Ақтау қаласындағы «Түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында» ІІ Халықаралық шахмат турнирі өтті. Ақыл мен алғырлық сынға түскен сайысқа Ресей, Қырғыз елдерінен және республиканың барлық аймағынан 180-нен астам жас шахматшылар қатысты.

Шахмат турнирінің ашылу салтана­тына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мама­ева құттықтау сөз сөйлеп, қа­тысушыларға сәттілік тіледі. Ақыл мен тапқырлықты ту етіп, логикалық ойлауға, бола­шақты болжауға, есте сақтау қабілетін арттыруға септесетін интеллектуалдық ойында зердесі терең, ойы ұшқыр, таланты мол жастар білім шыңына көтеріліп, жеңіске жетті. Оларды Қазақстан Республикасының шахмат бойын­ша халықаралық FIDE арбитрі Азамат Ағыбайұлы басқарған төрешілер алқасы бағалады.

Турнир бес күнге созылды. Нәтижесінде, командалық есепте Павлодар облысының командасы үздік атанып, шах­матшылардың бас кубогын жеңіп алды. Екінші орынға Назарбаев зияткерлік мектебі ие болса, жүлделі үшінші орын Түркістан облысының коман­дасына бұйырды. 9 жасқа де­йінгі балалардың арасынан Түркістан аймағының жас шахматшысы Асия Асылхан мен жерлесіміз Эдгар Маме­дов І орын иеленсе, 13 жасқа дейінгі балалардың арасынан павлодарлық Владислав Ма­лыгин мен Ақмола облысының қызы Адия Шайкенова жеңіс тұғырынан көрінді. 17 жасқа де­йінгі жасөспірімдердің арасынан қызылордалық Әсел Серікбай мен атыраулық Зарина      Нур­галиева үздіктер қатарынан та­былды. Осы үш жас ерекшеліктері бойынша жеңімпаз атанған шах­матшыларға Білім және ғылым министрлігінің дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды.

Сондай­-ақ Маңғыстау об­лысы әкімдігінің атынан білім басқармасы басшысының орын­басары Гүлмира Қасымқызы қыздар арасындағы үш дүркін халықаралық турнирдің чемпио­ны, спорт шебері, Қызылорда об­лысынан қатысушы Әсел Серікбай мен халықаралық чемпионаттың күміс жүлдегері, дүниежүзілік жас шахматшылар арасындағы үздік бестікке енген жас шахмат­шымыз Эдгар Мамедовке арнайы сертификат табысталды. Жарыста ерекше көрсеткіштер көрсеткен жастар «Ең үздік старт», «Ең үздік мәре», «Жеңіске деген талпыныс» және «Ең жас қатысушы» аталым­дары бойынша марапатталып, дипломдарға ие болды.

Ханым ҚУАТ