Омар Хайям

XX ғасырдың басы – қазақ әдебиетіндегі ең бір күрделі кезең. Бұл – қазақ халқы тарихи дамудың аумалы-төкпелі кезеңнен өтіп, еркіндіктің құрғақ қиял, құр арманнан елес боп көріне бастаған тұсы. Бостандықтың биік табалдырығын батыл аттауға таяу қалып, бірақ тауы шағылып, көңіліне кірбің түскен сәті болатын.

Қазақ ұлты не тарих сахнасынан өзіндік орын алуға, не біржола қор халық болып, қорлықта өмір сүруге бейімделуге, орыстың отаршылық саясатына мойынсынуға тиіс болған еді. XVII-XIX ғасырлар – патшалық саясаттың М.Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Қазақтың билеп алған, қол­-ая­ғын байлап, бағындырып алған, жерін алып, өзі­нің төрелерін қазаққа ұлық қыла бастаған уақы­тына келеді. Сыртқы өмірдің осы сияқты себеп­терінен қазақтың ойына уайым араласқан көңілі жабығып, қайғы басқан, сөзінен, өлеңінен, әнінен бұрынғы билік, еркелік, еркіндіктің бәрі де арыла бастап, оның орнын арман­-қайғы басқан кезең».

Ал XX ғасырдың басы – осы бір күпті дәуір бір­қалыпты дамып, жойылуды жақындата түскен зұлматқа қарсы ой оянып, «ұзынның қысқарып, жіңішкенің үзілер» тұсына кеп қалған кезең еді. Ой­-сананы оятудың ең тиімді құралы – адам бол­мысына тікелей әсер етер сөз өнері. Ол дәуір ай­насы болумен бірге сол дәуірдің қозғаушы күші де.

Бұл кезеңді «Қазақ секілді ылғи да қыл үс­тінде жүретін, түйесінің жүгі ылғи да аумалы­төкпелі келетін халықтың біркелкі даму аясында өткізбегені хақ. Ілгері басқан қадамы кейін кетіп, алдым деген бостандығы бодандық, таз кепеш­тің өңі өзгерген түрі боп шыға берген қазақ халқы үшін XX ғасыр әр буын ұрпағы әр қырынан үңі­ліп қарайтын… кезеңге айналары және шындық». Осындай кезеңге орыс отарлау саясаты шектен асқан қысым боп жетті. Дәуірдің демі тудырған әлеуметтік өмірдің сан қатпарлылығы сияқты XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тек әртүр­лі ағымдарды тудырып, мейлінше күрделі бол­ғаны белгілі. Халық санасын оятуда ой айтудың әртүрлі формалары көрініс тапты.

Осыдан кеп ағартушы ақындар, демократ жа­зушылар, діни ағартушы ақындар, кітаби ақындар сияқты замана күйіне әр тарапты үн қосқан сөз зергерлері аренаға шықты.

Егемендігімізді танып, тәуелсіздіктің ыстық табы жылылығын жая бастағанда XX ғасыр ба­сында өмір сүріп, ел санасын оятуға өлшеусіз еңбек сіңірген, қатал саясаттың зобалаңымен есімдері ел есінен өшірілуге айналған көптеген ақын­-жазушыларымыз әдебиет тарихындағы өздерінің сыбағалы орнын әйгілеп, ғасыр ба­сындағы ғана емес, жаңа заманға сай егеменді ел болуымызға, ұлттығымызды тануға игі әсерін тигізуде.

«Уақыт» ұғымы адам санасына бағынбай, ға­рыштық­-ғаламдық құбылыс жетегінде жылыса бермек. Осы ағыстың бір кезеңдік толқынында туып, өзіндік көзқарасы қалыптасқан зама­на ұлының өмір мен өнер әлеміндегі еңбегіне орай өткен кезеңмен сабақтастырылған жаңа деңгейдегі, өзінен кейінгі өнер дамуына бас­палдақ болуда жаңа көзқарастың жандануына игі әсер етер қасиеттер тұрғысынан сол тұлға өмір сүрген қоғамдық мәдениетінің мәселесінде қарастырылуы керек. Сондықтан да зерттеуте нысана боп отырған ақын немесе өнер қайрат­керінің шығармашылық жолындағы көзқарас, пікірлерінің қандай болғанына қарамастан оның жалпы ақындық табиғатына, болмысына беріл­ген баға түгелдей не жақсы, не жаман боп бір­тарапты кету сарынына бой алдырмаған жақсы. Бұл, әсіресе, XX ғасыр басында өмір сүріп, ар­тына мол мұра, өмірі – өлең, өшпес із қалдырған ақындар шығармашылығына тікелей қатысты. Осы зерттеу жұмысымыздың негізгі арқауы бо­лып отырған Мәшһүр Жүсіп Көпеевті де, міне, осындай ақындар қатарына жатқызуымызға әб­ден хақымыз бар.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев XX ғасыр басындағы әдебиеттің әртүрлі саласында қалдырған мол мұраларымен қазақ әдебиеті тарихының атал­ған кезеңінен ерекше орын алады. Ол – қазақ­тың ауыз әдебиетін өзіне дейінгі ірі ақындардың шығармашылығын білумен бірге Шығыстың әйгілі классиктері Науаи, Фирдоуси, Сағди, Ха­физ шығармаларымен де жете таныс болған. Олардан көп үйрене отырып, өзіндік ізденіспен жеткен мол білімнің арқасында көркем шығар­машылықтың биігіне көтерілген ақын.

«Әркім өз жанын тірілтуді керек қылса, ғұмы­рын ғылым-­білімге сарп қылсын. Ғылым­білімге ғұмырын сарп қылмаған пенденің жаны өлік сияқ­ты. Өзі өліп жатқан өлікті кім керек қылады?» деу­мен адамзатқа өлмес сөз, өшпес өнеге айтқан зерделі ақынның өзі де өмір бойы ғылым-­білімге ұмтылып, өмірі ізденіспен өткен екен. Не табыл­са да ғылым-білімнен табылады деп, қараңғылық түнегінен жол таба алмай дағдарысқа түскен жұртына өлеңмен үндеу тастап, ғылым­-білім ар­қылы халқын оянуға шақырады, азаттықты наси­хаттайды.

Ғажайып мұралармен халқының көңіліне ұя­лап «Мәшһүр» атанған Жүсіп Көпеев 1858 жы­лы Қызылтауда, Найзатас деген жерде дүниеге келеді. Өзінің «Мәшһүр» атқа ие болуы жайлы «Өмірбаян» атты өлеңінде былай баяндалады:

Жасымда қойылған ат адам Жүсіп,
Жұрт кеткен сүйгенінен Мәшһүр Жүсіп.
Қолыма қағаз­қалам алған шақта,
Кетемін қара сөзге желдей есіп.
Бес жаста бісміллә айтып жаздым хатты,
Бұл дүние жастай маған келді қатты.
Сегізден тоғызға аяқ басқан күнде,
Мұса еді қосақтаған «Мәшһүр» атты.
Ақын өзі айтқандай, тоғызға енді толған шағында қалың топтың алдына шығып, ауыз әдебиетінің озық үлгілері «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», т.б. сияқты лиро­эпостық жырларды мүдірместен жатқа оқиды екен. Оның өлеңіне риза болған Шорманның Мұсасы Жүсіп­ке «Мәшһүр» атағының таңылуына себепкер бо­лыпты.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев Бұқара, Түркістан, Таш­кентке бірнеше рет барып, білімін жетілдірген. Ол алғаш рет Бұқараға 1887 жылы 29 жасында ба­рады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өз өлендеріндегі деректер бойынша ол 1895 жылы араға сегіз жыл салып, ол жаққа қайта жолы түседі. Ақынның бұл екінші сапарының мақсаты да ғылым жолы еді. Ал Бұқара, Ташкентке үшінші сапарының жөні бөлек. Мұның себебі Мәшһүр Жүсіп 1907 жы­лы жарық көрген «Хал-­ахуал», «Сарыарқаның кіндігі екендігі», «Тірлікте көп жасағаннан көрген бір тамашамыз» үш кітабы үшін заңға ілігіп, ол кітаптары елге таратылмайды және осы кітап­тарды бастырып шығарған Қазан қаласында­ғы Құсайыновтарға он екі мың айып салынады. Ақынның қамаушылар тізіміне ілігіп, ел ішінде жасырынып жүруі, Бұқара, Ташкентке үшінші рет сапар шегуі осыған байланысты.

Дихан Әбіловтің «Мәшһүр Жүсіп» атты ес­телігінде мынадай дерек бар. «Дала уәлаяты» газетінде басылған 1905 жылғы «Қанды жексен­бі» өлеңі, «Сарыарқа кімдікі?» толғауына байла­нысты патша жандармдары Мәшһүрді тұтқын­дап, соттатып жібермек болғанда Мәшһүр лаж­сыз төрт-­бес жыл бойы Орта Азия жақта қашып жүрген.

Бұл мақалада біз Мәшһүр Жүсіп Көпеев мұ­раларының зерттелу жайы, оның шығармашы­лығына берілген әртүрлі пікір, көзқарастар төңі­регі, ақынның әдебиет тарихынан алар орны, оның қаламынан туған көркем дүниелердің тақырыптық, идеялық жағы, бағыт­-бағдары де­ген мәселеге біраз шолу жасадық. Ал енді біз ақынның бүкіл шығармаларының көркемдік ізде­ністеріне барлау жасаймыз. Кез­-келген өнер өлкесінде танылып жүрген жеке тұлғаның қай салада болмасын өзгеге ұқсамайтын, тек өзіне ғана стильдік қолтаңбасы анықталады. Ендеше сөз өнеріндегі қаламының қырымын айғақтай­тын өлеңдері мен өзіндік стилін қалыптастырған ақынның бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев болса, ол бойына қандай қасиеттерді жинақтайды. «Сөз сөзге сәулесін түсіреді» деген атақты теоретик ғалым Потебняның өлең өнеріне қойған негізгі критериі Мәшһүр ақынның өлеңдерінде қалай өрнектеледі. Әдебиет теориясында әртүрлі көр­кемдік әдіс­тәсілдердің түрлерін қолдану арқылы ақын өлеңдеріне қандай эстетикалық мән үстей алады?

Мәшһүр Жүсіп шығармаларының көркем­дік тарапы, ақынның тілі – әлі зерттеуін күтіп тұрған мәселелердің бірі. Кейбір ғалымдар Мәшһүр Жүсіп жайлы жазған ғылыми­зерттеу мақалаларында аз-­кем аялдағаны болмаса, ар­найы зерттеу объектісіне  айналдырып, толыққанды зерделеу ісі бұл салада жоқ десек, артық айтпаған боламыз.

«Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрі­нің келіп құйылар арнасы, әдебиет туралы ғы­лымның ең басты және өзекті мәселесі – образ және образдылық. Образдылық – суреттілік, сөз­дігі – сурет».

«Әр сөз, – дейді Потебня, – қалай болғанда да өзінің поэтикалық шығарма қалпын бастан кешіреді». Яғни әр сөздің түп төркіні – зат, су­рет, образ. Сонымен бірге А.А.Потебня көркем әдебиетте сөздің тек қана мағынаны, автор­лық идеяны жеткізіп қана қоймай, оның өлеңінің көркемдігін, формасын белгілейтінін айтады. Демек өлең құрамындағы бір ғана көркем сөз бүкіл өлең желісі көркемдігіне ықпал жасайды. Суреткерге көркем шығарма тудыруда сөз таң­дау, сөз қолдану, сөз әсемдеу секілді бірнеше үлкен міндеттер жіктеледі. Осы үшеуі де ақын немесе суреткердің шығармасына арқау еткен тақырыбының табиғатына тікелей байланысты жасалады.

Иә, көркем туынды оқырманын эстетикалық та, тәлім-­тәрбие әсерге бөлеу үшін ондағы сөздер бір­-біріне сәулесін түсірер әдемі үндестікте және сөздер арасында диалог болу керек. Шығарма бойында оның көркемдігіне кедергі болар артық сөз болмауы және жүйелі орнын тапқан жүйелі сөз өзге сөздермен үйлесімді әдемі сөз әлемін жасау керек.

Көркем шығарма табиғатына бойласақ, көп­теген ғалымдар арасында осы көркем туынды­ның мазмұндық жағы мен көркемдігінің қайсысы­ның маңызды екендігіне байланысты боп келеді. Біреулері мазмұн – алғашқы десе, енді біреулері – пішін дейді. Әйтсе де шынайы көркем шығар­ма үшін мазмұн мен пішіннің үндестігі ауадай ка­жет. Екеуінің біреуі ақсап жатса, ол толық, бүтін шығарма болмақ емес.

Шығарма негіз болған тақырып, идея тереңдігі оның мазмұндық жағын құраса, суреткер үшін шын өмірлік мазмұнды сенімді, шынайы түрде көркемдікпен жеткізе алса, көркемдік пен мазмұн үйлесім құрады. Демек мазмұн мен форма бүтін бір құбылыстың екі жағы болып шығады. Ака­демик 3.Қабдолов мазмұн мен пішінге былай анықтама береді: «Шығарманың мазмұны – оның ақиқат, шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да пішіні – әдеби қаһармандардың өз­ара қарым-­қатынасына, тағдыр тартысына негіз­делген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі кұрал – су­ретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі».

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ақындық әлемінің көркемдікке жетелер есігін қағар алдындағы ше­гініс ретінде жалпы ақын табиғаты, талант тұр­паты дегенге тоқталып өткен артық емес.

Кейінгі жылдары Мәшһүр Жүсіптің әдеби мұрасын мерзімді баспасөз беттерінде жария­лап, оқушы қауымға ол туралы көп мағлұмат беріп жүрген зерттеуші ғалымның бірі – Сәрсенбі Дәуітұлының ақын жайлы пікірін С.Сүтжанов өзі­нің Ғылым Академиясының «Хабарлары» жур­налында жарияланған мақаласында тілге тиек етеді: «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өлеңдерінің ай­рықша бір қасиеті – қарапайымдылығында. Ол айрықша бояу, тыңнан жаңалық іздемейді, жұрт­ты таңырқата қояйын деген ойында атымен жоқ. Тек өз өлеңдерінде шындықты айтып, халыққа­ мын білдіреді».

Ақын өлеңдерінің көркемдік сипатын айқын­дауға ақынның өз өлеңдері көмектеседі. Көркем шығарманың көркемдік деңгейі ақынның, су­реткердің қиялының ұшқырлығына байланысты. Ал «көркемдік қиял шындық пен шарттылықтың бірлестік, тұтастығына негізделеді. Ол – көркемдік ойлау ерекшелігі, суреткердің дүниеде, өмірде болатын, болуы мүмкін нәрселерді, жай­-жағдайларды қиял арқылы елестеу қабілеті, бей­нелеп көрсету тәсілі».

Ал «неғұрлым жазушы қиялға бай болса, со­ғұрлым шығарма сөзі пікірлі, әсерлі болып шық­пақ».

Ендігі көркемдік түрге келсек, ол – «әдеби шы­ғармадағы мазмұн, мағыналық, ондағы ой­-сезім байлығының сөзбен мүсіндеп, жеткізілген қалпы алуан түрлі суреттеу тәсілдерінің біріккен жүйе­лік тұтастығынан туатын шығарманың көркемді­лік қуаттылығы».

Жазушының өмір шындығына бойлауы, оны сезініп­-түсінуі және сол шындықты сөзбен мү­сіндеп, жеткізу шеберлігі – осы екеуі көркемдік түрдің жасалу шарты. Көркемдік келісім жоқ жер­ де өнер шығармасы өмір сүрмейді. Көркемдік – өнер туындысының салалық көрсеткіші.

«Поэзия – сөз өнері, көркемдік шеберліктің тең­десі жоқ озық үлгісі, оның үстіне поэзияның аса маңызды әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсетер зор мүмкіншілігі бар. Поэзия­дағы, өлең­-жырдағы бейнелі, өрнекті сөздер әлдеқандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуес­тіктен емес, эстетикалық сезімнен, образды, бейнелі ойдан, дүниені ақынша, суреткерше қа­былдаудан туады». «…Бейнелеп айтуға, сұлу сурет жасауға бейімділік өлең тіліне ең бір тән қасиет».

Көркем, бейнелі сөздер әдеби шығармалар­дың мазмұнын аша түсуге, онда айтылар ойды әсерілеп жеткізудегі есебімен өте маңызды. Көркемдеуіш сөздердің көпшілігі метафора, эпитет, теңеу, метонимия, символдардың бәрі екі құбылысты бір­-бірімен салыстыруға, бірінің сипатын біріне ауыстыруға негізделеді. Әрине, өлеңдегі осындай ұқсастыру, балаулардың жай­дан-­жай қолданылмасы белгілі.

Әлдеқандай бейнелі сөздердің арттырудағы орындары ерекше, ол ақынның қолдану шебер­лігіне байланысты. Осы заңдылыққа біз Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің көркемдік қырларын бағдар­лау барысында көз жеткіземіз.

Азатшылдық, ағартушылық идеяларына, әртүрлі танымдық­-тәрбиеге толы шығармаларымен әдеби мұраға үлес қосқан ірі ақынымыз Мәшһүр Жүсіп Көпеев XX ғасыр басындағы дә­уірдің көкейкесті мәселелерін, қазақ халқының хал-­жайын жырлаумен, ұлтын ояту, ілгері бас­тыру, мәдени өркендеу, бақытты, еркін өмірге жетуге үндеумен, елді білімге, ынтымақ-­бірлікке, еңбекке шақыруымен әдебиет тарихынан ерек­ше орын алады.

Қазақ халқының мол мұралы көркем қазы­насының ұзақ та күрделі тарихи даму жолында XX ғасыр бас кезіндегі жазба әдебиетте үлкен орын алады. Осы кезеңдегі әдебиет қайраткерлеріне «XX ғасырдың бас кезінде­гі қазақ әдебиеті» атты еңбектің алғы сөзінде Ш.Сәтбаева төмендегідей баға береді: «Бұл кезеңдегі әдебиет қайраткерлері өткен ғасыр­ларда қалыптасып, орныққан рухани ақыл­-ой ізденістерінің тәжірибесін, жетістіктерін пайда­лана отырып, идеялық көркемдік деңгейі биік асыл мұралар жасады, жаңа тарихи жағдай­ларда оларды жалғастыра дамытты. Сөйтіп замана қажет мүдделеріне ілесе алды, қоғам қал­пын реалистік әрі романтикалық әдіспен бейне­леп, келелі, салмақты ой-­тұжырымдар айтты».

ХІХ ғасыр аяқ шені мен XX ғасыр бас кезінде­гі рухани өмір әдебиет пен өнер алдыңғы жүз­жылдықтардан өзгешелеу, ерекшелеу қоғамдық экономикалық, әлеуметтік-­саяси жағдайларда дамыды. Сондықтан да Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармашылығының дені халықтың әлеумет­тік тұрмысы және дәуірдің осындай қиын жағ­дайында ел-­жұртын «жарық күнге» жетуге ұм­тылдырған, азатшылдыққа алғаш үндеген, на­сихаттаған өлеңдер болып келеді.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының әлеу­меттік даму процесінде ұлттық, отаршылдық то­наудың нығаюы мен ұлғаюына байланысты ішкі прогрессивтік күштер әрекетінде ширыға түсті. Осындай жағдайда Мәшһүр Жүсіп Көпеев те өзге ақын­-жазушылар секілді қоғамдық ой­-сананың оянуына өзінің ұлттық рух, патриотизмге толы өмірлі өлеңімен ықпал жасады.

Ақын өлеңдерінде халық мұңын жоқтап, өткір тілмен отаршылдар әкімшілігінің жауыздығын әшкерелеп, сынға алды. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті көтерген ең негізгі проблемалық тақырыптардың бірі – ағарту, ғылым­-білім де­сек, мұның Мәшһүр шығармашылығында елеулі орын алғанына көз жеткіземіз.

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі