Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Болат Ережепов Маңғыстау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстағы ұзақтығы 191,5 шаршы шақырым жолдар жаңартылатындығын осыған дейін хабарлаған болатын. Орта деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілетін жолдар қатарына Форт-Шевченко – Таушық автожолының 0-52 км. енді.

Жобаның жалпы құны – 1,324 млн.теңге. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен бөлінген 533 млн.теңге қаражатпен құрылыс жұмыстары басталып та кеткен. Жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі 2020 жыл деп көзделген. Көптен күткен жаңалық құлағына тиген халықты басты алаңдататыны – жөндеу жұмыстарының сапалы өтуі. Бұл тарапта тұрғындарға 2019 жылдың наурыз айында Маңғыстауда Ұлттық жол активтері сапасы орталығының ашылғанын айта кеткіміз келеді. Автомобиль жолдарын бақылауды қамтамасыз ету негізгі мақсаттары болып табылатын аталған орталықтың директоры Тұрбек Спанов барлық жаңартылатын жолдардың сапасы қадағалауда болатындығын мәлімдеді.

Ақкетік-ақпарат