сүт зауыты
Сурет сайт архивінен

«Жаңаөзен сүт зауыты» — Маңғыстау облысында сиыр мен түйе сүтін өңдеп, халыққа табиғи өнім ұсынып отырған ірі кәсіпорындардың бірі.

Бұл зауыт  1976 жылы бой көтеріп, 2001 жылы тоқырауға ұшыраған еді. Алайда 2002 жылдың қыркүйегінде зауыт кәсіпкер Сәуле Жақаеваның меншігіне өтіп, жұмысты қайта жалғастырып, өңірдегі мықты кәсіпорындардың біріне айналды.

Сол уақыттан күні бүгінге дейін кәсіпорын техникалары жаңартылып келеді. Тәулігіне 10 тонна өнім өндіретін «Жаңаөзен сүт зауыты» 80 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе, Шебір, Қызан, Жармыш ауылдарындағы жеке шаруа қожалықтарынан табиғи сүт өнімдерін қабылдап отырған зауыт халыққа 18 түрлі дайын өнімді ұсынады.

Қаладағы ірі зауыт мұнай мекемелерін, мектептер мен балабақшаларды сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Айта кетелік, өндіріс ошағы «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорында жыл сайын «Жергілікті ұлттық өнім өндіруші» ретінде тіркеліп тұрады. Сондай-ақ зауыт өндіретін шұбат көпшілік көңілінен шығып, 2016 жылы «Халық таңдауы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанған болатын.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Сурет сайт архивінен