Бүгін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев «Құрмет» орденінің иегері, дәулескер күйші Сержан Шакратты қабылдады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Жиынға республикаға есімі белгілі күйшілер, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты. Олар Сержан Шакраттың шығармашылығына тоқталып, азаматтық болмысы мен қоғамда атқарып жүрген еңбегін айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев Сержан Шакратты қабылдады

«Сержан Шакрат ағамыз домбыраны жанына серік етіп күй өнерін насихаттап жүрген Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының құрметті азаматы. Биыл ұлттық дәстүрді ұлықтап, қазақы құндылықты дәріптеп жүрген ағамыз 80 жасқа келді. Осы айтулы күнді облыс көлемінде атап өтудеміз. Қазіргі таңда домбыраны жас ұрпаққа үйрету үшін мектеп бағдарламасына «Домбыра дастан» жобасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонда әр қазақ домбыра құлағында еркін ойнап, кем дегенде бес-алты күйді жатқа біліп шығады», — дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев.

Сержан Шакрат – қазақ күй өнерінің хас шебері, «төкпе» күй өкілі. Ол «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Нар идірген», «Үш ананың айтысы», «Құлшардың кемпірмен, қызбен тартысы», «Есірдің Хиуа сапары» атты топтама күйлерді шебер орындап, Маңғыстауға тән аңыз күйлерді кеңінен насихаттап жүрген біртуар азамат.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН