дзюдо

Бүгін, 7 қараша күні дзюдодан КСРО спорт шебері Баламұрат Ақшабаевты еске алуға арналған Х халықаралық турнирінде командалық бетпе-бет белдесу нәтижесі бойынша Нұр-Сұлтандық топ жеңіске жетті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

2003-2005 жылғы дзюдошылар арасында өткен командалық бетпе-бет додада ІІ орынды Ақтаулық «Жас батыр» спорт мектебі иеленсе, ІІІ орынға Ақтаулық «Шоғы батыр» спорт мектебінің шәкірттері шықты. Жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлық табысталып, медаль және кубоктармен марапатталды.

— Барлық команда жақсы дайындықпен келген. 3 командамен кездесіп, І орынға шықтық. Өте қуаныштымыз, — деді Нұр-Сұлтан командасының дзюдошысы Мерей Мархамбетов.

Командалық бетпе-бет бәсекеде 2003-2005 жылғы ұлдар 50 келіден 81 келі салмаққа дейін татамиге шығып, өзара күш сынады.

— Жарыстың деңгейі өте мықты. Спортшылар өте жақсы дайындықпен келген. Әрқайсысы өз шеберлігін танытқан үлкен дода болды. Жасөспірімдер осындай жарыстарда шыңдалып, әлемдік татамиде бақ сынауға қанаттанады. Жан-жақтан келген спортшылар ерекше күресу мәнерімен дзюдо күресін Маңғыстау халқы алдында паш етіп, жарыстың жақсы өтуіне атсалысты, — деді турнирдің бас төрешісі Талғат Есекенов.

есекенов

5 қараша күні басталған турнирге жалпы 22 команда қатысты, оның төртеуі шетелдік. Жарысқа қатысушылардың арасында Азия және Еуропа кубоктарының иегерлері де бар.

— Әкеміздің атына өтіп жатқан турнир 10 жыл бұрын Бейнеу ауданында басталған еді. Бүгінде халықаралық дәрежеге жеткен турнирге келген қатысушыларға ризамын. Бұдан әрі де жалғаса береді деп ойлаймыз. Болашақта жарыс деңгейін көтеруге байланысты жоспарымыз көп, — дейді Баламұрат Ақшабаевтың ұлы Әбдісалан Сұлтанбаев.

Ал 3 күнге созылған халықаралық турнирдің бас төрешісі Талғат Есекенов жасөспірім спортшылардың басым бөлігі иппон бағасын, яғни таза жеңіс алғанын айтты. Иппон дзюдо спортындағы ең жоғарғы баға екенін ескерсек, турнирге қатысушы жасөспірім дзюдошылардың талай додаларда топ жаратынына сенім мол.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН