мүмкін емес. Бейнеулік жігіттер спорттың аталған түрімен Қазақстан­ға кеңінен танылды. Ағайынды қос батыр армандарын іске асыра білді. Шыңғыстың көп жеңістерінің ішінде айта кетсек, ол Каспий теңізі айналасындағы 5 мемлекет арасындағы халықаралық «Жекпе-­жек+21 жас» турниріне қатысып, жеңіске жетті. Сондай-­ақ Алматы облысы, Қаскелең қаласында өткен «Alash pride selection» турнирінде өзбек спортшысын жеңіп жеңімпаз болды.

shyngys Шыңғыс Қайранов

Жеңіс Қайранов – қазіргі күнде Бейнеуде Жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты. Екі жігіт те «джиу­-джитсу», «панкратион», «ұлттық жек- пе­-жек» спорт түрлерінен спорт шебері ата­ғын қорғаған. Азия, Қазақстан чемпиондары. Қазақстанның барлық өңірлерінде өткен жекпе-­жек түрлері сайыстарының бірінші орын жеңімпаздары болып келеді.

– Мақсатым – елге адал еңбек ететін ең­бекқор жауынгерлер дайындау, Қазақстанға жағымды жаңалықтар әкелу, – дейді Жеңіс. Айтса айтқандай, Шыңғыс та, Жеңіс те – өзі­нің нағыз азаматтық борышын ақтап келе жат­қан бейбіт күннің жаужүрек батыр жігіттері.

Атақоныс пен Атакелді

Бейнеудің батыр ұлдары деген атаққа әб­ден лайықты, АТА арманын асқақ шыңға шығаруды мақсат еткен қос бауыр Атақоныс пен Атакелді.

ygylmanov Атақоныс Ығылманов

Атақоныс Ығылманов Алтынсарин мекте­бінде оқып жүрген шәкірт кезінде спорттың тэквондо түрінен Қазақстан чемпионы болды. Бұны заңдылық деп түсінгендіктен болар оның бұл жеңісі туралы кезінде «ләм-мим» деместен қалдық. Егер спорттың осы түрінен мықты тренері болғанда Атақоныс талай белестерді бағындырар еді. Өкінішке орай Зүлфия ұстазы Бейнеуден қоныс аударғаннан кейін Атақоныс тэквондомен жеткілікті айналыса алмай қалды. Есесіне спорттың жекпе-жек түрімен айналысып, Қазақстан чемпионы болды. Атақоныс жеткен жетістіктердің бәрін қазбаламай-ақ тек біріне тоқталайын.

Өткен жылдарда Бейнеуде ережесіз жекпе-жектен жарыс өтті. Жергілікті «Бейнеу ММА» клубы мен Ресей Федерациясы Шешенстан Республикасының «Ойсхар» клубының спортшылары кездесті. Бұл сайыста 35 келіден 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 11 жұп спортшы бақ сынасты. Үш сағатқа созылған бәсекеде бейнеулік сайыпқырандар жойқын жігер, мығым мықтылықтарын көрсетіп, 8 бейнеулік спортшы жеңіске жетті. Жалпы есепте бейнеуліктер Шешенстаннан келген қарсыластарын 8:3 есебімен ойсырата жеңген болатын. Соның ішінде ең шешуші бас жауынгер болып шыққан Атақоныс Ығылмановтың жекпе-жегі жанкүйерлердің әлі есінде. Ол қарсыласын екі минут ішінде ерекше әдіспен шаң қаптырып, айқын басымдыққа ие болған еді. Атақоныс одан бері де спорттың жекпе-жек түрінен жүлделі бірінші орындарды алып келеді. Нағыз спортшыға лайық мінезді, аспайтын-таспайтын, қаймықпайтын, әділдік қағидасын берік ұстаным еткен, сабырлы мінезді бауырым – соңынан ерген інілерінің тәрбиеші ұстазы, қамқоршысы.

Атақоныс – інім Нұржан мен келінім Маралдың тұңғыштары болса, Атакелді – олардың ең кенжелері. Бейнеу аудандық джиу-джитсу және жекпе-жек клубы құрамасының ең жас спортшысы Атакелді Есетов бір жылға жетпейтін мерзім ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Айта кетсек, қолма қол ұрыстан Атырау қалалық ашық чемпионатында – 1-орын, джиу-джитсудан ҚР Федерация кубогы – 1-орын, панкратионнан Азия біріншілігі – 1-орын, панкратионнан ҚР кубогы 1-орын алды. Джиу-джитсу, панкратион спорт түрлерінен спорт шеберіне кандидат атағын қорғап, республика чемпионы, Азия чемпионы атанды. Өткен жылдарда Атакелді Қазақстан құрамасы сапында Мәскеу қаласында өткен греплинг және бразилиялық джиу-джитсудан әлем біріншілігіне қатысып, әлемдік додадан қола жүлдемен оралды. Сайыстарда ылғи бірінші орын алып үйренген Атакелді Мәскеуден үшінші орын алғанына қатты назаланған болатын. Сол кезде он үш жасқа енді толған Атакелдінің бұдан да биік межеден көрінуге мүмкіндігі бар еді, алайда кішкентай ауыл баласының шет тілін білмеуі, өзге ортада өзін жалғыз сезінуі, қасында жақын адамының, жаттықтырушысының болмауы оңай тимесе керек. Солай бола тұрса да Атакелді намысты қолдан берген жоқ, жүлде алып, өзін танытты. Мәскеуде елінің көк туын желбіретті.

Ал 2016 жылдың мамыр айында тек Атакелді үшін емес, бейнеуліктер үшін есте қалған оқиға болды. Бейнеу ауылының төл тумасы, он төрт жасар өрен Атакелді қазақ елінің намысын, үлкен мақсаты мен асыл аманатын арқалап Абу-Дабиге әлемдік чемпионатқа аттанды. Әрине, бұған біреулер күдікпен, біреулер үмітпен, біреулер қуанып, біреулер қызғана қарағаны анық. Әлем чемпионатына Қазақстан құрамасындағы 135 спортшының 32-сі жастар арасындағы категория бойынша қатысқан еді. 100-ге жуық мемлекеттен қатысушылар болған әлем чемионатында Атакелді Есетовтің негізгі қарсыластары Бразилия мен Украина спортшылары болғанын жаттықтырушысы айтқан. Осы Абу–Дабиде өткен айтулы додада Атакелді Есетов қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль алып, еліміздің көк байрағын Абу-Даби аспанында желбіретті. Міне, Бейнеудің дара да дарынды ұлдары осындай болса керек! Атакелдіні спортқа баулыған өзінің туған ағасы Атақонысқа, Шыңғыс пен Жеңіске, Ерсінге, оған қоса Қазақстан құрамасының жаттықтырушысына мың алғыс! Атакелді қазіргі күнде Алматы қаласында оқып, спорттағы жеңісті жолдарын жалғастыруда.

Нұрдәулет Жарылғапов

Сөз соңында айта кеткім келгені, Бейнеуде жоғарыда аттары аталып өткен бес жүлдегерден де басқа күні кеше республикалық додада қарсыластарын қапы қалдырып, «Түйе палуан» атанған Нұрдәулет Жарылғапов сияқты мықтылар бар. Олар туралы жазу болашақтың, менен басқа да журналистердің еншісінде. Білімнен, өнерден, спорттан жүлдегер болып келіп жатқан жастарымыздың қатары көбейіп, жұлдыздары жарқырай берсін!

Айнахан ЕСЕТ

Талант Құсайын мен спортшылардың жеке суреттері пайдаланылды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз