әбу

Маңғыстаудың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған спортшылар Кореяда өткен бүкіләлемдік жекпе-жек ойындарында джиу-джитсудан ел намысын қорғап келді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ақмаржан қала Ақтауға әрдайым жақсы жаңалықтарымен оралатын спортшыны шаһар әуежайынан жақындары мен достары қуанышпен қарсы алды. Әр сапарында Қазақстан туын шарықтатып келетін Әбу-Бәкір Жәнібеков бұл жолы да алтын медальмен оралды. Бұл оның биылғы жылы жеткен 8-інші жеңісі.

«Жалпы жарыста 5 кездесу өткіздім. Ақтық ойында Колумбиялық спортшымен кездесіп, 15-12 ұпай санымен жеңіске жеттім. Бұл жарыс Әлем чемпионатынан да жоғары маңызда деп айтуға болады. Мені қолдаған бапкеріме және барша тілеулестеріме алғысымды айтамын. Еңбегім ақталды. Осы қарқынмен жаңа белестерді бағындыруға тырысамын. Маңғыстау облысы атынан Қазақстан құрамасының абыройын қорғап үлкен додаларда бой көрсеткенімнің өзі – жетістік деп білем», — дейді чемпион Әбу-Бәкір Жәнібеков.

Кореяда өткен бүкіләлемдік жекпе-жек ойындарында жалпы командалық есепте джиу-джитсудан Қазақстан құрамасы 2 алтын және 2 күміс медальмен Колумбия құрамасынан кейін екінші орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасындағы маңғыстаулық спортшылар Әбу-Бәкір Жәнібеков 62 келі салмақта файтинг бөлімі бойынша алтын, 52 кг. салмақта неваза бағыты бойынша Мөлдір Мекенбаева күміс, Дархан Нортаев 62 келі салмақта неваза бөлімі бойынша алтын медальді құрама қоржынына салды.

 «Қазақстанның ұлттық құрама құрамында 10 спортшы болды, соның алтауы жүлдемен оралды. Жалпы жақсы нәтиже көрсеттік. Спортшыларымыз бұл жарыстан да жақсы тәжірибе алып келді деп ойлаймын. Джитсерлеріміз бұрыннан да жаман нәтиже көрсетіп жүрген жоқ. Үмітіміз ақталды», — дейді маңғыстаудың мықты спортшыларын бәйгеге қосып жүрген бапкер Болат Дюсембиев.

Айта кетейік, Әбу-Бәкір Жәнібеков 14-15 қыркүйекте Румынияда өтетін Әлем кубогы ойындарында  бақ сынамақ.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

Суреттер автордан