Қолынан келгенді іс қылып өскеннен болар, бір істі үйрену Ақан Әбдіғапароваға қиынға соқпайды.

Алдымен өзінің әлеуметтік желідегі инста парақшасында тоқыма бұйымдарымен танылған түпқарағандық Ақан апайды ауданда көбісі таниды десек те болады. Жас күнінен жаңа іске қызығушылығы басым ол белсенді әрі тиянақты. Кәсіпкерлік ауылына бұрындары да бір келіп, алып-сатумен айналысқан екен. Алайда заман тоқтап тұрған жоқ. Секундтар ақпаратты ығыстырып, жаңалықты енгізіп жатырған жылдам жылжып отырған кезеңнің заманауи адамы ретінде ол уақыт тамырын басып, кәсіптің бағытын басқа арнаға бұрып, көп ойланбай іске кіріседі. Қолынан келетініне сенімді жан әр іске де батыл қадам жасайды. Сол батылдықтың бастапқы баспалдағын да сәтті аттаған ол қаржылық қолдау да ұтып алады. Соңғы кезде көп сұранысындағы «Қыз жасауын» жасап жүрген ісмердің ісі ілгерілеуде.

— Тоқуды үйрендім, киін тігін тігуге көштім. Қыздарым тұрмысқа шыққан кездерде жасауын өз қолымнан жасаған едім. Көрген адамдар қызығушылық білдіріп, тапсырыс бере бастады. Содан бастап, тігуді қолға алдым. Үйімнің жанынан осы ісімді ілгерілету үшін тігін шеберханасын салған едік. Сол шеберханадағы шағын жұмысым кеңейіп келеді. Жақында ОБСЕ ұйымдастыруымен өткен үлкен форумға барып қайттым. Содан әсермен оралып, бір істі кәсіпкерлік бағытта бастауға ниет ояна бастады. Кәсіпті кеңейтіп, оны сауатты жүргізу үшін білім алып, заманға сай істі жүргізуге үйрену керек екен. Әр істе білімді жетілдіре отырып, жасаған қадам шатастырмайды деп есептеймін. Жыл басында өңірде Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен «Маңғыстау облыстық азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі жүзеге асырған «Ауылды бірлесе дамыту» жобасы аясында қаржылық қолдау жариялап, байқау ұйымдастырған еді. Елді мекендердің экономикасының дамуына қолдау көрсету, тұрғындарының әлеуетін арттырып, ауылды жаңғыртуды мақсат еткен жобаға өтініш беріп көрдім. 54 адам қатысқан болатын. Соның ішінен 6 адам болып, оның үшеуі осы өз ауданымыздан, ұтып алдық. Қаржылық қолдау ұсынушы 1 200 000-дей қаржыға керек жабдықтарымызды алып берді. Жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарлама аясында алған қаржылық қолдауға өз тарапымнан да 20 пайыздай қосуым керек болатын. Барлығы 1 500 000 теңге көлеміндегі қаржыға 3 өндірістік тігін машинесін, 1 тұрмыстық тігін машинасын, үлкен үстел, стелаж және көрпені тігуге арналған станокты арнайы Алматы қаласынан алдырттық. Бұрын қарапайым тұрмыста қолданып жүрген іс машинаммен 2 айда 1 қыз жасауын жасаушы едім. Енді бір айда 2 қыз жасауын жасап отырмын. Бұл байқауға қатысып, ұтып алған өндіріске арналған тігін машинам маған кәсібімді кеңейтуге мүмкіндік туғызып отыр. Бұрын тапсырысты көп алуға мүмкіндік болмап еді, уақытында орындай алмай қалам деп бас тартатын болсам, қазір қуана тапсырысты қабылдап жатырмын. Қосымша тоқыма бұйымдарына да тапсырыстар алып жүрмін. Қазір кәсіпкерлер үшін әлеуметтік желілер жақсы болды ғой. Инстаграм арқылы өз жасаған заттарымызды жарнамалап, ұсынып отырмыз. Көмекке қыздар келіп жүр. Әзірге оларды бақылап, қараудамын. Негізінен «қыз жасауы» бойынша тапсырыстар болғасын жауапкершілікпен қарап, өзім орындауға тырысамын. 5-6 айдың шамасында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесіне қабылдандым. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, жұмыспен қамтып, ісімді ілгерілеткім келеді, — дейді өзінің қолөнерін бизнесте сынап, табыс көзіне айналдыра білген Баутин ауылының тұрғыны Ақан Әбдіғапарова.

Милана ӘМИНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз