Жуырда Ақтауда Қазақстандағы кәріс киносы фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Фестиваль аясында «Kinoplexx»  кинотеатрында екі толық метражды фильм көрерменге жол тартты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Фестивальдің  ашылу салтанатында  Корей өкілдігінің  65-86 жас аралығындағы ересектер мен қала жастары алдымен «Хает» би ансамблінің корей ұлттық биін және Абай атындағы мәдениет үйінің «DIFaMILY CREW»  тобының  хип-хоп өнерін тамашалады.

Сонымен қатар Қазақстандағы Корея Республикасының елшілігі жанындағы Корей мәдени орталығының директоры  Ли Херан ханым қазақ тілінде сөз бастап, барша көрерменді кинофестивальдің ашылуымен құттықтады. Сонымен қоса ол осындай іс-шара екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі жақындай түсуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігінің  төрайымы  Раиса Маденова ханымға және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Гүлжан Исмурзина алғысын білдірді.

Корей фильмдеріне қызығушылық танытып келген  қонақтардың саны өте көп. Көрермен назарына ұсынылған «Гангстер Шаман» комедиясы және «Читающий лица» тарихи драмасында сатқындық, алдау, арбау, адамның ар-намысы бейнеленеді. Көрерменге толған зал керемет әсермен шықты.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ