Түпқараған ауданымыздың өнері мен спорты, білім мен мәдениет саласының жетістіктерін сүйіншілейтін хабарлар «Ақкетік арайы» газетіміздің әр санында жарияланып келеді. Осы жолы Мұрын Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебінің домбырашы шәкірттері мен ұстаздарының жетістігін жариялап, қуанышымен бөліспекпіз.

«Ақкетік өрендері» домбырашылар ансамблі 26­-30 қазан күндері «КТК – ТАЛАНТ ЛИВЫМ ДЕТЯМ, 2019» байқауының Мәскеу қаласында өткен үшінші кезеңіне қатысып, ең үлкен жеңісі 1-­орынмен басталатын ха­лықаралық байқаудың ең жоғары дәрежедегі дипло­мының иесі атанып келді.

«Ақкетік өрендері» домбырашылар ансамблі жүлдемен оралды

­

— Бұл – ТШО компаниясының Қазақстан бойынша өт­кізген алғашқы қайырымдылық жобасы. Бірінші ке­зеңде еліміздің батыс аймақтары өнерлі балаларының арасында онлайн сайыс түрі ұйымдастырылған еді. Атырау қаласында өткен екінші кезеңге де қатысып, домбырашы ансамбль бас жүлдемен оралып, Мәскеуге жолдама алған болатын. Өте керемет ұйымдасты­рылған жоба болды. Қатысып, жүлделі келген өнерлі өрендердің қуанышында шек жоқ. Себебі Мәскеу төріндегі сайыста қазылар алқа­сында отырған мәскеулік өнер сала­сының профессоры Лугин Сергей Федоровичтің ең жоғары дәрежедегі 20 балдық бағасын алды. Балалар өнерін көрсетумен қатар Мәскеу және Астана қалаларында шеберлік сыныптарынан өтті. Бұл біздің мек­теп тарихында болған ең үлкен же­тістіктің бірі деп мақтанышпен айт­қым келеді, —­ деді Мұрын Сеңгірбек­ұлы атындағы өнер мектебінің ди­ректоры Гүлсім Құлғали бізге берген сұхбатында.

АҚКЕТІК-АҚПАРАТ