1937 жылдың 15 тамызында КСРО билігі «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастады. Ең алдымен саяси айып тағылғандардың әйелдері кінәсі еш дәлелденбей-ақ қамауға алынып, лагерлерге айдалды. Бас-аяғы бірнеше айдың ішінде барлық «халық жауларының» әйелдері қамауға алынып, сотталды. Тек қана соларға арналып, 1937 жылдың желтоқсанында Қарлагтың Ақмола арнайы бөлімшесі құрылды. «АЛЖИР» – «Отанын сатқандардың Ақмола лагері» (Акмолинский лагерь жен изменников родины) – тұтқын әйелдер оны осылай атаған. Мұнда этаппен 20 мыңнан астам нәзік жанды тұтқында болған. Негізінен олар аттары Одақ көлеміне кеңінен танылған мемлекет, саясат және қоғам қайраткерлерінің әйелдері еді.

31 мамыр – ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде «Мұнайшы» мәдениет үйі Жаңаөзен жұртшылығына «Алжир» спектаклін ұсынды. «Алтын шаңырақ» драма ұжымының әртүрлі салада қызмет етіп жүрген әуесқой әртістері ойнаған қойылым өте әсерлі шықты.

Пьеса тоталитарлық жүйенің құрбаны болған мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, математик, публицист ғалым Сұлтанбек Қожановтың отбасынан басталады. Тоталитарлық жүйе ұлт жанашырын «халық жауы» деп тұтқындап, жары Күләнданы «Отанын сатқан опасыздың» әйелі деп саяси лагерге айдайды. Ары қарай Күләндамен тағдырлас мыңдаған әйелдің «Алжир»-дегі адам төзбес өмірі суреттеледі. Әртістердің сол кезеңдегі қасіретті шынайы жеткізе білгені сонша, иін тірескен залда көзіне жас алмаған көрермен қалмады.

Арын төксе анаңның құзғын, арам,
Жүргеніміз не керек біздің аман.
Көз жасына ескерткіш – «Жалаңашкөл» –
қазақшасы «Алжирдің» — Қызжылаған, — деп Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы оқылғанда жүректеріміз қанжылады…

Ләззат Ерубаева жетекшілік ететін «Алтын шаңырақ» драма ұжымы облыстық, республикалық байқауларда жеңіске жетіп жүрген өнерлі ұжым. Жоғарыда айтқанымыздай, өнер көрсеткен әртістердің бәрі — әуесқойлар. Бірі мұнайшы, бірі ұстаз, бірі кәсіпкер өнерпаздар күні кеше Атырау қаласында өткен І республикалық халықтық театр ұжымдарының фестивалінде «Ең әдемі келіншек» спектаклін сахналап, жүлделі І орынды иеленген.

«Мұнайшы» мәдениет үйінің директоры Дәмелі Өтебаева ұжымды жеңісімен құттықтап: — Бүгінгі қойылымды сахналаудағы басты мақсатымыз – сол бір зұлмат жылдардағы зобалаңды көрсетіп, бар қиыншылықты жеңе білген аналарымыздың ерлігін паш ету, оларға тағзым ету, ұлт үшін жанын қиған ұлыларымыздың ерлігін бүгінгі жас ұрпаққа жеткізу болатын. Көрерменнің ықыласына қарағанда, сол межені орындадық деп ойлаймын, — дей келе, барша өнерпаздарға алғыс хаттар табыс етті.

Біз де өнер ұжымына халықты қуантар дүниелеріңіз көп болсын, жеңістен жеңіске жетіп, қала абыройын асқақтата беріңіздер деген тілек білдіреміз.

Айжан НАСЫРОВА