қалам ручка

Отаншылдық, ұлттық сана-сезімнің оянуы, Мәңгілік елдің ертеңі – жастардың талмас талапты, озық ойлы, еңбекқор да зерделі болуы автордың бүкіл шығармашылығының алтын арқауы. Бұл бүгінгі күннің, қазақ қоғамының басты тақырыбы болғандықтан, ақынның әр жылдарда ұлттық намысты қозғаған бір шоғыр жырлары ұсынылып отыр.

   Ояну туралы

Ояну керек!
Ұйқыдан, әлде қалғудан,
Үйрену керек жасын боп аққан жарқылдан!
Арылу керек бойкүйез, бей-жай сезімнен,
Асығу керек алғанда өмір алқымнан!

Ояну керек!
Ояту керек сананы,
Көп жатпау керек жандардай бейне жаралы.
Ертерек тұрып көз қырын салып Ертеңге, Ояту керек!
Қаланы, бүкіл Даланы!

Ояну керек!
Ояншы, достым, сен мезет,
Болсайшы әркез құс ұйқы пенде елгезек.
Ертемен тұр да еліңді оят ұйқыдан,
Жүргенше жасып, тигізу керек елге сеп.

Көзіңді аш, достым, қолыңды созғын арманға,
Көріну керек келген соң пәни-жалғанға.
Көру де керек,
көрмеу – бұл ісі соқырдың,
Тарылмау керек,
дархандық керек тарланға.

Қараңғы құрсын,
жарқырай түссін жарық күн,
Есейе берсін санасы біздің халықтың.
Өмірге мынау келген жоқ адам ұйықтауға,
Сонда да кей жан
білмейді қадірін жарықтың!

Қараңғы түнде ұйқыда, бауырым, көп жатпа,
Көз салу керек БОЛАШАҚ атты жол жаққа!
Бәріміз, достар, серпиік түннің құшағын,
Тез жету үшін бақыттың нұры мол шаққа!

                                                   1980 жыл

   Санадағы сілкініс

Ей, қазағым, ел болдық қой еңселі,
Көтеретін күн де келді еңсені.
Есебіне қоспаушы едім ездердің,
Ер мінез деп еркін өскен мен сені.

Аш көзіңді, жый есіңді, түрегел,
Замандасым, сүйсең елді шын егер.
Жалт-жұлт етіп ақ алмастың жүзіндей,
Жүрмесек біз бұл дүниеде кім елер?!

Мәңгүрт болып мал бағумен күні өткен,
Өтті заман, өттік тұман-түнектен.
Енді, халқым, намысыңа қайралып,
Өртене біл елді сүйген жүрекпен.

Жер-Анаға
құйғанда Күн-шұғыла,
Шомыл сен де Көктәңірдің нұрына.
Туған елді, туған жерді сүйетін –
Үміт артқын өр мінез қыз, ұлыңа.

Қалар болсаң қапияда жасып сен,
Кеше қоймас қайран Дала ашық, кең,
Өзгелердің бопсасында кететін,
Қатар қонба екіжүзді, пасықпен.

Ерлігі ерен халқыма мен ғашық ем,
Сен мен үшін баға жетпес асыл ең.
Қаратауға сүйенгендей сүйенсем,
Көкте қыран, жарқылдаған жасын ем.

Жаманатқа қимасам да тегінде,
Оралады небір ойлар көңілге.
Жарқылдап шық мынау жаңа өмірде,
Жайбарақат жүретұғын жөнің не?

Ей, қазағым, еңсе тікте, көтеріл,
Баста алға мәрт боп туған бекем ұл.
Қатар тұрсақ сын сағатта бас қосып,
Кеуде ұрғандар айыл жияр нешебір!

Тіршіліктен не пәтуа тым-тырыс,
Керек қазір келер күнге ұмтылыс.
Туған елдің қамын ойлап дәл бүгін,
Санамызда жасалық бір сілкініс!

                                       9.12.92

   Сұңқарлар жас болмайды

«Тезірек ұшып-үйренуі үшін балапанды мерзімінен бұрынырақ ұядан қуу керек»                                                                                                            Ағылшын нақылы

«Адам болатын бала жас болмайды»
     Қазақ даналығы

Толғанайын, толғайын,
Толысып тұрған ұрпаққа
Толымды сәлем жолдайын,
Тамыры терең зәузатқа
Татымды тілек арнайын.
Сөйлегім келді шешіле,
Көкірегім нұрға малынып,
Заманның ерсек көшіне,
Ауырмас жүрек қабынып.
Туған жердің төсіне
Жұлдыз боп тұрсақ жағылып.
Жастардың уәжі осындай
Жарқырап туған маңдайы.
Тектіден тұяқ-асылдай
Сөнбейтін шырақ-шамдайы.
Түйсініп тұрса тереңнен
Бабадан қалған әуезді,
Өлеңнен жақұт терем мен
Көргенде кесек мінезді.
Көңілім кетер марқая,
Сөйлеймін сонда шалқая,
Қазақтың озса баласы,
Желетін мен бір желмая.
Әкелер жолын қуа алған,
Ерлікке белін буа алған,
Өнерден озып өзгеден,
Білімге жанын суарған,
Мен бір жүрген Қыдырмын –
Жастарды көрсе қуанған.
Соларды көріп мастандым,
Шарпып бір соқса жас толқын,
Алынбас бар ма асқар шың?
Шуағы қандай бойыңа
Ашылып тұрған аспанның,
Келеді ойға жолдары
Жазылар жаңа дастанның.
О, жастарым, жастарым,
Дәуірі бірге достарым!
Сілкінелік қанатты,
Серкелер сұңқар санатты.
Ұшарсыңдар ұшпаққа
Ұштасаңдар талапты.

Тегінде Тәңір ұнатпас
Жалқау менен масылды,
Көзіңдегі бұлақты аш,
Көрмекке ғажап ғасырды!
Туып тұр сенің Уақытың,
Қонып тұр сенің бақытың.
Тура жолдан айныма,
Нөсерлесін шабытың.
Құйқылжытып төге біл,
Өмір сүріп, өне біл.
Қиядан шолып ғаламды,
Сұңқар құсап көре біл.
Туған жер мен ел үшін
Бойдағы күшті аяма,
Өркенді болсын өрісің,
Өмірлік болсын жеңісің,
Өрлеген кезде қияға,
Шапағат шашып ұяңа,
Жұртыңды ал бүкіл саяңа.
Қарақан басты қамдама,
Күнкөріс жайын таңдама.
Ел-жұртым деп еңірер,
Қабырғасы сөгілер-
Ерек туған жан ғана.
Тоқмейілсіп тегінде,
Тірлік кешпе алдана,
Жасындай жанып көгімде,
Жебеушің болсын маң дала!
Адам боп келсең өмірге,
Адамзат жүгін арқала!
Самғаған сайын шарықтар
Сұңқар сынды құс болар,
Болса да қанша алыптар –
Жер шарында халықтар:
Сұңқарлы елде сұс болар,
Сұңқар болса ұланы,
Сенімді, сақ, қырағы,
Қайрат қайтпас, күш толар,
Сұңқарлардың ұрпағы –
Салтын биік ұстанар.
Қанаты қалса қайрылып,
Қайтпайды оның айбыны.
Сұңқарды сұңқар тастамас –
Мәрттігімен әйгілі.
Болмайтын мүлде бақталас,
Бір-біріне сайлығы –
Текті құстың байлығы.
Тағылым солай тараған,
Ұрпағын тегіс аздырмай,
Тұлпардай түгел жараған.
Семсердей жүзі жалаңдар,
Ертеңін елдің бағамдар,
Ертеңіне елдің алаңдар —
Ерек туған есті ұлан,
Сендерге берер бағам бар!
Мынау заман – құт заман,
Адасады ұқпаған.
Алға асады ләйім
Арманы асқақ мықты Адам!
Сендердің туды күндерің,
Қия-шыңнан гүл терің!
Жағады менің жаныма
Сұңқардай отты түрлерің,
Саңқылдаған үндерің.
Санадан кетпей сүйікті ел,
Самғауың болып биіктер,
Бермеңдер басын жүлденің.
Ырыстарың мол болар,
Қайда да жолды оңғарар:
Бір Алла, Бекет-Пірлерің!

                           1996 жыл

   Рухсана

Мен – қазақпын! Қазақ – менің ой-санам,
Жыр толғасам, қазағыма ой салам.
Қазақ десе, қайсармын мен, өжетпін,
Қазақ десе, қай жауыңнан тайсалам?!

Қазақ десе, жүрек жұтқан батыр мен,
Қазақпын мен, қай халықтан хақым кем?!
Мынау жатқан шалқар дала көсілген,
Егіз дер ем қазақ атты атыммен.

Мен – қазақпын, қазақ менің есімім,
Қанға тарту, арға тарту кесімім.
Ұлы Тұран, Түркістаным, Алтайым,
Мақтан етсем тарихымды несі мін?!

Мен ғашықпын туып-өскен еліме,
Орман-тауым, кәрі Каспий көліме.
Үш жүз алпыс әулиенің мекені –
Маңғыстауым – қасиетті жеріме.

Беу жүрегім, толқындайын тулаған,
Бақыт үшін жаралған ғой бұл ғалам.
Елім десе өртенеді өзегім,
Елім десе, Күн секілді нұрланам.

Мен – Қазақпын! Жұбан солай жырлаған,
(Жұбағаңнан жайым жоқ сөз ұрлаған).
Мен тәуелсіз ғұмыр кешіп қоғамда,
Көңілімнен көшкен сынды мұң-налам.

Көңілім қош, бірақ жаным тағатсыз,
Көңілім қош, бодандықтан азатпыз.
Бірақ мүлгіп ұлттық рух-санамыз,
Қарын қамын күйттеуліміз қазақ біз.

Елім деген ерің қайда ежелгі,
Найзалары қас-дұшпанға кезеулі.
Жемқорлықтың жемсауына жұтылған,
Рух өшкен, сана селкеукез енді.

Ел қамынан ерек тұрса бас қамы,
Бұл қазақты нағыз қара басқаны.
Баба-жердің қазынасын бөлшектеп,
Кімге керек шірік байдың тасқаны.

Кімге керек бостан-босқа көлгірсу,
Ел байлығын шашып-төгіп еркінсу…
Ұлттық рух, санасы әсте көмескі,
Бұл қазақты оңай емес серпілту.

Қайрап өткен заманында Абай да,
Беу, қазағым, тозып кетпе, абайла.
Тілің, ділің, дінің менен дәстүрің,
Санамызға сіңу керек қалайда.

Босбелбеуге бұл пәниде кім сенер,
Батыр кеуде басты тігіп белсенер…
Рухымыз асқақ түсер әманда,
Елдік мүдде санамызда жүрсе егер!..

Осылайша әр жүрекке от қойдым,
Көңілім пәс, болса-дағы жоқ қайғым.
Оянса деп елдің рух, санасы,
Рухсана деп немереме ат қойдым.

Өсе берші, өркенім боп, Рухсана,
Мен өзіңді жырға қостым мақтана.
Елің менен жеріңді сүй, қарағым,
Атаңның бір ізгі үміті ақтала…

                           тамыз 2015 жыл

   Cанаңды биле!

Өмір заңын, ұлт дәстүрін біл, сақта,
Есті болсақ: қайда жүріп, тұрсақ та.
Шарананың санасына сәуле сеп,
Жатқанында ойға батып құрсақта!
Санаңды биле!
Сөйлейміз-ау кейде желдей есіп те,
Есті болсақ, қажет емес бөсіп те.
Балапанды жөргегінен баулиық,
Жатқанында мың толғанып бесікте!
Санаңды биле!
Балаларға бала күннен тер төк те,
Бақыт деген – өнер, білім, еңбекте.
Жас ұрпақтың ашу керек зердесін,
Отбасында, ортасында, мектепте.
Санаңды биле!
Ұлы өмірге батыл қадам басқасын,
Түсе берер әлі талай басқа сын.
Көкірегің ояу болса елжанды,
Маған мәлім бұл сынақта саспасың.
Санаңды биле!
Ең жаманы бұл пәниде аңғырттық,
Бойкүйездік, жалқаулық пен салғырттық.
Бәрінен де ел, жер жайын ойламай,
Қара басын күйттейтұғын мәңгүрттік!
Санаңды биле!
Сағым қуған сабаз болма желөкпе,
Туған елге жарай біл сен керекке.
Ата-баба рухыңа дем беріп,
Қиналғанда Құдай келер көмекке!
Санаңды биле!
Ал құдайшыл болсаң егер жүректі ій,
Адамзатқа адамгершіл тілек құй!
Ұлы ғалам ізгіліктен жаралған,
Ұлы өмірден ақылменен түйін түй!
Санаңды биле!
Ешкімге де айтпа ешқашан өкпе бір,
Өзге жанды өзеуреумен сөкпе бір.
Әр адамды сын тезінен өткізіп,
Ұлы Тәңір құдіретті Көкте тұр!
Санаңды биле!
Әлдекімнің бопсасынан азат бол,
Күйкі тірлік – ер жігітке мазақ сол.
Кеудесіне елдік Намыс орнаған,
Нар мінезді, текті туған Қазақ бол!
Санаңды биле!
Сілкінгенде ұлттық рух-санамыз,
Сілкінеді сонда Ұлы Даламыз.
Сілкінеді үш жүз алпыс әулие,
Сілкінеді аруақты Бабамыз!
Санаңды биле!
Сонда ғана сөйлер едім мақтана,
Сапалы ұлт боп қалыптассақ тек қана…
Мықты болсақ, жұдырық боп жұмылып,
Мықты болсаң, заман жүгін арқала!
Санаңды биле!

                  желтоқсан 2018 жыл.

Ғалым ӘРІП

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз