Серік Сариев

Қоғамдағы өзгерістер, жаһандану заманында жастардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін, көшбасшылық біліктілігін, отансүйгіштік сезімін дамыту өзектілігін арттыруда. Бұл жөнінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында адамның құндылығы, рухани байлығы, бойында патриоттық рухы бар көшбасшы жастарды тәрбиелеу қажеттілігі айтылған.

Көшбасшылық сана-сезімді өскелең ұрпақ санасына қондыру үшін бүкіл қоғам, мемлекет болып атсалысу қажет. Осы орайда Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының 2018 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Қазақстан Республикасының стратегиялық даму бағдарламаларын, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды аймақта жүзеге асыру барысын халық арасында түсіндіруге бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруда.

Аталған жоба аясында аталмыш бірлестік мүшелерінің ұйымдас­тыруымен жастар және жалпы тұрғындар арасында өңірге танымал тұлға­ларды, көшбасшыларды насихаттау мақса­тында «Жанымызда жүрген көшбасшы» атты кездесу өтті. Кездесу қонағы – өнер иесі, Абай атындағы мәдени­-демалыс кешенінің көркемдік жетекшісі, халықтық «Жорға» би ансамблінің негізін қалаушы директоры, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының бас балетмейстері Серік Сариев. Кездесуге жастар, ҮЕҰ өкілдері және ардагерлер қатысты.

Кездесуді Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі жетек­шісі Жібек Ахметова жүргізіп, еркін сұхбат түрінде өтті.

Шара «Қоян – Бүркіт» биімен ашылып, кеш қонағы қазақ ұлттық би тарихына шолу жаса­ды. «Қоян – Бүркіт» туындысын алғаш өнерпаз Дәурен Әбіров қойғанын, оның 1938 жылғы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқанын, сол кезде 11 жаста болғанын айтты. Сонымен қатар «Қоян – Бүркіт» биінің мазмұны бойжеткен мен бозбала арасындағы алғашқы махаббат, қыз алып қашу дәстүріне негізделгенін түсіндіріп берді. Серік бұл туындының қазақ биінің алтын қорындағы шедеврлер санатынан орын алғанын, соңғы кезде өзінің классикалық би өнеріне ден қоя бастағанын айтты.

Биді Маңғыстау өнер колледжінің хорео­графия бөлімінің 3­-курс студенттері Нияз Қайырлиев және Рыскенова көпшілікке ұсынып, кеш барысында Камила Мұрат «Шалқыма» биін тарту етті.

Кешке қатысқан әуесқой сазгер Ерекен Қорабаев:

— Сазгерлер сізге би қойып беру жөнінде жеке тапсырыс бере ме? – деген сұрақ қойды. С.Сариев Патшайым қыз Томириске арналған авторлық туындысы бар екенін айтып, алдағы ақпан айына жоспарланып отырған үлкен көрмеге қатысатыны туралы ойымен бөлісті.

Кезінде Шара Жиенқұлова билеген «Ай­жан қыз» туралы бір дерек тапқанын, Құрманғазының Адай ауылына келгенде шыққан күй екенін білгенін айтып, күй аңы­зын әңгімелеп берді. Сонымен бірге кезекті бидің сахнаға шығу барысында туындайтын қиындықтарына, шеберлік шыңдаудың жолы сан тарау екеніне тоқталды.

1979 жылы 16  қаңтарда  Шетпе кентін­де дүниеге келгенін, бұйыртса енді 40 жас­қа толатынын айтқан Серік өнерге деген қызығушылығы қалай оянғаны, «Эхо плане­ты» журналын алу үшін поштаға баратыны, көпшіліктен оқшаулау өмір сүретін киноме­ханикпен қарым­-қатынасы жайында естелік­терін шынайы әңгімелеп берді. Сол ерен қызығушылық әсерімен «Кино Индии» де­ген кітапты «Мына кітап кімдікі?» деп 3 рет айқайлап, ешкім жауап қатпағасын сөмкесіне салып алғанын да жастардан жасырмады.

— Біз 6 бауырмыз, жиі жиналамыз. 7­-клас­та қалтамда акт залының кілті болатын. Ұйымдастырушылық қабілетім жақсы болған­дықтан мектеп директоры, завучтармен қарым­-қатынасым өте жақсы болды. Менің қалауы­ ма әке­-шешем ешқашан қарсы болған жоқ. Соның арқасында 3, 4-­кластан бастап үлкен сахнада билей бастадым. Менің бақытыма орай 1994 жылы Өнер колледжі ашылды. Соған оқуға түстім, – деп сыр бөліскен Серік 1997 жылы студент кезінде «Жорға» би ансам­блін ашқанын, сол өнер ұжымына осы күнге дейін жетекшілік етіп келе жатқанын айтты. Жастардың сұрағына орай концерттік киім­дерін өздері тігіп, даярлайтынын жеткізді.

— Биші болу үшін адам бойында қандай қабілеттер болуы керек? – деген сұраққа кез­десу қонағы:

— Табиғи физикалық әдемілік керек. Кәсіби бишілер 11 жастан қабылданады. Иығы кең, басы үлкен адам керек. Басы кіші, мойны ұзын, аяғы ұзын болса, жақсы. Оған қоса музыкалық есту, сезімталдық қабілеті жоғары болуы ке­рек. Ол табиғатқа қарсы шығумен бірдей да­йындықтарды қажет етеді. Одақ кезінде биші маман 35­-36 жасында демалысқа шығатын заң болды. Ол оның күрделілігін көрсетеді. Одан соң ұстаздықпен айналысуға болады.

Әдістемелік құралдарымен көмектесуін сұраған, кездесуге арнайы Жаңаөзеннен ке­ліп қатысушы балабақшаның музыка мама­ны «Қазақ биі» топтық жетекшісі Махаббат Рейімоваға көмек беруге дайын екенін білдірді.

— Неден шабыттанасыз?

— Кез келген әдемі нәрседен. Ол әдемі музы­ка немесе сурет, адам, соның бәрінен шабыт аламын. 14 мемлекетте өнер көрсеттік. Менің арманым – кәсіби би орталығын ашу.

Кездесуге қатысқан еңбек ардагерлері Ақ­моншақ Баужанова, Бекбасар Төлегеновтер тілек айтып, өнер иесіне шығармашылық та­быс тіледі:

— «Талапты ерге нұр жауар» деген бар, міне, Серікке сол талаптанғанының арқасында нұр жауып тұр. Дүниежүзіне қазақ биін таныта бер. Маңғыстауды әлемге таныта бер, өмір жасың ұзақ болсын! – деді олар.

— Өмірде үлгі тұтатын адамыңыз?

— Үлгі тұтатын адамым – өз анам. Ол қолөнер шебері. Әкесі ағаш шебері болған.

Кездесу барысында Серік Сариевтің тұл­ғалық және саяси ұстанымын өскелең ұрпақ арасында насихаттап, қатысушылар «көшбасшы» ұғымын жан-­жақты дамыған үйлесімді тұлға ретінде қарай отырып, оның қалыптасуы мен дамуына ықпал ететін отба­сы, қоршаған орта, мектеп, табиғат, ұлттық тәрбиенің рөлдері талқыланды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз