Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасы 31 мың теңге жәрдемақы алып отыр. Ал шілде айынан бастап бұл сома өзгереді. Оның көлемі – 41 мың теңге болмақ, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыға күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшерінде 31 183 теңге жәрдемақы тағайындалған. Енді Елбасының тапсырмасы бойынша жәрдемақы көлемі 30 пайызға өседі. Яғни 41 578 теңге алады. Өзгертілген жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері мен Еңбек комитетінің аймақтық департаменттері автомат түрде қайта есептейді. Сонымен қатар жәрдемақы әр айдың 1-нен 15-не дейінгі жұмыс күндері тағайындалады», — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК» Маңғыстау облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы.

Айтуынша, шілде айынан бастап берілетін жәрдемақыны алу үшін тұрғындар қайта қосымша құжат тапсырмайды.

Елімізде аталған жәрдемақы 95 мыңнан астам адамға тағайындалған. Олардың 82 мыңға жуығы мүгедек баланы тәрбиелеп отырған болса, 13 мыңнан астамы бала кезінен I топтағы мүгедектерге күтім көрсететіндер. Ал биыл Маңғыстау облысында мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға берілетін жәрдемақы бойынша 420 қызмет көрсетілген екен.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА